Жаңалықтар

Өрт сөндіру бекеттері құрылады

«Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өңірде өрт қауіпсіздігінің алдын алу жұмыстарын күшейтуге байланысты жиын өтті»,— деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынды ашқан өңір басшысы Қостанай облысындағы тілсіз жаудан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық жүк тиелген алғашқы керуенді жөнелтуге көмектескен бір топ кәсіпкер азаматтар мен ерікті студенттерге алғысын білдірді.

— Кеше тілсіз жаудан зардап шеккен қостанайлықтарға Ақтөбе облысынан азық-түлік, киім-кешек пен басқа да қажетті заттар жіберілді. Гуманитарлық көмек Қостанай облысының әкімдігімен келісіліп жасалды. Біз әрі қарай да барлық қажетті қолдауды көрсететін боламыз. Көрші облыс тұрғындарының басына түскен ауыртпашылыққа бейжай қарамаған әрбір ақтөбелікке алғыс айтамын», — деді облыс әкімі.

Ақтөбе облысында да өрт шығу қауіптілігі әлі де жоғары. Осы жылдың сегіз айы ішінде өңірде 379 өрт оқиғасы тіркелген. Ірі табиғи өрттер Мәртөк, Әйтеке би, Қобда және Хромтау аудандарында орын алды. Жуырда жеті ауданда дала өрті тіркелді. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев тергеу шаралары өрттің себебін, шығыны мен кінәлі тұлғаларды анықтап жатқанын жеткізді.

Елді мекендерде өрт шыққанын ескертіп, оны сөндіруге көмектесетін 322 ерікті құрылым бар, олардың құрамында 2100-ден аса адам жұмыс жасауда.

Құрылымдардың жеткілікті дәрежеде қажетті заттармен жабдықталмағанын атап өткен облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдеріне еріктілерге өрт сөндіретін мотопомпалар, аспалы өрт сөндіргіштер, арнайы киім мен өрт сөндіретін тіркемелі бөшкелер сатып алу жоспарының жүз пайызға орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ елді мекендерді өрт сөндіретін резервуарлармен қамтамасыз ету жұмыстарын жандандырып, әр аудандағы өртке қарсы техникалар мен ғимараттардың жағдайы туралы ақпаратты шұғыл әзірлеуді нықтады.

— Дала өрті орын алған жағдайда біз оның таралуына жол бермейтін жедел шараларды қабылдауға тиіспіз. Бұдан бөлек жалған ақпараттың таралуына жол бермеу мақсатында халықты уақтылы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту қажет, — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы облыс аумағындажетіспейтін 14 өрт сөндіру бекетін құруды тапсырды.Бүгінде 36 өрт сөндіру бекеті жұмыс жасап тұр, бұл қазіргі қажеттілікті  74,4 пайыз қанағаттандырады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button