Жаңалықтар

Емханаңызды таңдадыңыз ба?

Брифинг

Күз мезгілі басталысымен азаматтардың қай емханаға қарала алатынын таңдауға мүмкіндігі бар. Бұл — медициналық мекемелерге, дәрігерлерге түсетін арыз-шағымдардың әсерінен ұсынылған жағдай. Жылдағы науқан биыл да жалғасын тапты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде сала мамандары осыған байланысты кеңінен түсінік берді.

— Жыл сайынғы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына тіркелу науқаны 1 қыркүйектен басталып, 15 қарашаға дейін болады. Осы аралықта тұрғындар келер жылдан қай емханаға бара алатынын шеше алады.

Жалпы, облыс бойынша  алғашқы көмек көрсететін 41 ұйым болса, соның 33-і мемлекеттік, қалғандары — жекенің қолында.  Ақтөбеліктер соның қайсысына барамын десе де өз еркі. Өз тарапымыздан бір отбасы мүшелерінің ортақ учаскелік дәрігері болғаны дұрыс деп есептейміз, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Ал «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының басшысы Алтай Оразбағамбетов науқанға белсенді қатысу арқылы қызметтің сапасын да арттыруға болатынын атап өтті. Артынша: «Әрине, медициналық сақтандыру қызметін төлегені үшін әр тұрғын қай емханаға тіркелсе де өзі біледі. Бірақ емделушінің үйі қашық болса учаскелік дәрігер оған бармайды. Алда-жалда үйіңізге шақыратын болсаңыз, соны ескеріңіз. Сондықтан тұрғылықты жеріңізге жақын медициналық мекемені таңдағаныңыз абзал», — деп кеңес берді ол.

Аталған науқанға қалай қатысуға болады? Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы облыстық филиалы басшысының орынбасары Рано Анарбаева бұл туралы төмендегідей жауап берді:

— «Электронды үкімет» порталы немесе жазбаша өтініш беру арқылы қалаған емханаңызды таңдай аласыз. Соңғы аталған қызмет тек жеке санаттағы адамдарға, атап айтсақ, зейнеткерлер, мүгедектер, жазасын өтеушілер, студенттер, әскердегі сарбаздар, қарттар үйіндегілер мен жетім балалар, сондай-ақ шетелде туған балаларға қолжетімді. Бұл топқа жатпайтындар egov.kz порталына жүгінуі қажет, — деді.

Брифингке қатысқан спикерлер соңында азаматтарды өз таңдауын жасауға шақырды. Бірақ бұл тұрғылықты жерге байланысты шешілетінін ұмытпаған ләзім…

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button