Жаңалықтар

Жылыту маусымына дайынбыз ба?

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне жылыту маусымына дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралған жиынға мемлекеттік органдардың басшылары, қала және аудан әкімдері, коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері қатысты.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының мәліметінше, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлерді, қазандықтарды, жылу, су-кәріз және электр желілерін жөндеу жұмыстары 99 пайызға аяқталған.

Бюджеттік ұйымдар үшін 33 455 тонна көмір мен 1 787 тонна дизель отыны дайындалды. Ал тұрғындарға 25 мың тонна көмір қажет.

Облыс әкімі тиісті мекеме басшыларына қатты отын қорын жасауды тездетуді, сондай-ақ тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларға күн суытпай тұрып қысқы отындарын жинап алуды айту керектігін тапсырды.

Жиында Ералы Тоғжанов жылыту маусымына дайындық барысы үнемі бақылауда болуы керектігін баса айтты.

Бұдан бөлек өңір басшысы әлеуметтік нысандардың қазандықтарын резервті электр көздерімен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Бүгінде облыстың жеті ауданында әлеуметтік нысандар резервті қуат көздерімен 80-95,8 пайыз ғана қамтылған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button