Басты жаңалықтарЖеңіс

Ерлік парақтарына айналған жылдар

Сарғайған газет беттерінде қалған естеліктерге үңілсек, Ақтөбе өңірінде 1941 жылғы маусымның басы жылы, жаңбырлы болыпты. Мол астық пен алдағы қысқа жеткілікті жемшөп әзірлеп алудан үмітті шаруалар бұл күндерді екі есе еңбекпен өткізген. Айдың ортасында күн күрт ысып, жұртты уайымға салыпты.Ал аз күннен кейін одан да зор уайым, қасірет пен қиындық келерінен ешкімнің хабары жоқ еді…

Қарапайым халық соғыс хабарын 23 маусымда есітті. Осы күні жер-жерде жиындар өтіп, фашистік Германияның соғыс жарияламастан, Кеңес Одағының территориясына басып кіргені жөнінде хабар таратылды. Содан бастап-ақ әсіресе жастар мен партияның жауапты қызметкерлері өз еркімен майданға баруға сұрана бастады. Айталық, сол тұста облыста 8,3 мың коммунист болған болса, соның 67 пайызы, яғни 5563 адам соғыстың басында-ақ армия қатарына алынған.

Ал майданға аттанған ақтөбеліктердің жалпы саны, оның ішінде наградталған, сондай-ақ соғыстан қайтпаған жауынгерлердің саны жөнінде әртүрлі деректер келтіріледі. Мұның себебі сол кезеңнің ерекшеліктеріне байланысты болса керек: жергілікті халықтың басым бөлігі ашаршылықта өліп, түрлі қуғын-сүргіндер салдарынан босып кеткендіктен, ауыл шаруашылығы, өндіріс, білім беру, т.б. салаларға КСРО-ның әр түкпірінен еңбеккерлер мен мамандар шақырылған. Олардың кейбірі Ақтөбе жерінде 2-3-ақ жыл тұрып, майданға аттанған уақыты сол жылдарға сәйкес келіп, ал соғыстан кейін қайтып оралмаған: қаза тапқан не басқа жаққа қоныс аударған. Сондықтан тіпті Кеңес Одағының Батыры атағын алған ақтөбеліктердің санының өзі әр жылдарда әртүрлі айтылады.

Кейбір деректер бойынша 1941-1945 жылдардағы соғысқа 122 мың ақтөбелік  жауынгер қатысқан. Оның 87 116-сы майдандағы ерлігі үшін Кеңес Одағының түрлі наградаларына ие болды. Қан майданнан оралмаған боздақтардың саны —15,5 мың адам.

Аңызға айналған ару

1941-1945 жылдардағы соғыста көрсеткен айрықша ерлігі үшін 36 ақтөбелік жауынгерге Кеңес Одағының Батыры атағы берілсе, 8 адам «Даңқ» орденінің толық иегері атанды. Олардың ішінде Мәлкеждар Бөкенбаев, Константин Губин, Қожабай Жазықов, Михаил Прохоров, Александр Гришин, Сәрсенғали Ешбаев, Николай Папилов, Шамсутдин Рафиковтер соғыстан кейін Ақтөбе жеріне оралып, түрлі салаларда жемісті еңбек етті.

Ал Ідіріс Үргенішбаев, Әлия Молдағұлова, Николай Терещенко, Леонид Шиловский, Василий Синчук, Иманғали Білтабанов, Абдолла Жанұзақов, Сергей Вавилов, Александр Гуцало, Федор Озмитель, Михаил Кошелов сынды жерлестеріміз майданда ерлікпен қаза тапты.

Ақтөбенің батыр ұл-қызының арасында әсіресе Әлия Молдағұлованың даңқы алысқа жайылды. 18 жасында қан майданда қаза тапқан қаршадай қыздың ерлігі жөнінде сандаған естеліктер, жыр-дастандар, мақалалар, кітаптар жазылды. Туған жерінде, облыс орталығы Ақтөбе қаласында, Алматыда, Мәскеуде, Петербургте, Ресейдің Псков облысында оған арнап ескерткіштер қойылды. 1985 жылы «Қазақфильм» киностудиясы Әлияның ерлігі жөнінде баяндайтын «Мергендер» атты көркем фильм түсірді. Әлия ерлігі ұрпақтар жадында ұлттың асқақ рухының айғағы, мәңгілік мақтаныш ретінде орнықты.

Жеңіс десе, Ақтөбе алдымен Әлиясын еске алатын болды. Бүгінгі мақаламызда біз де Әлия туралы оның ерлігін жоғары жаққа баяндап, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы құжатқа қол қойған Н.Уральскийдің естелігінен шағын үзінді беруді жөн көрдік.

Айта кетелік, Николай Уральский — 319-атқыштар дивизиясының 1943-1944 жылдардағы командирі. Өзінің естелігінде ол Әлиямен алғаш кездескен сәтін еске алады: «…Штаб кезекшісі қыздарды қатарға тұрғызып, маған хабарлады.

Мен оларды сапта тұрған қалпында бір шолып шығып, әрқайсысының қолында табельдік қаруы — тіпті қосалқы құралдармен жабдықталған мергендік винтовкалары бар екенін аңғардым. Сөйтсем, бұл қарулар — Орталық комсомол комитетінің мергендер мектебін бітірген қыздарға жасаған сыйлығы екен. Айтары жоқ, жақсы сыйлық, ең бастысы — дер уақытында берілген сыйлық. Менің алдымда майданға еш қобалжымай кіруге бекінген команда тұрды.

Саптың соңында ап-арық, сүйкімді қыз тұр. Құдды жасөспірім дерсің. Қолындағы қаруының өзін оңайлықпен көтере алмас. Мен оны аяп кеттім. Штаб бастығына кімді қайда жіберу керектігін айтып тұрып: «Ефрейтор Молдағұлованы асханаға немесе санбатқа жіберіңдер», — дедім.

— Олай болмайды, жолдас полковник. Мен асханаға бармаймын, — дедіқыз.

Осы жерде сөзге штаб бастығы килікті:

— Ефрейтор,полковникке қарсы шығу арқылы Жарғыны бұзып тұрғаныңызды білесіз бе? Соғыс кезінде бұйрықты орындаудан бас тартып тұрсыз ғой? Жалпы, сіз Жарғымен таныссыз ба?

— Дәл солай, біз Жарғыны оқыдық, мен одан «бестік» баға алғанмын, — деді ефрейтор. —  Алайда мен майданға картоп аршу үшін жіберілген жоқпын, мен фашистердің көзін құртуға келдім. Сол үшін Орталық комитет маған өз атыма жазып, қару берді. Ал жеке қаруымды мен ешкімге, тіпті сізге де ұстата алмаймын.

— Мінеки, сіз қандайсыз? — дедім мен дағдарыңқырап.

— Иә, осындаймын, — деді де, ол да арғы сөзін сасқалақтай жалғады: — Бізде бәрі осындай…

— «Бізде» дегеніңіз сонда — қай жақта? — деп сұрады штаб бастығы.

— Қазақстанда…»

 Жауға аттанған жасақтар

КСРО Жоғарғы Кеңесі төралқасының Жарлығына сай 1941 жылғы 23 маусымнан бастап елде бүкілхалықтық әскерге шақыру жарияланып, жер-жерде әскери құрылымдар жасақтала бастады. Соның ішінде Ақтөбеде 312-атқыштар дивизиясын құру ісі қолға алынды.

Сол жылғы тамыз айының басында дивизия толығымен жасақталды. Тізім бойынша оның құрамында 11 347 адам болды. Олар — негізінен, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы), Орал (қазіргі Батыс Қазақстан), Гурьев (қазіргі Атырау), Қызылорда облыстарынан шақырылған және 1908-1918 жылдар аралығында дүниеге келген азаматтар. Дивизия көпұлтты болғанымен, басым бөлігі қазақтар, орыстар мен украиндар еді. Қазақтардың үлесі  31,34 пайыз немесе 3556 адам болды.Дивизия командирі полковник Александр Наумов Ақмола облысының тумасы болатын.

1941 жылғы 17 тамызда дивизияның барлық командирлері мен жауынгерлері әскери ант беріп, келесі күні майданға аттана бастады.

312-атқыштар дивизиясы Солтүстік-Батыс майданға қарасты 52-армияның құрамына алынып, бастапқы айларда майданға жіберілмей, дайындықтан өткен.

Қазан айының басында дивизия жауынгерлері Мәскеу бағытындағы Можайск қорғаныс шебінің Малоярославл әскери учаскесінің бөлімдерінде қорғанысқа бекіді. Ал А.Наумов осы Малоярославл әскери учаскесінің бастығы болып тағайындалды.

Дивизия, соның ішінде 1083-атқыштар полкі 11 қазаннан бастап майданға кірді. Шын мәнінде, жалпы ұзындығы 60 шақырымнан астам қорғаныс шебіне бекінген дивизияның бөлімдері бір-бірінен алшақта, радиобайланыспен де қамтылмай, яғни әрқайсысы өз алдына бөлек құрылым секілді, қиын жағдайда қалған еді. Жауынгерлердің бір бөлігі тиісті әскери дайындықтан да өтпеген. Қару-жарақ та жеткіліксіз. Сондықтан мұздай қаруланып, тіпті көктен бомбалап жатқан жауға тең дәрежеде қарсылық көрсету мүмкін болмады. Кескілескен ұрыстарға қарамастан, 14 қазан күні кешкілік1083-полк жауынгерлері кейін шегінуге мәжбүр болды…

Бұл күндері Наумовтың басты үміті артиллерия еді. Дивизия құрамындағы 859-артиллериялық полк, расында, алғашқы тәуліктерде жауды едәуір шығынға ұшыратып, алға қарай жібермеді. Алайда 16-17 қазан күндері олар тұтастай қоршауда қалды, тек санаулылар ғана қоршаудан аман шыға алды…

Ал 1081-атқыштар полкін фашистер Детчино деревнясының маңында қырып салды. Детчинода жауға жанқиярлықпен ұмтылған 2830 жауынгердің тек 100-ге жуығы ғана тірі қалған. Олар жаудың 12 мың жаяу әскері мен ондаған танкіне қарсы тұрған еді…

Корсаково деревнясының маңында өткен ұрыстарға қолына қару алып, Наумовтың өзі де қатысқан. Бұл жерде дивизияның аман қалған жауынгерлері, соның ішінде 1079-атқыштар полкінің екі батальоны жауға барынша қарсылық көрсетіп, тіпті олардың екі ротасын тұтқынға түсірген.

Қазан айының соңында дивизияның бұрынғы құрамынан 20-25 пайыз адам ғана қалған еді. Мәскеу бағытында жауды бөгеу үшін болған ұрыстарда 9,5 мың адамынан айырылған 312-атқыштар дивизиясы 1941 жылдың 27 желтоқсанында ресми түрде қайта құрылымдалып, аман қалған бөлігі басқа дивизиялармен біріктірілді.

Сондай-ақ соғыс жылдарында Ақтөбеде 101-дербес атқыштар мен 74-дербес теңіз атқыштар бригадасы да жасақталды.

Орта Азия әскери округі аумағында 100 және 101-атқыштар бригадаларын құру туралы құжатқа 1941 жылдың 27 қарашасында қол қойылған. Соған сай 101-атқыштар бригадасы 1941 жылдың 5 желтоқсаны мен 1942 жылдың 1 мамыры аралығында жасақталды. Оның құрамында 3 804 адам болды. Жартысынан астамы қазақтар еді. Бригада құрамына жауынгерлер Ақтөбе, Гурьев, Орал Қызылорда облыстарынан шақырылды. Командирі — Севастьян Яковленко.

Осы атқыштар бригадасының құрылуына орай Ақтөбеде өткен жиынға Нұрпейіс Байғанин шақырылып, жыр айтқан, ал Мәскеуден кеңес заманындағы атақты әскербасылардың бірі К.Ворошилов келіп қатысқан.

Бригада майданға 1942 жылдың қазанында жіберіліп, 39-армияның құрамына алынған. Бұл армия Калинин майданында Орталық Ресей мен Белоруссияны жаудан азат етуге қатысты. 1942 жылдың қараша айы мен 1943 жылдың ақпаны аралығында бригада жауынгерлері  2,5 мың фашистің көзін жойып, жаудың 25 дзоты мен 13 пулеметін жоқ қылған.

1944 жылы бригада қайта құрылымдалып, аман қалған жауынгерлер 47,90-дивизиялардың құрамына жіберілген.

74-дербес теңіз атқыштар бригадасы 1941 жылдың қазан айында жасақталған. Оның құрамында Каспий теңізі әскерінен 1000 адам алынып, олардың қатары республиканың түкпір-түкпірінен шақырылған 2 мың ерікті жауынгермен толықтырылған. Бригаданы жасақтау жұмыстарымен айналысқан штаб Ақтөбедегі №14 мектептің ғимаратында орналасқан. Бүгінгі күні 74-дербес теңіз атқыштар бригадасы жауынгерлерінің ерлігін мәңгі есте сақтау мақсатыменаталған мектепте мемориалды тақта орнатылып, музей ашылған.

Тылдан жиналған көмек

Елде қалған қарттар мен әйелдер ең алдымен, майдандағы жауынгердің қамын ойлады. Жау саны жағынан ғана емес, қару-жарағы, техникасы жағынан басым еді. Ал кеңес жауынгерінің қолына алғашында ескі қару мен санаулы оқ қана берілді…

Сондықтан тылдағы жұрт армияны жабдықтауға да барынша атсалысты. Мысалы, 1942 жылдың соңында қазақстандықтар «Қазақстан колхозшысы» танк колоннасын жасап шығаруға қаржы жинай бастады. 1943 жылдың 2 қаңтарындағы мәлімет бойынша танк колоннасын жасауға ақтөбеліктерден жиналған қаржы 11 миллион 83 мың сом болған. Арнайы қорға үзбей қаржы аударылып жатты: Ырғыз ауданы «Темірастау» колхозының төрағасы Үсен Нұрымбетов — 110 мың сом; Степной ауданы «Жаңажол» колхозының есепшісі Жұмабаев — 40 мың сом; Мәртөк ауданының «Степной пахарь» колхозының малшысы Клавдия Муханкина 25 мың сом қаражатаударған, т.б.

16 қаңтарда ақтөбеліктерден жиналған қаржы 17 миллион 4 мың сомға жетті.

Көне жыраулардың тұяғы, халық ақыны Нұрпейіс Байғанин де майданға көмек жіберу ісіне белсене араласқан. Жасы 82-ге қараған ақын ел аралап, жұртты қорғаныс қорына үлес қосуға шақырыпты. 1941 жылы 17 қараша мен 28 желтоқсан аралығында ол осы мақсатпен Жұрын, Темір, Байғанин аудандарында кездесулер өткізген.Соның нәтижесінде қорғаныс қорына 42 мың сом көлемінде қолма-қол ақша және 16 мың сом көлемінде бағалы қағаз түріндегі қаржылай көмек жиналған. Одан бөлек, майдандағы жауынгерлерге 150 пұт астық, 4 қой мен 4 сиыр, жылы киім-кешектер тапсырылған екен.

Кейбір деректер бойынша 1941-1945 жылдарда қазақстандық еңбекшілер  қорғаныс қорына және түрлі әскери техника жасап шығаруға1,8 миллиард сом көлемінде қаржы жинаған.

Туған жерде өнген дақыл

Тылдағы еңбеккерлер тек өз күнкөрістері ғана емес,майдандағы жауынгерлерді ас-су, киім-кешекпен қамту үшін де бұрынғыдан 2-3 есе артық еңбек етуге тырысты. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ КСРО халқы әр аптаның соңындағы демалыс күнінен бас тартқан.

Бұл жылдардың бар бейнетін күш-қайраты кеміген қарттар, нәзік иықты әйелдер мен буыны бекіп, бұғанасы қатпаған балалар көтерді.1943 жылы облыста 28 әйел қолхоздың, 68 әйел ауылдық кеңестің басшысы болып еңбек етті. Сондай-ақ 138 әйел егіс және трактор бригадаларын, 455 әйел мал шаруашылығы фермаларын басқарды.

Майданға кеткен азаматтардың орнын басу үшін қыз-келіншектер аз уақыт ішінде жаңа мамандықтарды игерді. 1942 жылы облыстың шаруашылықтарындағы барлығы 3913 механизатордың 3113-і қыз-келіншектер еді. Ақтөбе темір қорыту зауытында 33 әйел металлург мамандығын игеріп, 47-сі электр пештерін басқару пультіне тұрды, ал 80-нен астам әйел балқытушы болып істеген.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» ұранымен өмір сүрген тылдың да өз қаһармандары, өз батырлары бар еді. Бұл жылдары Ақтөбе өңірінен, әсіресе Шығанақ Берсиевтің аты бүкіл одаққа, тіпті әлемге танылды.Ол 1941-1943 жылдар аралығында тары дақылын өсіруден әлемдік рекордты үш мәрте жаңартты. 1941 жылы Шығанақ Берсиев өзінің тәжірибелік жер аумағында гектарынан — 166 центнер, 1942 жылы — 175 центнер, ал 1943 жылы 201 центнер өнім алды. Диқанның бұл табысы облыста берсиевшілер қозғалысына ұласты. Соғыс жылдары облыстағы әр шаруашылықта берсиевшілер звеносы немесе бригадасы құрылып, олар өсірген «ақ тарының» даңқы алысқа жайылды.

Тағы бір жерлесіміз — Темір ауданындағы «Қопа» колхозының жылқышылар бригадасын басқарған Сейсембі Дәуғарин соғыс жылдарында майданға армия қажеттілігі үшін 300 жылқы жөнелтті. Сондай-ақ Украинаның азат етілген аудандарына шаруашылық қажеттілігі үшін тағы 100 жылқы жіберген.

1947 жылы желтоқсанда Ақтөбеде өткен VII облыстық партия конференциясында «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен 26 310 адамның наградталғаны, соның ішінде ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында еңбек ететін 577 адамның түрлі орден-медальдармен марапатталғаны туралы дерек келтірілген.

«Шаттықтан өткелі жоқ, қаптады сел»

1945 жыл, 9 мамыр. Жұртшылық жеңіс хабарын радиодан есіткен. «Ақтөбе ферросплав заводының тұрғындар қалашығында радиодан Жеңіс хабарын естігеннен кейін ешкім де ұйықтаған жоқ. Көшелер лезде-ақ қуанышқа бөленіп, бірін-бірі құттықтаған адамдарға толып кетті. Тұрғындар қалашығынан заводқа баратын барлық жол сағат 6-7-лерде митингіге асыққан адамдарға толы болды.

Заводтың директоры Нахибин ферросплавшыларды Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталуымен құттықтады.

Ферросплавшылар коллективі бұл күні бұрын болмаған қарқынмен жұмыс істеді. Олар 9 май күні металды екі еседен астам көп өндірді», — деп жазылған баспасөз бетінде.

Ал С.Киров атындағы химия комбинатының ұжымы Жеңіс құрметіне мамыр айының жоспарын мерзімінен бұрын орындау жөнінде міндеттеме алыпты. Сондай-ақ облыс орталығында оқушылардың шеруі өткен. Ертеңгілік №11 қыз балалар мектебінің жанына жиналған оқушылар Комсомол, Карл Либнехт көшелерімен жүріп өтіп, алаңға барыпты.

Облыстық газеттің 21 шілде күнгі санына жұрындық Әмин Жұбаниязовтың «Қуаныш» атты өлеңі жарияланыпты. Ол соғыстан қайтқан азаматтарды қарсы алған елдің қуанышын жеткізген:

«Халқымның қаһарманы — қызыл ерлер,

Оралып, елге қайтты кемеңгерлер.

Қарсы алып ата-ана, аға-інісі,

Шаттықтан өткелі жоқ, қаптады сел…».

Материал қазақ және орыс тіліндегі облыстық газеттердің көне тігінділері арқылы әзірленді.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button