Жаңалықтар

Ел тілегі елеусіз қалмады

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ұжымы да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауын аса ықыласпен тыңдады. Бұл жолғы Жолдауында да Президент көпшіліктің көкейінде жүрген ойларды дөп басып, сұрақтарына жауап берді.

Президенттің қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешімін қуана қабылдадық. Бұл ел тілегі болатын. Өйткені ол кезде арандатушыларға алданып қалғандар аз емес еді.

Президент Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын

балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынды. Қаржы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржыны балалар кәмелет жасына толғаннан кейін баспана немесе білім алу үшін жұмсай алады. Бұл — балаларға, олардың ата-анасына үлкен қолдау.

Мемлекет басшысы білім саласына да ерекше тоқталып өтті.

  • Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын, 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасалатынын айтты. Бұның балалар мен олардың ұстаздары үшін қуанышты жаңалық болғаны сөзсіз.

Сондай-ақ Жолдауда балабақша тәрбиешілерін аттестациядан өткізу керектігі айтылды. Болашақтың бастауы балабақшадан басталады десек, осыған аса мән бергеніміз орынды.

Жолдаудан соң дәстүр бойынша өз пікірлерімізді ортаға салдық. Алдағы уақытта елдің зиялы азаматтарының басын қосып, жастарға түсіндірме жұмыстары жүргізілетін болады. Жаңа Қазақстанның жарқын болашағы өзіміздің қолымызда екенін ұмытпайық.

Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,

С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы директорының орынбасары.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button