«Үніңнен айналайын бұзылмаған!..»
Төріне домбырасы ілінбеген қазақ шаңырағы жоқ шығар. Қазақтың өмірінде маңызды орын алатын ұлттық музыка аспабы туралы ақын-жыршылар талай шығарма арнаған. «Нағыз қазақ — қазақ емес, Нағыз қазақ — домбыра!» дейдіҚадыр Мырза Әли. Ақын Мұқағали: «Өсірген өнерімді Қызыр бабам,Үніңнен айналайын бұзылмаған!» деп,қаламынан кейін қайғы-мұңын қолындағы домбырасына шерткен…
2018 жылдың 12 маусымынан бері елімізде шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні ретінде аталып өтіледі.Мереке ұлттық мәдениетті сақтау және жандандыру идеясы айналасында қоғамды біріктіру, одан әрі нығайту мақсатында бекітілген болатын.
МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ДОМБЫРАЛАР
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған домбыралардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар.
Музейдегі ағаш бұйымдарының ішінде музыкалық ұлттық аспаптар коллекциясының үлкен шоғыры орналасқан. Қазақ халқының музыкалық аспаптарының негізінен көпшілік бөлігі ағаштан жасалатыны белгілі. Солардың ішінде сонау көне замандардан қалпын жоймай сақтап келе жатқан домбыратүрлері музей қорында сақталған.
Домбыра — қазақ халқының шекті, көп пернелі ұлттық саз аспабы. Шеберлер домбыра жасауға үйеңкі, алма, алмұрт, долана, өрік сынды ағаштарды пайдаланған. «Жұмсақ ағаштан жасалған домбыраның дауысы шықпайды» деп, қарағай, қарағаш, балқарағай сияқты тығыз ағаштардан да шауып жасаған. Қазақ домбырасы, негізінен, екі не үш ішекті болған. Оның басына ішек бұрайтын екі құлақ, кіші тиек орнатылады. Шанақ бетінің ортасынан әртүрлі — дөңгелек не үш бұрышты дыбыс ойығы жасалады. Домбыра шанағының сыртын оюлап, сүйектеп те көркемдейтін болған. Кейде домбыра мойнының бет жағы, құлақтары түгелдей сүйектеледі. Домбыра шанағы әртүрлі формада — бірде сопақ, бірде үш бұрышты, енді бірде түзу бұрышты болып шебердің қиялына қарай жасала береді.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі қорындағы домбыралардың дені —жекелеген әнші, күйшілердің өздері тұтынған домбыралары. Солардың қатарында музей экспозициясынан орын алған қазақ күйшілік дәстүрінің өзіндік мектебін қалыптастырған Қазанғап Тілепбергенұлының жеке тұтынған домбырасының көшірмесі бар. Домбыраның түпнұсқасы Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлт аспаптар музейінің қорында сақтаулы. Көшірмесін 2019 жылы алматылық домбыра жасаушы шебер Бақытжан Ділмановтапсырыспен жасап берген-ді. Бақытжан ұста — Ықылас музейінің қорындағы домбыралардың көшірмелері мен қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген шебер-домбырашы.
Қазанғап Тілепбергенұлының күй мұрасын насихаттаушы шәкірттері Б.Басығараевтың, А.Шәріповтің, Б.Сарыбаеваның, Момын Байғаниннің өздері ұстаған домбыралары, белгілі сатирик, жазушы Үмбетбай Уайдиннің, қазақтың тұңғыш генерал-лейтенанты Жансен Кереевтің домбыралары да музей қорында сақталған. Сонымен бірге шебер Қ.Басшиннің қолынан шыққан домбыраның жасалу формасы өзгеше. Бұл домбыраның бетқақпағы жеті қырлы етіп жасалған. Қақпағындағы ойығынан бөлек төрт кішірек тесіктер түсірілген. Домбыраның қақпағы қызыл сырға боялған.
Бүгінде облысымызға белгілі шеберлер Ерқосай Әбілов, Құтым Қасенов жасаған домбыралар да музейде сақтаулы.
Музей қорында сақталған домбыралардың қатарында шанағы өрнектермен безендірілген қалақша домбыра сақталған. Бұл домбыра 1991 жылы қала тұрғыны Б.Нұрымбаевтан қабылданған. Үсен (тегі белгісіз) деген шебер жасапты. 19 пернелі домбыра ағаштан қалақша пішінді етіп жасалған. Домбыраның мойны шалқақ, құрама және шабу тәсілімен, бетқақпағы жұқа ағаштан жасалған, басы мен мойны тұтас ағаштан шабылған.Домбыраның шанағына салынған өрнектер ерекше көз тартады. Шанағы тегіс шабылып, шанақ бетіне оймыштау тәсілімен мүйіз өрнектері түсірілген және шанақтың ортасына шеңбер ішіне арабша «1988» деп жазылған. Домбыраның шанағы мен бетқақпағын қосып тұрған бөлігінде де мүйіз өрнектері түсірілген. Домбыраның ұзындығы — 92 см, ені — 23 см шамасында.
Қалақ домбыраның қатарында шебер Жетес Жәмековтің жасаған домбырасына тоқталуға болады. Домбыра тұтасымен ағаштан шабылып жасалған. Шанағында ою-өрнектер бедерленген. Ұшар басындағы өрнектер де ерекше бедерленген.
Тағы да бір қазақ қолөнерінің ерекше туындысы — сүйек ұқсату әдісімен жасалған домбыра музей қорында сақтаулы. Ойыл өңірінен шыққан ағаш шебері К.Жилибаев (Қ. Жылыбаев болуы мүмкін) жасаған сүйектелген домбыраны музей қорына 1968 жылы Несібелі Жилибаева тапсырған.
Н.Сұлтанов деген шебер жасаған сүйектелген үкілі домбыраның да пошымы ерекше дайындалған. Аспап ХХ ғасырға жатады. Музей қорына №511 экспонат болып тіркелген.
Бекнар ЕСІРКЕПОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің жалпы тарих, археология және
этнография ғылыми-зерттеуді
қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі.