Жаңалықтар

Әдемілік әлеміне саяхат

Гүлдер фестивалі

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласында «Гүлдер әлемі» фестиваль-байқауы өтті. Шараға 150-ден астам гүл өсіруші қатысты.

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов қаз-қатар тізілген гүл өсірушілердің еңбегін қарап шығып, біразының жұмыс барысы туралы сұрап білді. Айталық, балабақша, мектеп ұжымдары арасында аулаға түрлі гүл, тіпті жеміс-жидекте егетіндер бар екен. Сол арқылы жас жеткіншіктерге қоршаған ортаны, табиғатты аялауға шақыратын мұғалімдерге атқарушы билік өкілдері ризашылығын білдірді. Сондай-ақ фестиваль-байқауда емдік шөптерден шай демдеп, ерекше дайындығымен көзге түскендер де кездесті.

— Мұндағы мақсат — ақтөбеліктерді әдеміліктің символы — гүл өсіруге,  жасыл желекті күтіп-баптауға шақыру, қаламыздың гүлдену жолында еңбек ететіндердің басын қосу. Мұнда тек бағбандар емес, осы іске ықыласы бар кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері жиналды. Соңында «Керемет көшет», «Ерекше жеміс», «Үздік ұжымдық жұмыс», «Хош иісті шай», басқа да аталымдар бойынша ерекше белсенділік танытқандарды марапаттайтын боламыз. Сол арқылы шараға қатысқандардың ешқайсысын атаусыз қалдырғымыз
келмейді,
— дейді Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ботагөз Бисенова.

Фестиваль-байқауда ерекше көзге түскен — гүлге көмкерілген шағын көлік. Көпшілік соның жанында естелік суретке түсіп, мәз-мейрам болды.

— Ақтөбедегі гүл сататын ірі орталықтардың бірі бізге осындай ұсыныс жасады. Біз қуана келістік. Айналдырған бірнеше сағаттың ішінде машинаны жалға алып, оны түрлі түстегі гүлдермен безендірдік. Барлығы мыңнан астам гүл пайдаланылды. Келушілер еңбегімізді өз деңгейінде бағалап жатыр, — дейді кәсіби безендіруші Әсел Сарқұлова.

Сол күні гүлге қатысты әндер айтылып, түрлі ойындар да ұйымдастырылды.

Алау АЙБЕКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button