Жаңалықтар

Ұлттық ұланның Ұланы

Қаңтар қасіреті

Былтыр 2 қаңтар күні Маңғыстау өңірінен басталған наразылық акциясы лезде Алматыда, еліміздің өзге де өңірлерінде жалғасып, соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқаны белгілі. «Қаңтар қасіреті» деген атаумен тарихымызға енген бұл оқиғаға биыл бір жыл толды. 

Елімізде алғаш рет болған мұндай қасіретті де қайғылы оқиға мемлекеттілігіміздің тұтастығына және егемендігімізге зор қауіп төндіргені айқын. Сол күндер жұртымызға Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезініп, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін жете түсіндірді.

Қантөгіс кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды бақылауға алып, мемлекеттіліктің жойылуы және билікті басып алу қаупінің алдын алды.

Қаңтар оқиғасы елді жұдырықтай жұмылдырды, мызғымас бірліктің арқасындақылмыскерлерге елімізде хаос тудыруға мүмкіндік бермедік. Қаламызды да содырлардың лаңынан сақтап қалдық. Әскерилердің елге төнген қауіпке кеудесін тосып, һас батырдай әрекет еткені де күні кешегідей көз алдымызда.

Солардың арасынан Ақтөбедегі митинг кезінде антына адалдық танытып, «мен бұйрықты орындап тұрған әскери адаммын» деген жігіттің видеосы көпшілікке кеңінен тарады. Белсенділердің өзінің қатарына қосылуға үгіттегеніне ермей, жылы жүзбен жауап берген сарбаз әп-сәтте әлеуметтік желілердің жұлдызына айналды.

…Арада бір жыл уақыт өтті. Дүрліккен халықты сабырға шақырған әскери қызметкердің өмірі аталған оқиғадан кейін қалай өзгерді?

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы №6655 әскери бөлімінің лейтенанты Ұлан Мырзабай— Алматы облысының перзенті. Жастайынан әскери адам болуды армандаған жігіт былтыр Петропавлдағы әскери институтты тәмамдаған. Қызметтік жолдамамен Ақтөбе қаласына келген ол қазір артиллериялық-зенит дивизионының взвод командирі болып еңбек етеді. Қарамағында 16 сарбаз бар.

— 5 қаңтар күні түскі уақытта әріптестерімізбен облыс әкімдігі ғимаратының алдында тұрдық. Адамдар біртіндеп жинала бастады. Әрқайсысының пиғылы әртүрлі. Кейбіреуі шынымен ел үшін жаны ашып, шын жүректен сөйлесе, енді біреуі жаман сөз айтып, теріс әрекет көрсетті. Қанша адам болса, сонша пікір қалыптасады ғой…

Көпшілікке таралған видео бойынша айтар болсам, оны кім түсіргенін де білмеймін. Өйткені жан-жағымда адамдар көп болды. Тек бір ер адамның қасыма жақындап келіп, «біздің қатарға қосыл, халықпен бірге бол» дегені есімде. Сосын жүзімнің жылы екенін айтты (күлді). Өз кезегінде мен бұйрықты орындап тұрған адам екенімді, антыма адал екенімді түсіндірдім. Бұйрықтың аты — бұйрық, оны орындау керек. Бірақ бізге, әскерилерге «жиналғандарға күш көрсет, бәрін бір жерге қамаңдар» деген пәрмен түскен жоқ. Бар болғаны «қоғамдық қауіпсіздікті қадағалаңдар, ешкім бұзақылық жасамасын» деп айтты. Біз сол бойынша жұмыс істеген қызметкерлерміз.

Менің ойымша, адам ашуланып тұрғанда оған жұмсақ үнмен сөйлеп, ең бірінші кезекте сабырға шақыру керек. Онсыз да оған оңай емес, ешкім де қараптан-қарап ашуға мінбейді ғой. Дүрсе қоя беруге, қолымда билік бар деп сес көрсетуге мүлдем болмайды. Әскери институтта оқығанда психология бойынша бізге осылай үйретті, мен соны қолдандым. Басқалардан ерекшелігім де сол шығар, әлгі видеоның тарап кеткені де сондықтан деп топшылаймын, — дейді 23 жастағы Ұлан.

Басқалардың дөң-айбатына сыпайы ғана жауап берген әскери қызметкердің бұл ісі көпшілікті тәнті етті.

Кез келген сұраққа байыппен жауап беретін елгезек жігітті көшеде танып, «сол сен бе едің?..» деп сұрақ қоятындар, арасында «жарайсың!» деп лебізін білдіретіндер кездеседі екен. Кейіпкеріміз бір жылдан бері бірнеше марапатқа да ие болған. Атап айтсақ, Ұлан биылғы маусым айында Астанада өткен республикалық патриоттар форумында«Жыл патриоты» атанған. Бұл марапатты әскери жігітке Елорда әкімі табыстады. Сондай-ақ ол жақында ғана «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы тағайындаған «ҚР жылдың үздік маманы» төсбелгісін кеудесіне таққан. Бәрінен бұрын әріптестері арасында Ұланды «біздің мақтанышымыз», «жұлдызымыз» деп құрметтейтіндердің біршама екенін осы сұхбатқа барғанда куә болдық.

— Жұмысым бірқалыпты. Видео арқылы танылғаным рас, әскери өмірде белгілібір талаптар бар, соны орындамай шен де, басқасы да өспейді. Жұрт қатарлы жалақы мен пәтерақымды аламын. Қызметтесім екеуміз пәтер жалдап тұрып жатырмыз.

Айта кетейік, Ұлан Мырзабай — әжесінің қолында өскен бала. Апасы екеуін кішкентайынан ата-әжесі тәрбиелеген. Немересінің жыл басындағы еңбегін, жалпы қызметтегі аяқ алысын бағалаған Ұлттық ұланның басшылығы Ұланның әжесі Шынар Қарабатырқызын да ұмытпай, Алғыс хат пен «Отан қорғаушының анасы»төсбелгісін тапсырған. Жергілікті атқарушы билік те кейуанаға Құрмет грамотасын табыс етті.

Ұлан бала кезінен елгезек болып өсті, айналасына қолғабыс жасауға асығып тұратын. Біреудің ала жібін аттау, алдау, өтірік айту сияқты жат қылықтардан аулақ болып өсті. Сабағын өте жақсы оқыды. Менің қолымда басқа немерелерім де бар еді. Өзінен кішкентайлардың бәріне қамқоршы аға бола білді. Әкесіне деген құрметі де ерекше. Ұлан 6-сыныпқа барғанда, оны Астанадағы «Жас ұлан» мектебіне бердім. Себебі әскери адам болуды армандады. Ұланымның осы қалауын құптапәрі жасөспірім шақта болашағына дұрыс бағыт беру жауапкершілігін түсініп, әскери мектепке жетектеп апардым. Мектепті бітірген соң Ұлттық ұланның әскери институтына түсті. Бүгінде офицер болып қызмет етіп жүр. Баламның әр жетістігі — мен үшін зор қуаныш,— деп БАҚ арқылы қуанышымен бөлісті сол кезде Шынар апай.

Айбек СЕРІКҰЛЫ. 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button