Жаңалықтар

«Табысты отбасы» жобасы бастау алды

Қазақстанның бес облысында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы «Табысты отбасы» жобасын жүзеге асырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Бұл жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының бірыңғай қайырымдылық операторы «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының кешенді қолдауымен Ақтөбе облысында, сондай-ақ Ұлытау, Абай, Жетісу, Түркістан облыстарында бастау алды.
Кешенді жобаның мақсаты — әлеуметтік осал топтан шыққан отбасына қолдау көрсетіп, олардың өз кәсібін дамытуына мүмкіндік жасау. Кешенді жоба аясында практикалық тренингтер, шеберлік сағаттары өткізіледі.
— «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы әртүрлі себептермен мемлекеттік қолдау алмаған әлеуметтік осал санаттағы отбасыларды қолдауға бағытталған. Әлеуметтік жобалар көптеп жүзеге асырылуы керек. Өйткені көп балалы және аз қамтылған отбасылар — әлеуеті зор қоғамымыздың маңызды бөлігі саналады. Олардың материалдық жағдайын жақсартып, кәсіп бастауына мүмкіндік жасау — мемлекеттік маңызы бар іс, — деді облыс әкімнің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Он екі бағыт бойынша жұмыс жасайтын жобаның мүмкіндіктері өте көп. Осы жоба аясында 300 адамға мемлекеттік грант қарастырылған. «Samruk-kazyna Trust» қоры арқылы жобаны жүзеге асыруға 200 миллион теңгеге жуық қаржы бөліп отыр.
«Табысты отбасы» жобасының амбассадоры Айжани Нұрланованың айтуынша, Қазақстанның бес облысынан 100-ден астам адам жобаға қатысуға өтінім білдірген. Іріктеуден өткен отбасылар арнайы курстардан тегін өтіп, қысқа мерзім ішінде кәсіп бастаудың дағдылары мен тәсілдерін меңгереді.
Жеңімпаз атанған қатысушы сол қаражатқа қажетті жабдықтарын сатып алып, кәсібін дамыта алады. Қазіргі таңда жобаның әдістемесі бес облыста пысықталып, кәсіби мамандарға іріктеу жүргізіліп жатыр.
«Табысты отбасы» қайырымдылық жобасын іске асыру кезеңдері туралы толық ақпаратты @tabysty.otbasy жобасының инстаграм парақшасынан білуге болады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button