Мәдениет

Танымды тағылымдар

Ел егемендігінің ең басты өлшемдерінің бірі – білім мен тәрбие. Сондықтан білім беру ісін ғылыммен, тәрбиені этномәдени құндылықтармен ұштастыра білген ел барлық уақытта да ұтады. Ал білімді, тәрбиелі ұрпақтың бойында өз еліне, ұлтына, атамекеніне деген отансүйгіштік сезім қалыптасады.

Осыдан біраз бұрын Алматыдан шыққан А.Дүйсенбаевтың «Түркі халықтарының тәлімдік тәжірибесі мен педагогикалық мұраларындағы отансүйгіштік тәрбие» деп аталатын монографиясында аталған мәселе кең көлемде тарихи-танымдық үрдіс тұрғысынан қарастырылған екен. Автордың жаңа еңбегінің ерекшелігі — мәселені кең көлемде алып, жалпы түркі халықтарының тәлімдік-тағылымдық тәжірибелеріне, педагогикалық мұраларына сүйене отырып, отансүйгіштік тәрбиені уақыт талабына, тәуелсіз елдің  сұранысына сай талдауында.

Монографияда автор түркі халықтарындағы отансүйгіштік туралы қоғамдық-философиялық, педагогикалық-психологиялық, тарихи-танымдық әдебиеттердегі ұғымдар мен түсініктердің мазмұнын талдап, оның қалыптасу генезисін ерте дүниеден бастап, жаңа, біздің заманымызға дейін соза түсіндіреді.

Түркі патриотизмі түркілік идеяларды негізге ала отырып, бүкіл түркілік тұтастыққа негізделген тарихи-педагогикалық маңызы зор тәрбие жүйесін құрайды. Осыған сәйкес, қазіргі уақытта жеке тұлғаның  бойындағы түркі халықтарының тәлімдік тәжірибесі мен педагогикалық мұрасындағы отансүйгіштік тәрбиені қалыптастыру басты міндет болып саналады. Отансүйгіштік тәрбие беру түркілік патриотизмнің көсемдері Мөде қаған, Тоныкөк, Томирис, Алып Ертоңға, Алып Манас (Алпамыс), Еділ батыр (Аттила), Едіге, Қобыланды батыр, т.б. баһадүрлердің ісінен  бастау алады және ұрпақ бойындағы ерлiк сезiмiн оятып, туған жерге деген  сүйiспеншiлiгiн қалыптастыруда да зор мәнге ие. Автордың түйіндеуінше,  түркі халықтарының тәлімдік тәжірибесі мен педагогикалық мұрасындағы отансүйгіштік тәрбиені білу —  қажеттілік.

Автордың пайымдауынша, отансүйгіштік тәрбиенің тірегі – түркілік дәстүрдегі елін қорғау қағидасы, яғни көне аңыздар мен жырлар, поэтикалық туындылар, мақал-мәтелдер мен салт-дәстүр,  әдет-ғұрып, т.б. сияқты руханият құрылымдары арқылы өмірге еніп, іс-тәжірибе мен халық рухында, ұрпақтар санасында, ұлттық менталитетте қолдау тапқан танымды тағылымдар, басты әсерлі факторлардың бірі. Мәселен, қазақтың дәстүрлі ерлік дастандарындағы батырлар  тұлғаларын идеалдандырып, ұрыстық сапаларды әсірелеп, халықтың ерік-жігері мен күш-қуатын жинақтап көрсету әрекеттері шынайы отансүйгіштік рухпен тоғысады. Бұлар түркі тағылымдарында басымдылықпен бейнелене отырып, оғыз-қыпшақ ұлысы мен өз дәуіріндегі қоғамдық өлшемдерге, әлеуметтік талаптарға айналдырылған.

Монографияда  бүгінгі  таңдағы түркі халықтарының этнопедагогикасы негізінде отансүйгіштік тәрбие туралы ғылыми-педагогикалық талдаулар мазмұндалған, сонымен қатар зерттеліп отырған проблеманың қалыптасу факторлары айқындалып,  ғылыми тұжырымдамалар жасалған. Отансүйгіштік тәрбие берудiң ғылыми-әдiснамалық негiздерi тарих, философия, этнология, этнография, түркология, этнопедагогика, этнопсихология ғылымдарының қағидаларына  сүйене отырып кең көлемде анықталады.  Түркі халықтарының тәлімдік тәжірибесі мен педагогикалық мұралары негізінде студенттерге отансүйгіштік тәрбие беру мүмкіндіктері қарастырылады, осы тақырып бойынша элективті курс ендірудің қажеттілігі ұсынылады.

Жас ғалым-педагог Абай Дүйсенбаевтың  отансүйгіштік тақырыбына жазылған бұл еңбегі студент жастардың жалпы гуманитарлық-әлеуметтік білімдерін жан-жақты кеңейтуге септігі тиетіндей  құндылыққа ие дүние.

Алтай  Тайжанов,

философия ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button