Жаңалықтар

Жат ағым — жақсылыққа апармайтын жол

Қазіргі көкейкесті мәселенің бірі — діни ахуал. Елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де діни ахуал тұрақты болғанымен,түрлі жат ағымдардан төнген қауіп-қатердің әлі де сейілмеуі, оларды ұстанушылардыңтеріс пиғылға, алауыздыққа бейімдігі көпшілікті алаңдатып отыр.

Деструктивті ағымдардың үгіт-насихатынаоңай еретін кімдер? «Жусан» операциясымен елге оралғандар ортаға, қоғамға сіңіп кете ала ма? Жастарымыз жат ағымның жетегінде кетпеу үшін не істеуіміз керек?

Осы сауалдар төңірегінде біз терісағымдар ықпалына ұшыраған азаматтарды оңалту және қоғамға бейімдеу бағытындағы жұмыстардың басы-қасында жүрген маман, психолог Лаура Ұзақбаевамен сұхбаттасқан едік.

— Деструктивті ағымдардың ешкімді жақсылыққа бастамайтыны, олардың қауіптілігі жөнінде көп айтылады. Бұл дін емес, діннің атын жамылған лас саясат жолы екенін әр көзі ашық жан мойындайды. Сонда да болса, айналамызда жат ағымдардың үгіт-насихатына ілесіп, еріп кеткенадамдар бар…

— Деструктивті ағымдардың ықпалына ұшыраған азаматтармен жұмыс барысында аңғарғанымыздай, олардың құрығына көбіне 14 пен 29 жас аралығындағы жастар ілігеді. Әдетте, мұны интернеттің кең қолданысқа енуімен байланыстырамыз. Жастарымыз жаңалыққа құштар, дүниені ғаламтордағы ақпараттар арқылы қабылдайды. Ғаламторды игерудің, пайдалана білудің жақсы да, жаман да жақтары бар. Жақсы мен жаманды айыратын ой сүзгісі жоқ жерде, түрлі теріс пиғылды күштердің үгіт-насихатына еру оңай… Өкінішке қарай, кей жастарымыз осындай қателікке ұрынып отыр.

Виртуалды әлемде отырып, деструктивті ағымдардың үгіт-насихатын жүргізушілер, әрине, алдымен үлкен дайындықтан өтеді. Олар кімді арбауды, қалай арбауды, қайткенде осал тұсын тауып, өз жағына тартуды жақсы меңгерген. Ал психологиялық тұрғыдан өтпелі кезең дағдарысын бастан өткеріп жүрген біздің 14-15 жастағы жасөспірімдеріміз немесе 20-25 жас аралығындағы қыз-жігіттеріміз көбіне ата-ананың қолдауына, түсіністігіне ие бола бермейді. Ата-аналар күнкөріс қамымен жүріп, баланы бақылауды ұмытады, оған көңіл бөлмейді. Жасөспірім шақтағы өтпелі кезең — ең күрделі уақыт. Бұл уақытта баланың өз «мені» тереңдей түседі, ол айналасындағылардың өзімен санасуын қалайды, өзі үшін әділеттілік іздейді, өмірдегі орнын айқындағысы, көп мәселеде тізгінді өз қолына алып, шешімді өзі қабылдағысы келеді. Яғни, ол енді бұрынғыдай алаңсыз бала емес, ішкі жандүниесінде, айналамен қарым-қатынасында үлкен өзгерістер болып жатыр. Міне, осындайуақытта жасөспірімнің жалғыз қалуы қауіпті… Ата-ана жұмыста. Көпке топырақ шашқымыз келмейді, бірақ мектептегі мұғалім де тек сабағын түсіндіріп, баланың оқуын бақылаумен шектеледі, мектептен тыс уақыттағы өмірін білмейді. Ал көңіл бөліп, өзімен сырласатын, жан-дүниесін түсінетін жақын адам іздеген бала не істейді? Ондай жанды енді сырттан іздейді. Сырттан дегенде, қазіргі жағдайда бұл —оның қолындағы телефоны. Сол арқылы ғаламторды шарлап, түрлі желілерді «аралайды». Сондай кезде оған деструктивті ағымның өкілі «кезіге» кетіп, жылы-жылы сөйлеп, бауырына тартады. Мұны мен өз  тәжірибемнен, жат ағым ықпалына іліккен жастармен жұмыс барысынан көріп, біліп жүргеннен айтып отырмын.

20-25 жас аралығы да — күрделі кезең. Осы уақытта тұрақты жұмыссыз, өмірден өз орнын таппай, күткені орындалмай, яғни фрустрация жағдайында жүрген жастар да теріс ағымдардың үгіт-насихатын оңай сіңіруге, тез қабылдауға бейім келеді. Сондықтан маргинал жастар мәселесінің оң шешім табуы да жат ағымдардың таралуының алдын алуға үлкен бір септігін тигізер еді…

—Біздің ұғымымызда дін — имандылық жолы. Сондықтан баласы, жақыны дінге бет қойған жағдайда, ешкім де оны бірден жамандыққа жорымайды. Ал адамның жат ағымның жетегіндежүргенінқалай тез анықтауға болады?

— «Аддикция» деген ұғым бар, бұл — бір нәрсеге шырмалып, соған тәуелді болу. Мысалы, құмар ойынның, ащы судың соңына түсіп кеткен жандарды білеміз, ал діндегі фанатизм де — сондай тәуелділіктің бір түрі. Бұл — анық жат ағымның белгісі. Өйткені дәстүрлі дінде фанатизм болмайды, ол орта жолды ұстануды, байсалдылықты насихаттайды.

Әрине, дін жолына түскен адамға қатысты күмән болса, ең алдымен мамандармен ақылдасқан жөн. Осы бағытта жұмыс істеп жүрген тәжірибелі мамандар жеке әңгімелесу барысында деструктивті ағымдар арбаушыларының үгіт-насихатының «ізін», белгілерін бірден-ақ аңғарады.

— «Жусан» оперциясына қатысты елдің пікірі екіге жарылғаны белгілі. Сириядан келген қыз-келіншектермен жұмыс істеген маман ретінде сіз не айтар едіңіз?

— «Жусан» гуманитарлық операциясы, ең алдымен, жат ағым жетегінде Сирияға кеткен қазақстандықтардың ақ шашты ата-аналарының тілегін ескеріп, сонымен бірге, олардың қолындағы балалардың болашағы үшін ұйымдастырылғаны белгілі. Балалардың бірқатары елден 3-5 жасында кеткен болса, енді біреулері тіпті сол жақта дүниеге келген. Әрине, баланың ешқайсысының жазығы жоқ.

Сирияға кеткен жүздеген әйел елге оралды. Олардың бір бөлігі кезінде ақ сүт беріп, асырап-өсірген ата-анасын «кәпір» деп сөгіп, тастап кеткеніне қарамастан, ата-аналары онысын кешіріп, құшақ жайып қарсы алды. Бұл да халқымыздың кеңдігінің, өз жақынын шексіз жақсы көре алатындығының бір белгісі деп қарадық. Қыз-келіншектердің арасында жағдайы қиын, жарақатпен келгендер де болды. Оқ пен оттың арасынан, бомба жарылып жатқан жақтан келді ғой. Бірақ бәрінен де  балалар аянышты көрінді. Олар тіпті қолына берген ойыншықпен қалай ойнауды да білмеді… Қазақ тілін түсінбейді, арабша не орысша сөйлейді. Ал сурет салса, құлап, қирап жатқан көріністерді, түрлі қаруларды бейнелейді және көбіне қара түспен бояйды. Көз ашқаннан көргені соғыс болған соң, өзінің сәби санасымен соғысты кәдімгі қалыпты өмір, қалыпты жағдай сияқты қабылдайтыны білініп-ақ тұр. Бұл қандай қасірет десеңізші! Ата-ананы жылату, баланы осындай халге жеткізу, міне, жат ағымның жетегіне ерудің салдары…

Сириядан келген әйелдермен және балалармен жұмыс үш жылдан бері жалғасып жатыр. 7-8 жыл басқа елде тұрған, басқа мәдениет, басқа дәстүрге біржола бейімделіп кеткен жандардың бетін бері қарату оңай емес, ол үшін ұзақ та табанды жұмыс керек. Дегенмен өз қателіктерін түсінген, өкінген қыз-келіншектер бар. Яғни жұмысымыздың нәтижесі бар деген сөз.

— Жастарымызды жат ағымның насихатынан сақтандырудың жолы қандай?

— Жоғарыда айтқанымдай, өтпелі шақтағы жасөспірімдердің, маргинал жастардың психологиялық ерекшелігіне назар аудару қажет. Оларға ата-ана, мектеп, қоғам тарапынан жан-жақты қолдау керек.

Әрине, тәрбиенің басты көзі, басты ошағы — отбасы. Бірақ мектептің де рөлі зор: мектепте оқушылардың, әсіресе жасөспірімдердің буллингке ұшырамауын қатты қадағалау қажет. Түрлі суицид оқиғалары да осы буллингтің кесірінен болатынын ескерсек деймін.

Тәрбие отбасынан басталады дегенмен мектеп, тиісті орындардың ата-аналарға қозғау салып, осы мәселеге барынша назар аудартуға тырысқаны жөн. Мысалы, жат ағымдар тарапынан төніп тұрған қауіп, бұған интернеттің ықпалы, баланы үнемі бақылаудың маңызын түсіндіретін, яғни сол мазмұндағы бейнероликтерді көптеп түсіріп, ата-аналар жиналысы, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы таратқан дұрыс. Бейнероликтің артықшылығына келсек:адамдардың басым бөлігі — визуал, көп мәселені көзбен көру арқылы жақсы ұғынып, қабылдайды. Бала ғаламтордан не қарайды, қандай сайттың материалдарын ұнатады, қай желіде көбірек отырады? Өкінішке қарай, көп ата-аналар мұны бақылауда ұстамайды.

Сонымен бірге, әрине, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге барынша көңіл бөлуге тиіспіз. Соның ішінде, ең алдымен, тіл мен тарихты насихаттау керек. Тіл мен тарих — біздің тамырымыз. Ұрпақты сол тамырдан ажыратпау арқылы түрлі жат ағымдардың ықпалынан сақтап қала аламыз.

Сұхбаттасқан И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button