Жаңалықтар

Бейбіт күннің батырлары

Тәртіп сақшылары — елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмысқа қарсы ымырасыз күресте алдыңғы қатарда тұратын жандар. ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының түлектері — полиция капитаны Рүстем Кенжалин мен полиция лейтенанты Мейрамбек Рахметуллаев дәл осындай күресте лаңкестердің қолынан қаза тапқан еді.

Полиция капитаны Рүстем Кенжалин жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу кезінде жарылғыш зат дайындаған қылмыскерлерді құрықтаған сәтте лаңкестердің қарулы қарсылық көрсетуі нәтижесінде ауыр жарақат алып қаза болды. Отбасының тірегі, халықтың адал перзенті, ержүрек полицей Рүстемнің артында аяулы жары, бір қызы қалды. Ол қаза болған соң қызметтік және әскери міндеттерін адал атқарғаны, Темір ауданында қылмыстық топты жою кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.                                                                                      Ал қызмет барысында қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан полиция лейтенанты Мейрамбек Рахметуллаев небәрі 24 жаста болатын. Өкінішке қарай, ол отау құрғаннан кейін бір аптадан соң өмірден өтті. Ержүрек азаматтың артында асыл жары қалды. Мейрамбек өмірден кеткеннен кейін отбасының жұбанышы, өмірінің жалғасы Раяна есімді қызы дүниеге келді.

Еліне қалтқысыз қызмет еткен бұл екі азамат бейбіт күннің батырлары болып мәңгі есте сақталады. «Адам мәңгілік жасамайды, мәңгілік жасайтын оның артындағы ісі» демекші, біз институттың қос түлегі, ержүрек сарбаздарымызды әрдайым өзгелерге үлгі етіп отырамыз.

Бүгінде ішкі істер саласында нағыз елім дейтін, өз өмірлеріне қауіп-қатер төнсе де, жанкешті әрекеттерге барған талай ержүрек полицейлеріміз еңбек етіп жүр. Олар қандай мақтауға да лайықты!

Алуа ЖЕТЕСОВА,

М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының

ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің инспекторы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button