Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Есет батыр мемориалдық кешеніне дейінгі жолға асфальт төселді

Есет батырдың 355 жылдық мерейтойы қарсаңында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес демеушілер көмегімен оның мемориалдық кешеніне дейін жол салынып, асфальт төселді.

Бүгін облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңадан салынған жолмен кешенге дейін барып, мердігер мекемеге алғысын білдірді. 7-8 қазан күндері Алға ауданында өтетін Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған үлкен тойдың жоспарымен танысты.
Мемориалдық кешенге дейінгі 4,1 шақырым жолды өз қаражаты есебінен салып берген — «SineMidasStroy» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған мекеме Ақтөбеден Қандыағашқа дейінгі жолдың 11-52 шақырымын, яғни Ақтөбе қаласынан Алғаның Тамды ауылына дейінгі аумағын салып жатыр. Ал Тамдыдан Қандыағашқа дейінгі 52-100 шақырымы «AссанаДорСтрой», «Ақжол Құрылыс» БК», «AzVirt» компанияларының үлесінде.

Өңір басшысы Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының 16-шақырымында болып, құрылыс барысын көрді. Жолшылар асфальт жабындысының бірінші қабатын салып жатыр.
Облыс әкіміне жұмыс барысын баяндаған «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов қазан айының соңына дейін жолдың бір жағын ашып, пайдалануға беретіндерін айтты.
— Бұған дейін де тұрғындар алдында уәде берген болатынмын. Сол уәдемізде тұру үшін қазір жұмыстанып жатырмыз, — деді Марат Махамбетов.
Сондай-ақ облыс әкімі 41-разъездегі Ақтөбе қаласының оңтүстік айналма жолында болды. Жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстары 3 учаскеге бөлінген. Мердігер 2 учаскедегі жұмыстарын толық аяқтаған. Ал үшінші учаскедегі жұмыстарды қазан айының соңына бітіретіндерін айтты.
Жол құрылысын бақылап, мердігерлермен кездескен облыс әкімі берілген тапсырма уақтылы және сапалы орындалуы тиіс екенін ескертті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button