Жаңалықтар

Мыңнан астам ақтөбелік әскерге аттанады

Әскерге шақыру

5 қыркүйектен бастап еліміз бойынша күзгі әскерге шақырту науқаны басталды. Алдағы айларда Ақтөбе облысы бойынша мыңнан астам азамат Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Дүйсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінованың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі көктемгі әскерге шақыру жұмысы қорытындыланып, күзгі науқан барысы талқыланды.

Есепті жиынға ҚР Қарулы Күштері  Бас Штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің басқарма бастығы Қанатбек Мұсаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, оның орынбасарлары, аудандық әскерге шақыру комиссиясының төрағалары, полиция департаментінің өкілдері  қатысты.

Қанатбек Мұсаевтың айтуынша, биылғы көктемгі әскерге шақырту кезіндегі қойылған міндеттерді Ақтөбе облысы жоспардан артық орындаған. Дегенмен олқылықтар да бар.

— Біздің өңірлерге барудағы негізгі міндетіміз — көктемгі әскерге шақырту кезінде орын алған олқылықтарды күзгі науқан кезінде қайталамау. Биыл 18 мың азамат әскерге қабылданады. Оның 1000-нан астамы — ақтөбеліктер.

5-28 қыркүйек аралығында шекара қызметіне, 5 қазан мен 15 қараша аралығында еліміздің Қарулы күштерінің қатарына, 6-10 қазан аралығында мемлекеттік күзет қызметіне, 14қараша мен 28 желтоқсан аралығында Ұлттық Ұланға қабылдау жұмыстары жүргізіледі, — деді Қанатбек Мұсаев.

Жиын барысында көктемгі әскерге шақырту жоспары артығымен орындалғанмен облыста 5 команданы дер кезінде жасақтауға мүмкіндік болмағанын айтқан Бұлбұл Елеусінова тиісті мекемелер мен  аудан әкімдері орынбасарларының алдына нақты міндеттер қойды.

  • Науқан кезінде медициналық тексеруді ұйымдастыру қала және аудан әкімдерінің құзыретіне жатады. Оны қаржыландыру мәселесіне байланысты хаттамалық тапсырмалар берілді. Облыс әкімі тарапынан қолдау бар. Өкінішке қарай, арамызда соны орындамай отырған әріптестер бар. Сондықтан әр команданың дер кезінде сапалы жасақталуын ұйымдастыру үшін жұмыстар бүгіннен басталуы керек, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиында айтылғандай, аудандарда окулист мамандары жоқтың қасы. Бұл мәселеден хабардар екенін айтқан Бұбұл Елеусінова денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне аталған мәселені шешудің жолдарын қарап, тіпті болмаған жағдайда күзгі шақырылым аяқталғанша облыс орталығынан мамандар жіберу жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Дәл сол күні түстен кейін ҚР Қарулы Күштері  Бас Штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің басқарма бастығы Қанатбек Мұсаев Шығармашылық академиясында

облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті өкілдері, облыстық, қалалық, аудандық шақыру комиссиялары мен дәрігерлік комиссиялардың төрағалары, әскери прокуратура мен әскери полиция өкілдерінің қатысуымен жиын өткізді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button