Жаңалықтар

Береке-бірлікті сақтау өз қолымызда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын талқылау мақсатында С.Бәйішев атындағы университте мазмұнды іс-шара өткізілді. Оған білім алушылар мен оқытушылар, «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері қатысты.

Алдымен сөз алған «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әнуар Искарин Жолдаудың мазмұнын ашып айтты.

— Жолдауда жастарды қолдау мәселесі кеңінен айтылды. Мәселен, білім сапасын  арттыру, оның ішінде «Жайлы мекен» ұлттық жобасын жүзеге асыру, білім беру ваучерлерін енгізу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету, т.б. Өсіп келе жатқан ұрпағымыз қиындықтарға немқұрайлы қарамай, Отанға деген сүйіспеншілікті ұғына алса екен деген ойдамын.

Алпауыт мемлекеттер бір-бірімен қақтығысып жатқанда, біз егемендіктің қадірін қастерлей білейік. Мінсіз қоғам болмайды, сондықтан Жолдауда айтылғандай, береке-бірлікті сақтау өз қолымызда екенін естен шығармауымыз керек, — деп атап өтті Әнуар Искарин.

Жыл сайын алдымызға межелі мақсат қоямыз. Сол мақсатқа жету жолын Президент Жолдауында айқындап, жастардың бойынан білім, еңбек, отансүйгіштік қасиеттерін көргісі келетінін жеткізді. Расында, білімді ұрпақ ел болашағының шамшырағы іспеттес.

Жыл сайын Сақтаған Бәйішев университетінде Жолдауға қатысты шаралар ұйымдастырылады. Университет қабырғасында өткізілген шаралардан студенттер тыс қалған емес. Олар әрдайым ойын еркін жеткізіп, диспуттар өткізіп тұрады. Жастарға оқу орны тарапынан қолдау көрсетіледі.

Білім саласына қатысты кезекті Жолдауда бірқатар мәселелер қозғалды. Мәселен, студенттерге 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беруін құптаймын, — деді  С.Бәйішев университетінің әлеуметтік даму жөніндегі  проректоры Шыныбек Бұхарбаев.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button