Жаңалықтар

Оқырман

  • Дәстүр

БАЛАҒА БЕСІКТІ НАҒАШЫСЫ ӘКЕЛМЕЙДІ

Бүгінде жаңа туған нәрестеге бесікті нағашылары әкелетін әдет қалыптасып барады. Осы дұрыс па?

Қазақта «Қыз жат жұрттық» дейді. Ата-анасы қызын ұзатып, артынан жүгін апарып, өзінің ата-ана алдындағы міндетін атқарады.

«Күйеуге шыққан қыз шиден тысқары» деген де сөз бар. Бұл — тұрмысқа шыққан бойжеткен өз әке-шешесініңотбасының ішкі істеріне араласпайды деген сөз.

Қыздың ата-анасы, бауырлары, туыстары оның барған жеріне тастай батып, судай сіңгенін қалайды. Қыз өз жұртына кетіп бара жатқанда туған-туысқанымен,  құрбы-құрдасымен, туып-өскен жерімен сыңсу айтып қоштасып, «көшіп-қонып жүргенде елімді қашан көремін» деп, артының амандығын тілеп, қоштасып, аттанады.

Қазақ қызы келін болып түскенінде аяғы ауыр кезінде әке-шешесінің, соның ішінде әкесі мен ағасының алдында жүруге ұялған. Тіпті әке үйіне балалы болғаннан кейін ғана барған.

Қыз — өзі келін болып түскен әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Келіннің өмірге нәресте әкелгені — әулетіне үлкен қуаныш. Ұл — әке, келінана атанады. Әрине, қызының ана атанғанына оның әке-шешесі де қуанады, бірақ қазақ ешқашан жиеніне

бесік әкелмеген. Әр отбасының, әр әулеттің өз бесігі болады.

Келіннің енесі баланың тыныш ұйқысы мен тазалығын ойлап, өз әулетінің көне бесігін қамдайды. Өйткені ол — осы әулеттің баласы. Бала сол әулеттің үлкендері жатқан бесікте жатып өсуі керек. Тіпті бесік әр отбасының атадан келе жатқан дүниесі десе де болады.

Әулеттің бесігі әбден тозған болса, оны өртеп, аяқ баспайтын жерге күлін көмеді. Бесікті кезкелген жерге тастамайды. Өйткені бесік — киелі дүние.

Сосын ата-енесі немересіне жаңа бесік жасатады. Қазақта бесікті шеге пайдаланбай жасайды. Бала кезімде атам Сарыбай ағамның балаларына бесік жасағанын көрдім. Ол бесікті шегесіз, ағаштардыбір-біріне қиюластырып жасады. Бүгінде сол бесікте шөберелері жатыр.

Үлкен әжем кішкентай кезімізде: «Мынау үлкен әкелеріңнің, апаларыңның жатқан бесігі еді», — деп айтып отыратын. Оны тыңдаған біз мәз болып: «Сонда әкем осы бесікке жатқан ба?!» — деп таңғалушы едік. Бесікке салғанда да: «Сол аталарындай болсын, әкелеріндей болсын», — деп те ырымдап отырады.

Әр баланы бесікке бөлер алдында оны сырлап немесе тазалап жуып, аластап пайдаланады. Пайдаланып болғаннан кейін балалар жатқан бесікті келесі бала жатқанша бетін жауып, алып қояды. Бесіктің бетін жаппай, ашық-шашық қалдыруға болмайды.

Мен де балаларымыз жатқан бесікке бүгінде немерелерімді бөлеп жүрмін.

Бесігіміз үлкен етіп жасалған. Оны жасаған — Байғанин ауданы Алтай батыр ауылы А.Пушкин атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болған, бүгінде зейнеткер Мұқашев Бекман деген ағамыз. Өзі қолөнерге жақын болғандықтан, мектепте еңбек пәнінен де сабақ берді. Бесікті бір шеге пайдаланбай жасаған. Іші кең болған соң бала жақсы ұйықтайды.

Халқымыз бесіктің қадірін жете түсініп, жақсы ұғынған. Сондықтан атасы жатқан бесікке немере, шөберелеріне дейін жатқызуға тырысқан. Бұл «бабаларындай     текті болсын, аталарының жолын берсін, үбірлі-шүбірлі болыпөсіп-өнсін» деген ниеттен туған.

Қазіргі кезде қазақ халқының бұрыннан келе жатқан салтын бұрмалап жүргендер көп. Сондықтан салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды дұрыс сақтап, насихаттап, болашақ ұрпаққа дұрыс жетуіне аса мән беруіміз керек.

Алмагүл САРЫБАЙ,

ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Ақтөбе қаласы.  

  • Ел іші

ЖАРАЛЫҒА ЖӘРДЕМ ЕТКЕН ЖАНҒАЛИ

Технология дәуірлеп, медицина әлеуеті артса да, халықтық медицинаның бір тармағынан тараған сынықшыларға деген жұртшылықтың ықыласы өзгеше. Шалқардың жасы үлкендеріне кезінде жергілікті теміржол станциясында ұзақ жылдар кондуктор болып жұмыс істеген Жанғали Аманбаевтың есімі етене таныс. Аудан орталығындағы Ә.Жангелдин қалашығында тұрып, 2001 жылы 86 жасында өмірден өткен байырғы теміржолшы сынықшылық қасиетімен де көпке мәлім. Құрсағынан 11 бала өрбіткен оның өмірлік қосағы Шәулен әжеміз қазір 97 жаста. Немересі Нұрболатын қолына алып, қара шаңырақта әулетінің амандығын, елдің береке- бірлігін тілеп отыр.   Ауыл-аймақтарда жұмыс істеп, қайратты кезеңінің біраз бөлігін болат жолдың тоқтаусыз тірлігіне арнаған шалының бала пішудегі қол жеңілдігін аңыз қылып айтатындар арамызда бар.

II дүниежүзілік соғысы кезеңінде сынықшы ата арнайы брон сапында болып, Польша, Чехословакия жеріне дейін барған. Соғыстан кейінгі жылдары тыл майданында тер төккен.

«Ауылыңда қартың болса жазулы тұрған хатпен тең»дейді халқымыз. Журналистік ізденісіме дөп келген қариялардың әңгімелерінен сыры терең хатты оқығандай әсер алдым.

Шалқар ауданындағы жасы үлкен қариялардың бірі — Жылтыр ауылының тұрғыны 92 жастағы  Жұмабай Жансүгіров. Атақты Қазанғаптың күйлерін сол қалпында бұзбай жеткізуші, «Халық күйшісі» төсбелгісін иеленген абыз ақсақалымыз кезінде Жанғали сынықшының қолынан талай тәбәрік алыпты.

— Жәкең бойына ерекше қасиет дарыған, сонысымен ел-халқына сыйлы болған ағамыз еді. Аяқ-қолын сындырып алған, мертіккен адамдарды  емдеп, сүйекті тез бітістірудің шебері еді. Ол онысына еңбек бұлдап, ақы сұрамайтын-ды. Әркім өз ырзалығымен «қолының жеңілдігін бергей» деп орамалын беріп жатқанын талай көрдік. Ол кезде шапан, тақия қат, оның орнына көбіне ақша мен ақ көйлек жүреді. Тәбәрік ретінде ол маған көйлектер беретін-ді. Ағамыз аты мәшһүр Құлқай әулиеге жиен.

Бірде Жанғалидің анасы Зәуре апамыз Құлқай әулие науқастанып жатқанда Мұғалжардағы үйіне көңілін сұрап барып,  2-3 күн жанында болады.

Ауылына қайтуға жиналған қарындасынан «бұйымың бар ма?» деп сұрайды.

— Ешқандай бұйымым жоқ, аға, сіздің көңіліңізді сұрай келгенім ғой,— дейді.

— Жағдайым өзің көргендей, үлкейдім, бұйымың болмаса, ана тұрған құрал-сайманым салынған бір қобдишаны үйіңдегі балаңа берерсің, ала кет, — дейді.

Сол қобдишаны алған бала осы Жанғали екен. Жәкең сынықшылығымен қатар, теміржол саласында да абыройлы қызметтер атқарды. Қайда жүрсе де ол көптің сый құрметіне бөленді, — дейді қарт күйші.

1993 жылы Алматы қаласындағы «Қайнар» баспасынан жарыққа шыққан «Халық емінің құдіреті» кітабына ол туралы мәліметтер енгізілген. Республикалық «Денсаулық» журналының 1991 жылғы №11 санында жарияланған «Қолы епті оташы»  тақырыбындағы мақалада автор Жанғалидің сынық салу әдісіне  куә бола отырып, емдеу әдісін баяндайды. Ұғынықты болу үшін осыдан отыз жыл бұрын жарияланған мақаланың орта тұсын ойып, өзгеріссіз беруді жөн көрдім:

«Сынық ашық және жабық болып келеді, — дейді Жанғали ақсақал, — мен көбіне жабық түрін емдеймін. Ашық сынықта көбіне сүйектер майдаланып, теріні, қан тамырларын зақымдайды, етпен араласып кетеді. Бұндай жағдаймен маған үш-ақ адам келді. Оларды дәрігерге жібердім. Ал жабық сынық кезінде тері, ет көп зақымданбайды. Ісіп немесе қанталап кетсе, ондайда қойдың құйрығының тақыр жерін тартамын. Ертеңіне ол жер тазарады. Сосын сынған жерлерді саусақ ұшымен сезіп білген соң, біртіндеп орны-орнына келтіремін де, қозғалмастай етіп таңып тастаймын. Үш күннен кейін сүйектер бір-бірімен дәнекерлене бастайды. Жеті күннен кейін кей жағдайда 21 күннен кейін қарап, дәрігерге баруларын талап етемін».

Сынықшының ұрпақтары арасынан әзірге оның жолын ұстанғандар жоқ, бірақ үлкен ұлы Смағұлдың ісмерлік қасиеті бар. Ол ағаш, темірден түйін түйген нағыз шебердің өзі. Жасаған қолөнер бұйымдарымен түрлі деңгейдегі бірнеше көрмеге қатысқан. Қолынан шыққан сегіз өрім тобылғы қамшы, мал сүйектерінен оюланып жасалған ұршық, пышақ,шахмат тастары, шақша ыдыстары еріксіз көз тартады.

Ел қадірлеген ерлердің болмысын насихаттап, есімін жаңғырту — бүгінгі буынға ортақ міндет. Жанғали сынықшы туралы төгілтпесек те төңіректеп жазуға тырысып, көнекөз қариялардың әңгімелерін жүйелеуіме сол ортақ міндет түрткі болды.

 Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Суретте: Сынықшы Жанғали Аманбаев және баласы Смағұлдың көлөнер туындылары.

  • Айтарым бар

АУЫЛЫМ — ҚҰТТЫ ҚАЗЫҒЫМ

Әр қазақ өз ауылын алтын бесікке теңейді. «Туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» деп қазақтың атақты үш биінің бірі қаз дауыстыҚазыбекбабамыз айтқандай, туып-өскен жеріміз —Қарабұтақ ауылы. 1997 жылы үкімет қаулысының негізінде Қарабұтақ ауданы жабылып, ірішаруашылықтардың екеуі —  Бөгетсай, Тасөткел совхозыХромтау ауданына, қалған бесеуі қазіргі Әйтеке би ауданының қарамағына өтті.

Сол кездегі облыс басқарып отырған азаматтар халықтың пікірімен санаспады. Аудан орталығындағы кәсіпорын, мекемелер мен ұйымдартаратылғандықтан, күнкөріс көзінен айырылған тұрғындар
«тұрымтай тұсына, балапан басына» дегендей, үдере көшудібастады. Бұрынғы Қарабұтақ ауданы жер көлемі жағынаноблыстағы он алты ауданның арасында алтыншы орыналатын.1993 жылғы санақ бойынша ауданда 19300 тұрғын болған. Төрт түлік жөніне келер болсақ: 37500 ірі қара, 196000 қой, 7100 жылқы болған. Жалпы егіс көлемі 123000 гектар болса,оның ішінде дәнді дақылдар алқабы 89000 гектар болған. Қарабұтақтың 1981 жылы мемлекетке 4,5 млн пұт астық тапсыруыбұл өлкенің егін саласында да мүмкіндігі бар екенін айғақтаса керек.

Қарабұтақ өлкесінде барлық дақылдан бидай, арпа, тары, жүгері, күнбағыс, сондай-ақ көкөніс түрлерінен де мол өнім алынады. Жеріміз пайдалы қазбаларға да бай.

Ауданда жеті кеңшар, заман талабына сай өндіріс орындары —  автокәсіпорын, астық сақтауға арналған элеватор, ауылшаруашылық техникалар базасы, асфальт зауыты, жол өндірістік мекемесі, шаруашылық құрылыс мекемесі, орман шаруашылығы мекемелерімен қатар, 60 төсектік 3 қабатты аурухана, жалпы білім беретін 9 орта, негізгі білім беретін 8 мектеп, бастауыш білім беретін 9 мектеп, 10 балабақша, 5 бағдарлама бойынша хабар тарататын биіктігі 264 метрлік телемұнара халыққа қызмет көрсетті.

Аудан үш жақтан бірдей келетін электр қуатымен қамтылды.Қалай айтқанда да,Қарабұтақ — болашағы жоқ елді мекендер қатарынан емес, керісінше, саудаға да, өндіріске де, тұрмысқа да қолайлы болашағы мол, заман ағымына сай мекен.

Еуропа мен Азияны жалғайтын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай»автотрассасының, солтүстігінде Қостанай, Елорда арасын жалғайтынжолдардың тоғысында орналасқандықтан, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы мекен. Қазірдің өзінде бір ғана Қарабұтақ ауылында бес кемпинг, бес жанар-жағармай құю және алты газ құю бекеті жолаушыларға қызмет көрсетіп отыр. Сонымен бірге төрт жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 32 шаруа қожалығы, 115 жеке кәсіпкер еңбек етуде. Біз бір ғана ауылдың шаруашылығын айтып отырмыз. Демек, қалған 4 шаруашылықта да осындай әлеуетбар деген сөз.

Бүгінгі таңда Қарабұтақ, Аралтөбе, Ақкөл, Аралтоғай, Қайрақты ауылдық округтері Әйтеке би ауданы орталығы — Т.Жүргенов атындағы ауылға баруы үшін жақындағылары 85, шалғайдағылары 300 шақырым жол жүрулері тиіс. Қайталап айтайық, бұл баруы ғана. Қажетті құжаттарды рәсімдеу үшінбаратын тұрғындар, есеп-қисап тапсыратын мамандар, ауруханаға баратын сырқаттар үшін бұл қашықтық үлкен қиындық тудыратыны өз-өзінен белгілі. Қазақтың атаулы үш биінің біріӘйтеке би есімі берілгенде халық үшін қолайсыз жағдай болады деген ой түсіме де кіріп шықпапты. Кезінде билік тұрғындар пікірімен санаспады, енді қазіргі билік өкілдерінен күтер үміт көп: тұрғындардың осындай қиналысын ескеріп, пікіріне құлақ асып, Қарабұтаққа қайтадан аудан мәртебесін берсе, елдің тірлігіне қан жүгірер еді…

Бағдат ЕҢСЕПБАЕВ,

ардагер ұстаз.

 

  • Тарих

САРМАН БИДІ ҰЛЫҚТАУ — ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Жуырда менің қолыма «Қайсар мінезді Сарман би» деген тақырыптағы танымдық зерттеу мақала түсті.Лезде оқып шықтым. Өзім сол бидің ұрпағы болған соң, Сарман би туралы ертеректе үлкендерден емескі естігенім бар. Сол бала күнімдегі естіген әңгімелер әлі де жадымда. Осы мақалада сол менің естіген сөздерімнің көбісі келтірілген. Артында «Сарманы бар елдің арманы бар ма?» деген қанатты сөз қалған адамның өзінің де арманы жоқ шығар…

Бұл —билік айтқанына жүгінген, төрелігін күткен халықтың бағасы.

Қазақтың ұлт-азаттық көтерілістерінің қатарындағы «Исатай-Махамбет» көтерілісі —  ауқымы мен саяси маңызы жағынан тарихтан бағасын алған оқиға. Осы оқиғаның бел ортасында жүрген тұлғалардың бірі Сарман бидің ескерусіз қалуы қынжылтады. Екі ру арасындағы ел ішіндегі дауды шешуге барып, шейіт болған Сарман би туралы архивтегі құжаттарда былай делінген: «Кете руының Майлы тармағынан шыққан бүкіл Кете руының атынан сөйлеген абыройлы би, батыр». Осы деректерден-ақ біраз дүниені аңғаруға болады.

Сондықтан Кіші жүзде ел ішіндегі күрделі дауды шешуде көпшіліктің Сарман биге жүгінуі бидің беделінің өлшемі болса керек. Ал үлкен дауды шешуге барып, шейіт болған Сарман бидің өліміне байланысты шешімді Исатайдың өзі айтуы да сол уақыттағы оның ел ішіндегі ықпалын көрсетіп отыр. Сондықтан бидің есімін ұлықтап, оның өнегесін бүгінгі ұрпаққа жеткізу бізге парыз!

 Қазбек НҰРЫМГЕРЕЙҰЛЫ,

еңбек ардагері.

Ойыл ауданы. 

  • Ұрпақ

БҰЛ ӨЗГЕРІСТЕР БІЗГЕ ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Тәуелсіздігін жариялап, өз алдына жеке, егемен, азат ел болған Қазақстанымыздың заңды бекітілген мерекелерінің бірі — Конституция күні.

Конституция күні мерекесінің мемлекеттік мән-маңызы жоғары.Ел Конституциясы —  әрбір азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі әрі мемлекет идеологиясының толықтай жүзеге асуының жарқын көрінісі. Республикамыздың әрбір азаматы өз құқықтары мен міндеттерін біліп, заңымыз бекіткен тәртіп-ережелерді ұстануы шарт.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Конституциясына бірнеше рет толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Биыл Ата заңымыздың 33 бабына өзгерістер енгізілді. Президент өз сөзінде «азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетігі едәуір күшейетінін», «жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» екендігін айтып, оны заңмен бекітті.

Елдің болашағы — біз, жастар. Негізгі құжатымызға енгізілген өзгерістер бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Бүкіл халық қолдауымен қабылданып, мемлекет дамуының басты құжатына айналған Ата Заңымыздың тарихын, мән-мағынасын білгенде ғана біз өз мемлекетімізді, тарихымызды, ұлттық құндылықтарымызды қадірлейтін боламыз. Ал өзін, халқын, тілін, тарихын құрметтейтін азаматтары бар мемлекет қана дамудың даңғыл жолына түсіп, тыныштық пен бірлікке оңай қол жеткізері хақ.

 Диана ӘДІЛХАН,

Ғ.Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

  • Аға буын

ҮЛКЕНДЕР ЖОЛЫ — ҮЛГІ

Халқымыздың рухани құндылықтарының ішіндеүлкен адамдардықұрметтеу, олардың өнегелі өмірінен тәлім алу — тарихи тұрғыда қалыптасқан берік дәстүр. Атадан балаға мирас болып сан ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан осы салт халықтың береке-бірлігін сақтап, адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ететін құндылық екені аян. Дана халқымыз «Қарттарын қадірлеген ел озады» деп бекерге айтпаса керек. Өнегелі ісімен, бай тәжірибесімен, ұрпаққа айтар ақылымен кейінгі толқынды дұрыс жолға бағыттайтын ардагерлерге деген сый-құрмет ешқашан тоқтамауға тиіс. Қарияларымыздың үлгісі мен өнегесі, тәлім-тәрбиесі жастар ортасында жиі насихатталғаны жөн. Аға буын ешқашан қоғамдық-саяси оқиғалардан тыс қалмауға тиіс. Өздерінің бай өмірлік тәжірибесіне, біліміне, күш-қуатына, ақыл-ойына сүйене отырып, мемлекетіміздің дамуына атсалысуы керек.

Осы бағытта Шұбарқұдық ауылдық округі ардагерлер кеңесі белсенді жұмыс істеп келеді. Біздің кеңестің ұйымдастыруымен Шұбарқұдық кентіндегі ардагерлер түрлі шараларға қатысады. Атап айтсақ, ауған соғысының ардагерлерімен кездесу, басылымдарда шыққан мақалаларды талқылау, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің кездесулеріне қатысып, өз ұсыныстарын айту, мерейлі жасқа толған ата-әжелермен кездесу, оларды құттықтау, мектеп оқушыларымен кездесулер өткізу, түрлі бағыттағы қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға қатысу секілді істерді белсене атқарады.

Жасы ұлғайған адамдарға ең керегі — ардагерлер ұйымы мен билік органдары тарапынан айтылатын жылы сөз, олардың еңбегін қоғамның мойындауы, сыйластық көзқарас, сенімді қарым-қатынас қой. Түрлі қызметте жүрген жастар осы мәселелерге басты назар аударғаны абзал…

 М.НҰҒЫМАНОВ,

Шұбарқұдық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.

  • Қайнайды қаның

МАСЫЛ БОЛМА!

Елдің бәріне күйе жағуға болмайды, бірақ жекеге көмек сұрап келетін толассыз хаттарға қарап күйінемін. «Балаларым аш», «Күйеуім де, мен де жұмыссызбыз», «Көмек керек» деген хабарламадан көз сүрінеді.

Мен не істей аламын, асып-төгіліп жатқаным шамалы. Қолымнан келгеніне ептеп қол ұшын созып қоятыным бар. Бірақ одан асырып не істейсің?!

Алайда осы хаттардың иесіне де өкпем қара қазандай. Бәрі демеймін, көбі қайыр сұрауға үйреніп алғандай. Ондай масылдық қайдан енген?

Қазір 21 ғасырда жұмыссыз жату — ұят тірлік. Ірі-ірі мегаполиске келіп алып, шиеттей бала-шағасын аштан қатыру қылмыс емес пе? «Ақыры ауылыңнан шыққан екенсің, қазір мал бағып та жағдайыңды түзеп алуға болады ғой» десең, «Малмен мал боп жүргім келмейді» дейді. Мегаполисте әркімнен жеку естіп, бала-шағасына тамақ тауып бере алмай, лашықта жатқанымен шаруасы жоқ.

Мен бұл әңгімені аузымнан ақ май төгіліп, ит басына іркіт төгіліп жатқаннан айтып жатқам жоқ. Мысалы, ауылдағы ағам мал бағады. Сол кісі өзіне бірнеше жылдан бері малшы іздеп жүр. Үй бар, ай сайын жалақысы бар, жыл соңында беретін сыйақысы тағы бар. Бір адам емес, бір отбасының қоңын шығаруға жететін жағдай жасай алады, шүкір. Бірақ мал бағуға ешкім келмейді. Бәрі «малмен мал болып жүргісі келмейді-міс».

Ал сол малдың артынан келе жатқан ағам көштен қалып, көңілден өшкен емес. Тіпті бүтін бір ағайын-туыстың жағдайына қарайласып отыр.

Ал «мал болғысы келмегендер» қалада «қорада» жатыр. Өйткені ірі мегаполис қайырымдылық алаңы емес, бәсеке мен бақталастыққа толы октагон. Қай жеңгенің ұшпаққа. Білімің мен білігің жетіп тұрса мақұл, ал ауылда аутсайдер болса, мынада неңді бұлдайсың?!

Қатты айтқандық емес, ашынғаннан шығады ащы дауысым дегеннің кебі ғой…

Есен ЕЛЕУКЕН,

әлеуметтік желідегі парақшасынан.

 

Оқырман хаттарын топтастырған Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button