Жаңалықтар

Алқам-салқам «Гелиос»

Екі айлық тазалық науқанына белсенді қатысуға облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі шақырған болатын. Барлық мемлекеттік мекемелер мен жеке кәсіпорындарға нақты учаскелер бекітілді.

Алайда облыс орталығындағы «Гелиос» жанар-жағармай құю станцияларының бірі де бұл жолғы сенбілікке үлесін қоспаған.
Ағайынды Жұбановтар көшесі 297, Оңтүстік-Батыс, 27, Тургенев көшесі, 97 мекенжайларында орналасқан жанар-жағармай құю бекеттерінің маңын көзіміз шалды. Жан-жағындағы қоқыстарды айтпағанда, қаулай өскен арамшөп кісінің беліне дейін жетеді. Сонда «Гелиос» ЖШС басшысы Айболат Жисовқа арамшөп арасында жүрген ұнай ма? Соның орнына гүл егіп, жайнатып қою киын шаруа болмаса керек.
Сондай-ақ «КМК Мұнай» АҚ Ақтөбедегі офисінің маңы да қоқыс тастайтын алаңға айналған. Бірақ сенбі күні аталған мекеменің маңында да қолына сыпырғыш пен тырмасын ұстаған адам қарасы байқалмады. Транспорттық бақылау инспекциясының ғимараты маңы, Тургенев көшесіндегі «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесі, Ақтөбе металл құрастыру зауытының аймағы бұл сенбіде қоқыстан тазартылмады.
Талап бір болған соң, оны орындау да ортақ міндет емес пе? Әлде өздері өмір сүріп, қызмет етіп жатқан қаланы таза ұстау үшін аталған мекемелерге әкімдік сенбі сайын арнайы хат жіберуге тиіс пе?
Қаланың тазалығын қадағалап отырған құзыретті орындар екі айлық сенбілік жұмыстарына атсалыспаған мекемелер алдағы уақытта қатаң бақылауға алынатынын айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button