Жаңалықтар

Қасіретті қаңтар сабағы

Биыл қаңтар оқиғасына бір жыл толды. Осыған орай кеше ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, былтыр қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған азаматтардың рухына Құран бағыштады.

Ал ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте болған отырыста қаңтар оқиғасына қатысты депутаттар сауалына жауап беріп, бірқатар деректерді баяндап берді.

Өткен аптада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин қаңтар оқиғасына қатысты халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдардың басшылары Мәжіліске келіп жауап беруін талап еткен болатын.

«Қаңтар оқиғасы бүкіл елді дүр сілкіндіріп, бәрімізге үлкен сын болды. Бүгінде қолымызда толық мәліметтер бар. Тергеу органдары оқиға хронологиясын, негізгі ұйымдастырушыларды анықтады. Олардың ішінде жоғары лауазымды адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері де болды. Барлық қаза болғандардың кім екенін, олардың қайтыс болу себептерін зерттедік. Қару-жарақты іздеу жалғасуда. Қылмыскерлерді жауапқа тартудамыз. Олардың ішінде қызмет мүддесінде опасыздық жасап, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегендер де бар. Азаптау бойынша істерді зерттеуді аяқтап жатырмыз», — деді Берік Асылов.

Бас прокуратура былтыр болған оқиғаларды, олардың салдарын еске салу үшін Қаңтар оқиғасы туралы бейнеролик ұсынды. Бейнеролик мәліметіне сәйкес қасіретті қаңтарда еліміз бойынша 5149 адам жараланып, 238 адам мерт болған. Олардың 19-ы — күштік құрылымдардың қызметкері.

«Жаппай тәртіпсіздік барысында қаза тапқандарға ерекше назар аудару керек. Мысалы, объектілерді қорғау және лаңкестікке қарсы операция барысында 238 азамат қаза тапты, оның 41-і бұрын сотталған. Бас прокуратура тергеу барысында барлық ақпаратты қайта тексеріп, 67 азаматтың жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқанын, 142 адам терроризмге қарсы операция кезінде ерекше режимді бұзғанын, 4 адам басқа құқықбұзушылықтар барысында қаза тапқанын анықтады», — деді ол.

Сондай-ақ Берік Асылов бейбіт митинг туралы заңның барлық нормалары бұзылғанын тілге тиек етті.

«Бұл күні қасиетті Тәуелсіздігімізге орасан зор қатер төнді. Көптеген ірі қалалардың ғимараттары өртке оранып, астан-кестен болды. Басты құндылығымыз — адам өміріне қауіп төнді. Президент қабылдаған батыл қимылдар нәтижесінде ғана елге төнген қауіп-қатердің беті қайтты. Ол күндері барлық заңнама бұзылды. Өкінішке қарай, қоғамда бейбіт митинг өткізу мәдениеті қалыптаспағанын мойындауымыз қажет. Адамдар жиналып, көшеге шыққанда, бейбіт митинг туралы заңның барлық нормалары бұзылды», — деді Бас прокурор.

Оның айтуынша, ұйымдастырушылар әкімдікті хабардар етпей, алаңдарға мыңдаған адам жиналды. WhatsApp пен Telegram арқылы тәртіпсіздікке қатысушылардың жиналуы мен қозғалысын үйлестірген.

«Алматыда санаулы сағат ішінде бір топта ғана қатысушылар саны 5,5 мыңға дейін көбейді. Сол сияқты Жамбыл облысында қатардағы қатысушылар саны 4 мыңға дейін өсті. Кейін тобыр әсері орын алды. Адамдар полицияның заңды талаптарын орындамай, қарсылық көрсетті, өртеді, тонады және күш қолданды. Бұл үшін Алматыға арнайы көрші облыстардан адамдар келе бастады.

Кейін жағдай ушыға түсті. Тек бір күні — 5 қаңтарда 8 өңірде әкімдікке шабуыл жасалды. Тәртіпсіздікке қатысушылар мұны биліктің символы ретінде басып алғылары келді. 5 қаңтарға қараған түні шабуылдаушылар Алматы әкімдігінің ғимаратына басып кірді. Бір сағаттан кейін Шымкенттегі әкімдік ғимаратына шабуыл басталды. Сол күні қылмыскерлер Атырау мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің ғимаратына шабуыл жасай бастады. Шамамен сол уақытта Алматыда шабуылдаушылар әкімдікті өртеп, Президент резиденциясына қарай бағыт алды», — деді Б.Асылов.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы бойынша бүгінде 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Қазір 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Олар бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда. Тергеу нәтижесін міндетті түрде қоғамның назарына жеткізетін боламыз», — деді ол.

Оның айтуынша, Бас прокуратура арнайы прокурорлық топ аясында 720 қылмыстық іс бойынша тергеу өткізген. Тергеу барысында ұсталған 25 тұлға — экстремистік топтардың қатысушысы, 42-сі — ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушысы, 8-і — бүлдіргіш діни ағымдардың жақтаушысы, тағы 126 тұлға — бұрын кісі өлтіру, тонау және ұрлыққа қатысты айыпталып, сотталғандығы анықталды.

ҚР Бас прокуроры қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу әрекеті болғанын

айтты.

«Сөзіңіздің басында бүгін қолымызда толық мәліметтер бар дедіңіз. Қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалды ма, жоқ па? Егер мемлекеттік төңкеріс әрекеті жасалған болса, оны ұйымдастырушылар кім?» — деп сұрады Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов Бас прокурордан.

Берік Асылов қаңтар оқиғасы кезінде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті болғанын растады.

Бұл — өте күрделі сұрақ. Мұның бәрін тергеу кезінде әбден зерделедік. Әрине, мемлекет төңкерісін жасауға оқталу болды. Оны тергеу толығымен көрсетті. Қазіргі кезде бүкіл құжаттардың бәрін тексеріп, қарастырып жатырмыз. Төңкеріске оқталу алдын ала дайындалып, жоспарланған. Баяндамамда айтып кеткендей, бір жыл бұрын дайындалу кезеңдері болған.

Атап айтқанда, бұлардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері де болған. Діни экстремистер де болды, бұрын сотты болған адамдар да, «ДВК» жақтаушылары да болған. Олардың әрекеттерінен 8 қалада 71 ғимарат өртеніп, бұзылған. Ол қылмыстың бәрі ұйымдастырушылардың себепкерлігімен болып отыр», — деді ол.

Сондай-ақ Бас прокурор Мәсімовтің ісі сотта да құпия тәртіпте қаралып жатқанын еске салды.

«Ал ұйымдастуршыларға келсек, баяндамамда өздеріңізге айттым. Біріншіден, мемлекетке опасыздық жасау мен билікті басып алуға оқталу бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы мен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол қазіргі кезде сотқа жолданды. Іс, әрине, жабық және аса құпия тәртіпте сотта қаралуда. Екіншіден, осыған қоса бүгінгі күні жаппай тәртіпсіздіктің 18 ұйымдастырушысы анықталды. Қызылордада да, Алматыда да, Жамбыл облысында да сол ұйымдастырушылар арқылы көптеген мекеме бұзылып, көптеген қылмыс жасалды. Оның ішінде әсіресе Жұмагелдиевтің айрықша рөлі болды. Одан басқа діни-экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Нұрпейіс пен Тілеужанов Алматы әуежайын басып алған. Басқа мемлекеттік органдардың 71 ғимараты талқандалды. Осының бәріне нұсқау беріп отырған, әрине, жаңағы басшылар деп сіздерге толық айта аламын», — деді Берік Асылов.

Бас прокурор отырыс барысында қаңтар оқиғасына қатысты депутаттардың, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің бірқатар сауалдарына жауап берді.

Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғасы кезінде елімізде 1466 ғимаратқа шабуыл жасалғанын айтып берді.

«Полиция күштері қарулы топтардың шабуылына ұшырап, инфрақұрылымға зақым келтіргендіктен, бүкіл Алматы бойынша қылмыскерлер жаппай ойрандау мен тонауға кірісті. Мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының ғимараттары, банк терминалдары мен ақша айырбастау орындары тоналды. Тонау тек Алматыда ғана болған жоқ. Жалпы ел бойынша 1 466 ғимаратқа шабуыл жасалды. Оның ішінде 1 395-і — бизнес нысаны, 71-і —

мемлекеттік мекеме. 1700 азамат зардап шекті. Бизнес субъектілеріне келтірілген залал 100 миллиард теңге болды», — деді министр.

Марат Ахметжановтың айтуынша, Алматы қаласында 3 полиция басқармасына жасалған шабуылдардан басқа, қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерін тонап, 1440 бірлік қару ұрлаған.

«Оның ішінде 539-ы — мылтық, 813-і — тегіс ұңғылы, 88-і — жарақаттаушы қару. Бұл қару бірден аудандық полиция басқармаларына және полиция департаментіне жасалған жаңа шабуылдар барысында қолданылды», — деді ол.

«ҚазАқпарат».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button