Жаңалықтар

Елорда атауы өзгере ме?

Парламент

Елорданың аты Астана болып өзгереді. Ел Президенті тек бір мерзімге ғана сайланады. Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімі артады.
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат пен Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Әділет министрі Қанат Мусин ұсынған Заң жобасында бес бапқа өзгерістер енгізу және бір бап қосу, яғни толықтыру көзделген. Онда, жоғарыда айтылғандай, нақты үш өзгеріс бар: Бірінші — Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу осы Заң жобасы күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге Президент болып сайлаған адамдарға қолданылады. Екінші — Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгереді. Үшінші — Конституциялық Соттың судьялары қайта тағайындалуына шектеу қоя отырып, Конституциялық Сот судьяларының өкілеттік мерзімдерін 8 жылға дейін ұлғайтылады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйектегі халыққа Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс керек екенін, осы мақсатта Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажеттігін айтқан-ды:
— Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады. Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл — кез келген ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Тіршілік тоқтамайды, жаһандық үдерістер мен ел ішіндегі қоғамдық дамудың қарқыны күн өткен сайын артып келеді. Мен ұсынып отырған конституциялық жаңалық билікті монополизациялау қаупін айтарлықтай азайтады. Дәл осы себепті мен Президентті бір мерзімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Біз билікті жасақтаудың және оның қызметін қамтамасыз етудің өркениетті қағидаттарын бекітуге тиіспіз, — деген еді.
Қанат Мусин президенттің өкілеттік мерзімі мен қайта сайлауға қатысты конституция енді өзгертілмейтінін айтты.
— Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында жария еткендей, кезектен тыс сайлау осы жылдың күзінде өтетін болады. Сайлаудың нақты қай күні өтетінін Президент Жарлығымен жария етеді. Сайлау датасы белгіленгеннен кейін екі айдың ішінде сайлау өткізілетін болады, — деді Қанат Мусин.
Жақында Парламенттегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы тұрғындармен кездесулерде айтылған пікірлерге, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтініштеріне сүйене отырып Елорда атауын «Астана» деп қайта өзгерту туралы ұсыныс білдірген болатын. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі парақшасында бұл ұсынысты Мемлекет басшысының қолдағанын және Президенттің келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілгенін жазған болатын. «Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә.Назарбаевтың шешуші рөл атқарғаны тарихи факт деп санайды. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа нысандар өз атауларын сақтап қалуға тиіс», — деп жазды ол.
Қанат Мусин қаланың атауын ауыстыруда қосымша шығындар болмайтынын, бұл жұмыстар жоспарлы түрде атқарылатынын айтты. Сонымен бірге елорданың бұрынғы атауын қайтару азаматтарға құжаттарын шұғыл түрде ауыстыруды талап етпейді.
— Астананың атауын өзгерту азаматтарға құқық белгілейтін құжаттарды ауыстыру жөніндегі міндетті жүктемейді. Бұрын алынған құжаттар елорданың жаңа атауы көрсетілген құжаттармен қатар заңды күшіне ие болады. Осы орайда азаматтарға құжаттарын шұғыл түрде ауыстыруының қажеті жоқ. Құжаттарда елорданың бұрынғы атауын көрсету олардың жарамсыздығына әкелмейді. Сондықтан қазіргі қолдарындағы құжаттарды пайдалануға болады, — деді Қ.Мусин. Сонымен бірге министр Астана атауы ешқашан өзгертілмейтін нормаға жатпайтынын, өзгеруі мүмкін екендігін де айтты.
Конституцияға енгізілетін бұл өзгерістерді Сенаттың 50 депутатының 50-і, Мәжілістің 99 депутатының 98-і қолдап дауыс берді. Елдің негізгі құжатына енгізілген түзетулерді қабылдаған Парламент енді оны Президенттің қол қоюына жібереді.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button