Жаңалықтар

Қоқысы жиналмайтын мекен

Бүгін Ақтөбе қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен сенбілік өтіп жатыр. Редакция тапсырмасы бойынша қаланың әр ауданындағы тазалықты көрмекші болдық. Бізге Шанхай деп аталатын ауданы бұйырды.
Жергілікті тұрғындар «Соңғы аялдама» деп атайтын Олег Кошевой мен Тұрар Рысқұлов көшелерінің қиылысында тұрмыз. Мұнда сенбіліктің иісі де сезілмейді. Олег Кошевойды жағалап келеміз. Айнала өте лас, шашылған қағаз, пакет, әр жерде үйіліп жатқан баклашка, шыны қалдықтары. Қоқыс төгетін контейнердің жаны тұрмыстық техника мен жиһаздардың қирандысына толып тұр.

Тұрғындар пікірін білмекші болғанбыз. Немерелерін ойнатып, өзі телефон құлағында отырған апа пікір айтудан бас тартты.
— Осылай қоқыстың ортасында үндемей отыра бересіздер ме? — деген ащы сөзімізден кейін тілі шығып, өзімізге дүрсе қоя берді:
— Шашылмай қайтеді? Жинап жүрген адам жоқ. Одан қалды мыналар (қарыс жерде жиналып ішімдік ішіп отырған топты көрсетіп) шашып кетеді, — деп теріс айналды.
Апамызға алғыс айтып, 3 немересін қуантуға көшеге шыққан жігіт ағасын әңгімеге тарттық.

— Қала өте лас. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі де, пәтер иелері кооперативтері де жұмыс істеп жатқан жоқ. «Жасыл елдің» жастарын да, тазалықты қадағалап жүрген әкімдік адамдарын да көріп жүрген жоқпыз. Көшені өзіңіз көріп тұрсыз, көп қабатты үйлердің аулаларына кірсеңіз тіпті масқара. Бір жағынан өзімізден де бар. Қоқыс төгуге кішкентай балаларды жұмсайды. Ол бала барғанша қоқысты төгіп-шашып барады. Оған ескерту жасауға да қорқасың. Қазір бәрінің құқығы қорғалған.
Облысқа жаңа әкім келіп жатыр ғой. Сол кісі қолға алмаса, қаламыздан сән кетті, — дейді өзін Самат Сайымов деп таныстырған осы ауданның 30 жылдан бергі тұрғыны.
Біз көрген тазалықтың жайы осындай болды. Орталық көшелерді тазалап жатқан сенбілікшілердің жолы бұл ауданға қашан түсер екен? Тұрғындар өз аулаларына жауап берер, ал көшенің шашылып жатқаны жауапты мекемелердің жұмысына сын.

Жан ТӨЛЕУ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button