Жаңалықтар

Жолға қатысты жобалар талқыланды

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңесте жол жобаларын іске асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы өңірде автомобиль жолдарының дамуын тежейтін проблемаларды қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

Кеңеске мемлекеттік органдардың басшылары, аудандар мен Ақтөбе қаласының әкімдері, мердігер ұйымдардың өкілдері қатысты.
«Жол салу және жөндеу бойынша жұмыстарды сапалы жүргізу ерекше бақылауда. Жол нысандарын пайдалануға уақытылы және сапалы тапсыруды қамтамасыз ету үшін проблемаларды шешудің барлық жолын қарастыру қажет», — деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірде ұзындығы 303 шақырым «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» республикалық маңызы бар автожолын қайта жаңарту бойынша 6 жоба іске асырылып жатыр.
Биыл 203 жоба жүргізілуде, оның шеңберінде 663 шақырым автожолды (оның ішінде 80 шақырым — облыстық, 412,4 шақырым — аудандық жолдарды, 197 көшені немесе 170,3 шақырым қалалар мен аудандардағы көше-жол желісін) жөндеу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ «Ақтөбе қаласының батыс айналма жолы» автожолының 7-17 шақырымын және «Дөң-Бадамша-Ақтөбе-Орск» автожолының 45-75 шақырым учаскелерін реконструкциялау, «Покровка-Темір-Кеңқияқ-Ембі» автожолының 78-84 шақырым учаскесі мен 0-78 және 84-111 шақырым учаскелерін орташа жөндеу, басқа да жобаларды іске асыру басталды.
Орындалған жұмыстардың нәтижелері бойынша 2023 жылдың басында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 72 пайызға жететін болады.
Бұдан бөлек, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, сондай-ақ мердігер ұйымдардың өкілдері бірқатар проблемалық мәселелерді атап өтті. Олардың ішінде инертті материалдарды, битумды тасымалдау үшін теміржол вагондарына қажеттілік, газбен жабдықтау желілерін қайта құру және т. б. бар.
Жиын соңында облыс әкімі мердігерлерге жолдың бұзылуы, сапасыз салынуы немесе жөнделуі үшін жеке жауапкершілік туралы ескертті. «Мен бұл мәселені қатаң бақылауда ұстаймын», — деп қорытындылады Ералы Тоғжанов.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button