Жаңалықтар

Тегін құқықтық кеңес алды

Акция

Жұма күні Ақтөбеде «Халық заңгері» жалпыреспубликалық акциясы өтті. Облыстағы үздік заңгерлер мен адвокаттар қала тұрғындарының құқықтық мәселелерін шешуге көмектесті.

Шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, zakon.kz интернет-басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік органдар, еліміздің жетекші заңгерлері мен құқық қорғаушылары ұйымдастырды.

Акцияға келген азаматтар құқықтық мәселе бойынша кәсіби деңгейі жоғары сарапшылардан тегін кеңес алды. Кеңес беруші қатарында тергеушілер, сот орындаушылары, полиция қызметкерлері, көші-қон полициясы, кәмелетке толмағандармен жұмыс істейтін қызметкерлер, Үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік органдардың өкілдері болды.

Бір мезетте Қазақстан бойынша өткен акцияда Ақтөбе қаласында 160 адам құқықтық көмекке жүгінген.Солардың бірі – қала тұрғыны Салтанат Қолданқызы:

—Кезінде үй аламын деп кооперативке ақша салғанмын. Алғашқы жарнасын төледім, бірақ үй де жоқ, салған ақшамды да қайтара алмай жүрмін. Кооператив төрағасынан дұрыс жауап ала алмадым. Бүгін-ертең деп жүріп 3,5 жыл өтіп кетті. Ең болмағанда сотқа беріп ақшамды қайтарып алғым келіп отыр. Сотқа дейінгі сұрақтарыма жауап алайын деп осы акцияға келдім, — дейді ол.

Құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылған акцияда 40 маман өз көмегін көрсетті.

2016 жылдан бастап қазіргі кезге дейін 100 000-нан аса адам тегін құқықтық көмек алды. Бұл акция тек Ақтөбеде емес, республика бойынша ұйымдастырылып отыр.Түрлі сұрақпен келген азаматтарға осында отырған мамандар бағыт-бағдар береді. Бұл акцияның арқасында көптеген адам өзінің мәселелерін шешеді деп ойлаймын,— дейді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Нұрболат Махмудов.

Насиба ЗАРЛЫҚОВА

Басқа жаңалықтар

Back to top button