Жаңалықтар

Саржансайда алғашқы шаштараз ашылды

Биыл мамыр айында Медетхан Ақбергенұлы мен Айдана Шаяхметқызы облыс орталығынан Саржансай ауылына көшіп барды. Көп балалы отбасы ұрпағының қамын осы бастан ойлап,кәсіп ашуға ниеттеніп, жақында «Хан» шаштаразын ашты.

Шаштараздың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мәртөк ауданы Тәңірберген ауылдық округінің әкімі Медет Бекжановтың айтуынша, Саржансай ауылы — кәсіп жүргізуге қолайлы жер. Себебі, бұл ауыл «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының бойында, облыс орталығынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан. Округте кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі — осы «Хан» шаштаразы.

— Кәсіп ашу туралы көп ойландық. Іздендік, оқыдық. Бақсақ, ауылда шаштараз жоқ екен. Әрі осы кәсіпке ыңғайым да бар, бұған дейін оқып алғанмын. Сосын «Бастау Бизнес» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, курстан өттім. Шаштараз ашу туралы жобамды комиссия алдында қорғап, 1225000 теңге көлемінде грант ұтып алдым. Қайтарымсыз қаражатқа шаштаразға қажетті құралдар сатып алдық. Осындай кәсіп ашуыма жағдай жасап, балаларыма бас-көз болып, ақыл-кеңесін аямаған енеме, жолдасым Медетханға рақмет, — дейді жас кәсіпкер Айдана Нұрыш.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Жаңыл Демованың айтуынша, Саржансай ауылында бұған дейін шаштараз болмаған, сондықтан комиссия мүшелері Айдананың жобасын бірауыздан мақұлдапты.

Ашылу салтанатына қатысқан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының директорыРайгүл Қарылғашева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Рауза Жабағайева, кәсіпкер Бану Тілегенова жас кәсіпкердің бизнестегі алғашқы қадамына сәттілік тіледі.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button