Жаңалықтар

Қаланың сәні — саябақ

Кез келген қаланың көрікті орындарын аралағанда, саяхаттың саябақтан басталатыны белгілі. Демалыс орындары, көпшілік жиналатын жерлер,  вокзал мен әуежайға сырт көз бірінші болып назар аударады. Осы орайда «Ақтөбедегі саябақтар мен гүлзарлардың көркі қалай?»деген заңды сұрақ туындайды… Өйткені әсіресе әлеуметтік желілерде жұртшылық тынығатын аумақтарды жарықтандыру мен көгал­дан­дыруға, жалпыабаттандыруға қатысты өзінің ұсыныс-тілегін білдіретіндер аз емес.

65 демалыс орны бар

150 жылдан астам тарихы бар Ақтөбе қаласында, орталық өңірлермен салыстырғанда, саябақтар мен гүлзарлар соншалықты көп емес. Соның өзінде соңғы жылдары шаһардағы демалыс орындарына қатысты сын көп. Айталық, жазғы уақытта субұрқақтар іске қосылса, гүлдер көптеп егілсе, ең бастысы — саябақ сауда жасайтын емес, көпшілік тынығатын орын болса деген тілегін жеткізетіндер баршылық. Осы олқылықты толтыру мақсатында таяу уақытта атқарушы билік облыс орталығында бірнеше жобаны қолға алды.

Шаһардағы көпшілік сейіл құрып, серуендейтін орындарға жауапты мекеме — Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімі. Мердігер мекемелермен қаладағы, соның ішінде саябақ­тардағы көріктендіру һәм көгалдандыру, жарықтандыру және тазалық жұмыс­тарын жүргізетін аталған органның мәліметінше, 2022 жылыбірнеше гүлзарға абаттандыру жүргізілген.

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алуды тапсырған еді. Жылдағы жоспарлы жұмысқа сәйкес аталған салада біраз шаруа атқарылды. Атап айтсам, 2022 жылы қаланы абаттандыруға жергілікті бюджеттен 1,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. 62 ойын, 50 спорт алаңы, 10 футбол және баскетбол алаңы орнатылды. 25 аула жарықтандырылды.

Қалада барлығы 65 саябақ пен гүлзар бар. ​Жалпы құны 246,1 миллион теңгеге «Ренессанс», «Авиатор», Ұшқыштар училищесі маңындағы гүлзарларды  абаттандыру жүргізілуде. 2022 жылға жалпы құны 1,2 миллиард теңгеге 12 саябақта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Алайда бұл жобалар облыстық бюджеттен қолдау таппай отыр.​Осыған байланысты қала бюджетінің мүмкіндігіне қарай аталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.

​Бүгінге дейін саябақтар мен скверлерді басқару мен күтіп ұстаудың нақты жүйесі болмаған. Осыған орай «Қызмет Ақтөбе» және «Жасыл Ақтөбе» арнайы мемлекеттік мекемелері құрылды. Мекемелердің жұмысы саябақтарды күтіпұстауға және оларды дамытуға бағытталған, — дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Әділбек Таңкиев.

Айта кету керек, «Авиатор» саябағы бойынша «МТС» ЖШС-мен келісімшарт жасалған. Аталған мердігер демалыс орнын абаттандыру жұмыстарын биыл аяқтамақ.  2022 жылы жарықтандыру жүргізіліп, балалар алаңын орнату жұмыстары ғана басталған. Жазға салым мұнда сахна, футбол алаңы, спорт алаңы, субұрқақ салынып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылмақ.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Ақтөбе қаласының аумағын санитарлық тазалаумен 8 компания айналысады. Бұлардың міндетіне қоқыстарды жинау, арамшөптерді шабу, тротуарларды мұздан тазарту, көктайғаққа қарсы қоспаны себу және т.б. кіреді.

Желілік саябақ қашан ашылады?

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, былтыр қараша айының соңында Батыс-2 шағын ауданында желілік саябақ ашылуы керек-тін. Құрылысын Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы жүргізіп жатқан демалыс орны Ә.Молдағұлова даңғылының бойында (Ақайұлы мен С.Бәйішев көшелерінің қиылысы) орналасқан. Жоспарға сәйкес мұнда ұзындығы 500 метр жерде қаз-қатар жаяу жүргіншілер жолы, балалар ойын алаңдары, тынығатын орын, субұрқақ салынуы тиіс. Сондай-ақ жаңа саябақта түрлі мүсіндер, көпжылғы өсімдіктер мен гүлдер, атап айтсақ, флокс, лиатрис, анафалис, астранция, мальва болады деп жоспарланған. Біз құрылыстың қазіргі жай-жапсарын білмек болып, жоғарыда аталған ұйымның өкіліне хабарласқан едік.

— Қыс мезгіліне байланысты құрылыс тоқтады, сәуір айында қайта бастаймыз. Өйткені ауа райы әу бастағы жоспарымызды іске асыруға мүмкіндік бермеді. Қазіргі таңда азын-аулақ абаттандыру жұмыстары ғана жүргізіліп жатыр.

Биыл мамыр айында саябақ ашылады деп күтілуде.

Біз мамандармен бірлесе барлық заттардың экологиялық жағынан қауіпсіз болуын басты назарға алып отырмыз. Яғни саябаққа орнатылған барлық дүние қоршаған ортаға зияны жоқ, ұзақ уақытқа шыдас беретін болады, — дейді Q88 қазақстандық урбанистер қауымдастығы бақылау кеңесі төрағасының орынбасары Самғат Ермекбаев.

Баламасы жоқ спорт алаңы

Жуырда Ақтөбе қалалық әкімдігінде өткен жиында биыл воркаут алаңының салынатыны жөнінде хабарланды. Ерекшелігі сол — жұртшылық жаппай спортпен айналыса алатын алаңның аумағы мың шаршы метрден асады. Және бұл сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген ақшаға жасалмақ. Жоба құны — 47 миллион теңге.

— Осыжылы Ақтөбеде еліміздегі ең ірі воркаут алаңы салынады деп күтілуде. Бұның республика бойынша баламасы жоқ. Мұнда балалар спорттық жаттығулар жасап, турникке де тартыла алады. Тик-ток түсіруге арналған би алаңы болады.

Жобаның сызбасы дайын, бірақ әзірге мақұлданған жоқ. Бәрі біз жоспарлағандай болса, құрылыс жұмыстары көктемде басталады. Спорт алаңы қаладағы триатлон саябағында жасақталмақ, — деді Астана қалалық урбанистер орталығының өкілі ЕлнарБазыкен.

Қалай десек те, саябақтар қаланың сәні екені хақ. Демалыс орындарын күтіп ұстау, атына затын сай ету жауапты мекемелерге үлкен сын…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button