Мереке

…Кеудемді мақтаныш кернейді

Марат ҚОЙЛЫБАЕВ,

Ақтөбе облысы бойынша «Ауған соғысы ардагерлері» қауымдастығының төрағасы:

— Астана — ғылым мен білімнің, өнер мен мәдениеттің қаласы. Ел болашағының негізі қаланатын, тұтас қоғамның жаңаруының символына айналған жасампаз шаһар. Арман қалаға барған сайын сәулетінің сұлулығына тамсанып қайтамын. Астананың сәулеттік келбеті бейнебір уақытпен жарысқандай тез өзгеріп, көкпен таласқан жаңа ғимараттар, пошымы бөлек құрылыстар бой түзеп жатыр.

Шетелдіктер де Астананың сәулетіне қатты қызыға қарайды. Осыдан төрт жыл бұрын Астанада күрестен әлем біріншілігі өткен болатын. Сонда Ресейдің Тыва елінен келген палуанмен сөйлескенімде ол аз уақыттың ішінде көркейіп, гүлденген Астананың сәулетті келбетіне таңданысын сөзбен жеткізе алмады. Елордада өтетін халықаралық спорттық додаларға барған сайын әлемнің түрлі елдерінен келетін спортшылар Астана туралы осындай пікірлерін айтып жатқанда кеудемді мақтаныш кернейді.  Осындай еңселі ордамыз бар біздің ұрпақ бақытты.

Еңселі Елорда «ЭКСПО-2017» көрмесі сияқты әлемдік деңгейдегі іс-шараларды лайықты өткізе алатын орталық ретінде қалыптасты. Аталған көрмеде астанамыз төрткүл әлемге өзінің ең үздік технологиялық, ғылыми, мәдени жетістіктерін айқын көрсетті.

Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор деп санаймын. Жасампаздықпен қалыптасып келе жатқан Астананың 25 жылдығымен барша қазақ елін құттықтаймын! Бас қаламыз жасай берсін, жаңара берсін!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button