Мәдениет

Үнсіздік әлемін кезген суретші

Жақында Ақтөбе қаласындағы облыстық арнаулы (түзетілім) есту қабілеті бұзылған балалар мектеп-интернатында суретші-график Таймас Телеуішевтің сурет көрмесі ұйымдастырылды.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының аталмыш мектептегі бастауыш ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген  шараға елге танымал суретші Әнуар Өтеген – Тана, облыстық «Ақтөбе» газеті редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев және бір топ ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Сонымен, сәл шегініс жасап, сурет өнері әлеміне аялдасақ…

Өмірде «мен сондай едім» деп өзін жарнамаламайтын мәдениеті кемел талант иелері болады. Суретші-график Таймас Телеуішев – сондай жандардың қатарынан. Өте талантты әрі еңбекқор суретшінің туындыларын кезінде шетелдік өнер иелері мойындап, бағасын берген. Өнер ордасы Алматыдан жырақта, Ақтөбедей шағын қалада ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ  тұрып жатқан ол қылқаламын серік етіп, кереметтей туындыларды дүниеге әкелді. Қарапайым келбетінен кісілік пен имани нұр құйылып тұратын суретші қазақ ұлттық графика өнеріне үн-түнсіз жүріп-ақ үлкен үлес қосып келеді.

Ақын Зейнолла Шүкіровтің туған жері Бөген ауылында дүниеге келген суретшінің  алғашқы дүниесі «Ауылым» деп аталған. Сол себепті ме екен, суреттерінің негізгі тақырыбы қазақтың ұлттық болмы­сынан, қазақ халқының өмі­р көріністерінен тұрады. «Туған жерім – Аралым» деп аталатын суретінен көкірек көзі бар жанның туған өлкеге деген мәңгілік бітпес сағыныш жыры есіп тұрғандай. Жыр демекші, Таймас ағаның туындыларының табиғаты поэзияға жақын. Содан да болса керек, суретші өзін «өлең жазбайтын ақын» санайды.

Суретші Әнуар Өтеген-тана Таймас Телеуішев туралы былай дейді:

–– Таймас – өте талатты, еңбекқор суретші. Оны тіпті, суретші ғана емес, ақын, философ деуге болады. Ол поэзияға, тіл өнеріне, философияға өте құштар. Бұл оның шығармаларынан байқалады.

Таймастың қылқаламынан туған акварельдерде өзіндік бір ерекшелік бар. Тіл бар, образ бар. Бір қарағанда жай ғана ақ қағазға салынған сурет сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ акварельмен жұмыс істеу майлы бояумен сурет салғаннан да қиын. Графика өнерінің құндылығы да сонда. Оны меңгерген адамды суреттің қыр-сырын игерді деуге болады.

Қай бір жылдары Таймас экслибриске де қызығушылық танытып, осы жанрға бірталай суреттер салды. Сондай туындыларының көбі халықаралық көрмелерге қатыстырылды. Демек, суреттері Еуропа еліне де бейтаныс емес. Тіпті, «соңғы кездері көрінбей кетті» деп сұрап, іздеп жүргендер де бар. Таймастың суреттеріне қарап, өмір философиясын, ел тарихын көруге болады. Мысалы, «Туған жерім – Аралым» суретінде Арал тағдыры, бақытты балалық шақ бейнеленген. Суретші бақытты балалық шақты бейнелей отырып, теңіз қасіретін де көрсете білген. Мұнда құрғақ жылау жоқ яғни, трагедия жылап тұрмайды, балалық шақты негізгі образ түрінде алып, теңіздің адамдар өмірінде қаншалықты мәнге ие екендігін жеткізген.

Ал Абай эпопеясына қатысты жазылған суретінде тұтас бір халықтың қуанышы, мұңы қатар айтылады. Абайдың дүниетанымын графикамен бейнелеген. Сонымен бірге, Таймастың «Қазақтың ұлылары» деп аталатын үлкен бір сериясы бар. Ол бұл сериясында еліміздің мақтан тұтатын тұлғалары Құдайберген Жұбанов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов және т.б. тұлғалардың портреттерін жазған. Бұл жұмыстар суретшінің ұлттық келбетті сақтай отырып, жан аямай, бар күш-қуатын жұмсап, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған шоқтығы биік туындылары.

Таймас — керемет ұстаз. Оның оқушыларының салған суреттерінде үлкен ой бар. Тіпті, әр көрген сайын суреттерін сұрап алғым кеп тұрады.

Жалпы талантты адамды күнде көріп жүрген соң, қадіріне жетіп, бағалай бермейміз. Тіпті, өзгелерден ерекшелігін біле тұра, мойындай тұра кейде таланттың тасада қалуына жол береміз. Талантты тек жоғында ғана іздеп, қадірлейтініміз өкінішті.

Ал Таймас — талантын шетелдік өнер иелері мойындаған дарын иесі. Ол өзінің үнсіз қалпымен әлі талай керемет туындыларды дүниеге әкеледі деп ойлаймын. Оған күмән жоқ.

Туындылары поэзиямен үндес суретшіні талант, ерекше бір дарын иесі ретінде қадірлейтіндер бар. Солардың бірі ақын, «Ақтөбе» облыстық газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев.

–  Өнер адамдарының, соның ішінде суретшілердің суреттерінде, баяғы дала, бүгінгі қала, жалпы бізді қоршаған әлем, барлығы бар. Таймас соның барлығын жүрегінен өткізген, терең сезіне білген суретші, – дейді ол.

Ақын суретшіге арнап өлең де жазыпты…

Жалпы дүниеде мәңгілік ешнәрсе жоқ. Бәрі де өтпелі. Ал өткен уақыт – тарихқа айналады десек, сурет өнері соның бір тармағы. Яғни бейнелеу өнері арқылы өткенді, тарихты танимыз, білеміз. Таймас ағаның суреттері сондай, бір ұлттың тарихын бойына жиған туындылар. Қазақтың «үш бәйтерегі» саналатын Міржақып, Сәкен, Ілиястардың портреттерін қарасаңыз, соны ұғасыз.

Ол – «Мен» деп төске ұрмайтын, өзіндегі бар дүниені өзгеге «менмұндалап» көрсетуге асықпайтын, даралығын, еректігін ішіне жасырып жүретін суретші. Бір қарағанда оның әлемі өзгелерден мүлде бөлек секілді. Шынымен де солай. Таймас Телеуішевтің  ешкімге ұқсамайтын өз әлемі бар. Өзін ол тек туындылары арқылы ғана мойындатуға тырысатындай.

Оның туындыларында көкіректі жарып шыққан нәзік бір сазды музыка мен  өмірге деген іңкәрлік бар. Оның суреттерінде фәни дүниенің ақ  пен қарасы қағаз жүзінде айқасып жатады. Суретші туындыларында ақ пен қараның керемет бір құбылуы арқылы жеткізілген шынайы өмір болмысы есік ашатындай.

Таймас аға графика өнерінде тарихи тақырыптарды да айналып өтпеген. «Әбілқайыр хан», «Байғанин» сериялары соның куәсі дерлік. Жалпы ақын өлеңдерінен шабыт алып, сурет салатын ол Абай өлеңдеріне сегіз-тоғыз беттен тұратын графикалық суреттер топтамасын жазған. Біраз суреттері Әбілхан Қастеев мұражайында, енді бір тобы Астана қала­сындағы Президенттік мәдениет орта­лығының мұражайында сақтаулы тұр. Суреттері ұзын саны елу шақты көрмеге қатыстырылған.

Суретшінің көбі шәкірт тәрбиелей бермейтіні белгілі. Мұны сурет салу өнерінің қиындығымен түсіндіруге болар. Ал Таймас аға сондай ауыр жауапкершілікті жанкештілікпен арқалап жүрген суретші ғана емес, ұстаз. Ол қызмет істейтін мектепте бүгінде көптеген оқушылар ақ-қара түсті бояу арқылы сырлы әлеммен сырласып жүр.

Мылқау бейнені мыңдаған жылдар бойы түсінікті тілмен «сөйлетіп» қою тек талантты суретшінің ғана қолынан келеді. Таймас аға сондай дарынымен дараланған шебер. Суреттерін түсініп, оқи алған адамға суретшінің әр картинасында өмір бар, сезім бар, махаббат бар. Ол өзінің арман-қиялымен үнсіздік әлемін кезетін суретші. Міне, тағы да ол  қылқаламымен үнсіздік әлемін кезіп барады…

Ойып салу.

Таймас Ниязбекұлы Телеуішев 1951 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Бөген ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдаған соң, Санкт-Петербургтегі Валентин Александрович Серов атындағы сурет училищесінен білім алған. Мамандығы – суретші-график. 1987 жылдан бері Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі. 2000 жылы мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен, 2007 жылы Ақтөбе облысы әкімінің сыйлығымен марапатталған.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button