Жаңалықтар

Кәсіпкерлер оң өзгерістер күтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері де тыңдады.

Ел Президентінің дәстүрлі Жолдауын онлайн-көрсетілім арқылы көрген олар әсіресе кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау керектігі сөз болғанда ерекше риза болды. Сондай-ақ жиналғандарды қаржылай қолдау жасалғанда бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән берілетіні, соның ішінде еңбекақы мөлшерін және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға айрықша назар аударылатыны қуантты.

— Мемлекеттік қолдау заңға сәйкес жұмыс істейтін, әлеуметтік жағынан жауапкершілігі мол, еліміздің экономикасын дамытуға лайықты үлес қосатын, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және «Қазақстанда жасалған» брендін кеңінен танымал етуге ұмтылатын кәсіпкерге бағытталады. Жолдауда айтылғандай, енді еңбекақы төлеу қоры мен салық аударымдарын ұлғайтқан кәсіпорындарға да қолдау көрсетіледі. Сонымен бірге мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасалатыны жөнінде хабарды қуанышпен қабылдадық. «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс» деген Президенттің бастамасын біз де қолдаймыз.

Мемлекет кезең-кезеңімен баға белгілеуге араласудан бас тартатыны туралы айтқаны да орынды деп есептейміз. Өйткені бағаларды әкімшілік реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендетеді, тауарлардың тапшылығына және импортқа тәуелділікке әкеледіі.

Мұның барлығы өндірушілер үшін тамаша жаңалық. Өз кезегінде «Атамекен» палатасы бизнес-қауымдастықпен бірге жаңа заң қабылданарда, баға саясатына өзгеріс енгізерде қажет болған жағдайда өз ұсыныс-тілектерінбілдіруге дайын. Өйткені мемлекеттік сатып алу, соның ішінде электронды порталдағы рәсімдеу кезінде кәсіпкерлер көптеген кедергіге тап болады. Сондықтан мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасалатыны құптарлық іс, — деді өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова.

Жолдауды талқылаған жиында палата өкілдері облыс әкімдігімен бірлесіп жергілікті қамтуды мониторингілеу жөніндегі комиссияның 6 отырысын өткізгені айтылды. Сондай басқосуларда жер алу, салық салу, сатып алулар жөнінде арыз-сұрақтар көптеп түседі.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button