Жаңалықтар

Бірліктің алмайтын қамалы жоқ

Ардагерлер, депутаттармен облыстық мәслихат аппаратының қызметкерлері бас қосып, Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын талқылады.

Облыстық мәслихат депутаттарымен облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері Қазақстан Президентінің Жолдауын тікелей эфирден бірге тыңдады. Соңынан олар жаңа бағдарламалық құжаттағы бастамаларға, алдағы реформалардың бағдарларына қатысты өз пікірлерін білдірді.

Талқылауға облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов, облыстық мәслихат депутаты, Amanat  фракциясының мүшесі Сұлупан Шынтасова, облыстық мәслихат депутаты,«Ақжол» фракциясының мүшесі Әсел Шүңкеева, сонымен қатар ардагерлер, т.б. қатысты.

Жолдауды талқылау барысында Президенттің медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсарту, 650 ауылда медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салып, қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының ауыл жұртына үлкен қамқорлық екені атап өтілді.

Ауыл халқына тұрғылықты жерінде сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетілуі керек. Ал бұған қолы жетпей отырған ауылдар бар. Президенттің осы мәселені назарда ұстауы, осыған байланысты нақты тапсырма берілуі қуантады, — деді облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ахат Мырзалин.

Реформалардың түпкі мақсаты — халықтың әл-ауқатын арттыру. Осы орайда зейнетақы жүйесін жаңғырту, зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін біртіндеп ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызына, ал жоғарғы шегін 120 пайызына жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы аясында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылатын болады.

Жиынға қатысушылар бұл еліміздің ертеңі үшін жасалып отырған маңызды қадам екенін атап өтті.

— «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы әр отбасына, әрбір болашақ жас азаматқа біздің жеріміздің байлығынан үлес алуға мүмкіндік бермек, — деді еңбек ардагері Серік Ботағарин.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Нұғманов жиынды қорытындылай отырып сөйлеген сөзінде:

Облыстық мәслихат депутаттары мен біздің ардагерлеріміздің, жалпы баршамыздыңалдымызда үлкен жұмыстар тұр. Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында еліміз үшін өте маңызды шешімдер қабылдады және осы құжатта алға қойылған міндеттерді бірлесіп, бір-бірімізге қолдау көрсете жүріп қана іске асыра аламыз, — деп атап көрсетті.

 С.РӘШ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button