Жаңалықтар

Өзекті мәселелер талқыланды

Қала

Жұма күні Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында салық ісі, тұрғын үй саласындағы жемқорлықпен күрес, жұмыссыздық мәселелері талқыланып, «Қауіпсіз қала» жобасы қаралды.

Аталған түйткілдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның және Ақтөбе қаласы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның бірлескен кезекті отырысында күн тәртібіне қойылды. Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында әуелі мемлекеттік кірістер саласындағы жемқорлықпен күрес жайы айтылды.

— Бізде мемлекеттік қызметтердің 98 пайызы электрондық форматта жүргізіледі. Яғни басқарма өкілдері кәсіпкерлік субъектілерімен бетпе-бет кездеспейді. Жалпы, Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мемлекеттік қызметтің 17 түрін ұсынады.

Мекемеде электрондық кезек орнатылған. Бұл да болса жемқорлықтың алдын алады. Сондай-ақ биыл «E-salyq Bisiness» мобильді қосымшасы іске қосылды. Салық төлеушілердің уақытын үнемдеу мақсатында жасақталған қосымшаның берері мол.

Тоқсан сайын қызметкерлермен жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша семинарлар өтіп тұрады, — деді Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Қанат Кенжеғужин.

Өз кезегінде Асхат Шахаров: «Бұл сала бойынша халықтың арыз-шағымы өте көп. Сіз айтып отырған қызметтерді цифрландыру жағдайды түзейді деп ойлаймын. Электрондық форматқа көшіру процесін әлі де дамыта түсу керек. Оны Президенттің өзі тапсырғанын ұмытпайық», — деп ескертті.

Ал Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жандос Әлімов баспана кезегінде 26354 адамның тұрғанын, олардың арасында жетім балалар, көпбалалы отбасылар, мемлекеттік қызметшілер, апаттық үйлердің иелері барын атап өтті. Артынша комиссия мүшелері тұрғын үй кезегін жасарда әлі де ашықтықтың жетіспейтінін, бұл бойынша БАҚ-қа, әлеуметтік желілерге кеңінен ақпарат берілуі керектігін тілге тиек етті. Өйткені қазақстандықтардың ең басты мәселесі — баспана.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласы бойынша құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының күн тәртібіне «Қауіпсіз қала» жобасының жүзеге асырылуы қойылды. Бұл бойынша баяндама жасаған Ақтөбе қалалық полиция басқармасының басшысы Зиятдин Күнбасов:

— Соңғы 3 жылда Ақтөбе қаласында 963 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 71 адам қаза тауып, 1164 адам түрлі жарақат алды. Оның дені көлік иелерінің жылдамдықты шамадан тыс арттыруынан болып отыр.

Қалада 385 жаяу жүргінші өткелінің 11-і жарықтандырылмаған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер үшін 8 жерге бағдаршам қою қажет, — деді.

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы Меткүл Қосымбаева шаһардағы мектептерге әлі де 416 бейнекамераның, балабақшаларға 184 бейнекамераның қажеттігін баян етті. Сол сияқты 49 мектепке турникет орнату қажет. Бұның барлығы ең бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігі үшін екені айтылды.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетова  бүгінгі таңда enbek.kz порталында 3089 түйіндеменің жарияланғанын баяндады.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button