Жаңалықтар

Мұғалімнің кәсіби шеберлігі — білім сапасының кепілі

Ақтөбеде М.Шахановтың 80 жылдығына орай «Педагогикалық білім мұғалімнің кәсіби шеберлігінің негізі ретінде» атты ХІ республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Шараны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы өңірлік филиалы мен облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты ұйымдастырды.

Жиынға мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері мен психологтар қатысты. Сондай-ақ ZOOM платформасы арқылы еліміздің Көкшетау, Семей, Орал, Павлодар, Шымкент өңірлерінен 200-ден астам педагог қосылды.

Конференцияның ашылуында М.Шахановтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасалып, қатысушылар үлкен экраннан ақының «Төрт ана» өлеңін тыңдады.

Сондай-ақ «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы өңірлік филиалының директоры Нұргүл Әбішева жаңа оқу жылына сәттілік тілеп, 1-12 тамыз аралығында 850 мұғалім кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында пәндік курстан өткенін атап өтті.

Жас ұрпақты жан-жақты, сауатты, интеллектуалдық деңгейі жоғары азамат ретінде қалыптастырудың бірден-бір жолы — білімді игертудің тиімді әдіс-тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелей білу. Бұл жұмысты атқаруда мұғалімнің терең біліктілігі қажет.

Жақында Нұр-Сұлтан қаласында республикалық тамыз конференциясы өткенін білесіздер. Онда жаңа оқу жылындағы өзгерістер, өзекті мәселелер талқыланып, оларды талдау және шешу жолдары ұсынылды. Мәселен, оның ішінде кейбір сыныптарға енгізілетін жаңа бағдарламалар, сағаттардың қысқартылуы, білім берудің жаңа әдіс-тәсілдері айтылды. Бүгінгі шарамызда өзге облыстардағы әріптестеріміз де өз пікірлерін ортаға салды, — дейді

«Халықаралық педагогикалық шығармашылық пен ғылымның дамуын қолдау қоры» қоғамдық қорының төрайымы Шолпан Сатенова.

Шара соңында конференцияның белсенді қатысушылары Алғыс хаттармен марапатталды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button