Жаңалықтар

Энергетиктер жолдауды талқылады

Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының тозығы жеткен. Алдағы уақытта желілер мен қуат көздерінің тозу көрсеткішін 15 пайызға дейін түсіру көзделіп отыр.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылды. Бейсенбі күні Ақтөбедегі «Энергожүйе» ЖШС ұжымында Президент Жолдауын талқылауға арналған жиын өтті.

Компанияның бас директорының көмекшісі Асқар Бектұрғанов:

— Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында баға мен тарифті төмендету жөніндегі талаптың жиілеп кеткені, оның кері әсері бары да айтылды. Мысалы, электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің тозығы жеткенін айта келіп, Президент өз Жолдауында: «Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады. Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың соңы соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеп соқтырады», — деді. Біздің құрылтайшылар, компания басшылары тиімді тариф мәселесі, желілердің тозу көрсеткішін азайту бойынша жиындар өткізіп, өз ұсыныстарын әзірлейді, — деді.

Жолдауда тоғыспалы субсидиялаудан, яғни бір тұтынушылар үшін бағаны ұстап тұру мақсатында басқалар үшін бағаны көтеру тәсілінен біртіндеп бас тарту қажеттігі де айтылған еді. Бас директорының көмекшісі осыған байланысты:

— Баға орта және ірі бизнес үшін көтеріледі, ал олар бұл шығынды өз тауарлары мен қызметтеріне қосады, түптеп келгенде, ауыртпалығы бәрібір халықтың қалтасына түседі. Сондықтан бұл тәсілден бас тарту мәселесі орынды көтерілген, — деді.

«Энергожүйе» ЖШС-ның заңгері Диана Нұржұманова Жолдауда жастарды қолдау мәселесіне көп көңіл бөлінгенін атап өтті.

— Жастардан үш нәрсе талап етіледі: еңбекқорлық, білімді болуға ұмтылу және елжандылық, яғни өз Отанын сүю. Бұл Президенттің Жолдауынан да аңғарылады. Еңбекқорлық бар да, сонымен қатар өз кезегінде, еңбектің бағалануы да бар. Бұл тұрғыда Президенттің: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады», — деген сөзі барлық еңбек ұжымдарында қолдау және көрініс табуы керек деп ойлаймын. Жеңілдетілген несие арқылы білім алуға мүмкіндікті кеңейту, тіл білуге шақыру — білімге деген ұмтылысты қолдау. Сонымен бірге, меніңше, елжандылықтың бір белгісі — бірлікке, ынтымаққа үндеу. Қазіргі күні бұл өзекті екені де түсінікті. Баршамыз осыны есте ұстағанымыз жөн, — деді Диана Нұржұманова.

«Энергожүйе» ЖШС еңбеккерлері өз пікірлерінде Жолдауда көрсетілген әлеуметтік қолдау, соның ішінде табиғи ресурстарды тең бөлу, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасының енгізілуін ерекше атап өтті.

Айна САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button