Меңсұлудың арманы

-
Барлығы өз қолыңда
Темірлік Меңсұлу Бердіғалидың кәсібі — қыз-келіншектердің ажарын ашып, бет-жүзін әрлеу. Жолдасына асыл жар, балаларына аяулы ана Меңсұлудың тынымсыз тірлігі, ілгері ұмтылысы көпке үлгі.
— Мен дүниеге келген күні анамның толғағы ауыр болыпты. Табиғат та «қабағын түйген» жаңбырлы күн екен. Алғашында нағашыларым маған Әсемгүл деп ат қойып, азан шақырған. Бір қолсыз туған сәбиі қырқынан шықпай тұрып қатты сырқаттанған соң анам Байғанин ауданында тұратын емші кісіге апарып көрсеткенінде: «Сәби бір қолынан саналы болған екен, бірақ бұдан артық адам болмайды. Есімін Меңсұлу деп өзгертіңдер» депті, — деп кейіпкеріміз әңгімесін әріден бастады.
Меңсұлу басқа балалар секілді балабақшаға бармайды, оның тәрбиесімен әкесі айналысады. Анасы музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды.
Олардың отбасы 2004 жылы Ақтөбе қаласына қоныс аударып, Меңсұлу №34 орта мектепте оқиды. Сабақта үздіктер қатарынан көрініп, сыныпта староста болады. Ол қалаға келген алғашқы кезде қиындықтар болғанын жасырмайды. Әсіресе орыс тілі пәнін игеру оңайға соқпапты. Содан басқа сабақтардың барлығынан «беске» оқыған.
Мектепте өлең жазу, сурет салу, мәнерлеп оқудан облыстық, қалалық жарыстарға қатысады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқыған ол Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің филология факультетіне грантпен оқуға түсіп, оқи жүріп жұмыс істейді.
— Өкінішке қарай, қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа қабылдауда кедергілер кездесіп жатады. Мектеп бітіргеннен кейін жұмыс істегім келді. Алайда қолымнан келіп тұрған жұмысқа бір қолымның жоқтығына бола тұра алмай, бетім қайтқан кездер болды. Сол кездерде қатты қиналып, сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы басшысы Құралай Байменоваға барып, ақыл-кеңес сұрадым. Ол мені «Ғажап» мүгедек балалар бірлестігінің директорына жіберді, — дейді ол.
Бірлестік басшысы Меңсұлудың алдына 140-қа жуық баланың тізімін ұсынып, телефон арқылы хабарласу керектігін, оларды өткізілгелі жатқан шараға шақыру керектігін айтып, тапсырма береді. Меңсұлу бұл тапсырманы ғана емес, осы шараға қатысатын демеушілерді, жүргізушілерді, балаларға сыйлықтар алуды — барлығын өзі ұйымдастырады.
Алғашқы сын ретінде атқарған жұмысы басшысының көңілінен шығып, оқу бітіргенге дейін бірнеше жыл осы жерде еңбек етеді. Ол жерде ерекше балалармен жұмыс жасап, көп тәжірибе жинақтайды. Ата-аналармен қарым-қатынас жасауды үйренеді.
Меңсұлу университетті қызыл дипломмен аяқтап, одан кейін үш жылға жуық қаладағы №17 мектеп-гимназияда шәкірттерге сабақ береді.
… Меңсұлу болашақ жарымен әлеуметтік желі арқылы танысады. Бірден әңгіменің басын ашып алайын деп: «Университет қабырғасында бір қолы жоқ қызды байқадыңыз ба?» — деп сұрап, ол қыздың өзі екендігін айтады. Екі жыл араласып, біліскен соң екеуі шаңырақ көтереді. Қазіргі кезде олардың Нұрайым, Нұржігіт деген балалары бар. Бала күтіміне анасы мен жолдасы көмектеседі.
Меңсұлу бала күтімімен демалыста үйде отырған кезде визажист мамандығын хобби ретінде үйренуді бастаған болатын. Уақыт өте келе бұл қызығушылығы кәсіпкерлікке ұласты. Ол қыз-келіншектердің бетін әрлеумен бірге, бұл іске оларды оқытады. Бүгінге дейін отызға жуық адамды оқытып, маман етіп шығарған. — Қазіржұмыс жасаймын деген адамға мүмкіндік көп, — дейді ол.
Меңсұлудың абысындары да құдайына қараған жандар. Әдетте олар бұған жасайтын тірлік қалдырмайды. Басынан өткен бір жағдайды кейіпкеріміз бізге былай баяндап берді:
Бірде есік көрсетуге қайын апасы үйіне қонаққа шақырады. Келіннің басты міндетінің бірі ет желініп болған соң дастарқаннан табақты алып, үлкендерге сәлем ету ғой. Сол күнгі ет ыдыстары әдемі, бірақ керамикадан жасалған соң ауыр болады. Сол кезде жолдасы жарының табақты көтеруді қиынсынғанын көріп, өзі алады да, Меңсұлу қатарда тұрып, сәлем етеді. Мұндай сыйластыққа үлкендер ырзашылығын білдіреді.
— Келіншегім Меңсұлу — өте мейірімді, керемет жан. Университетте менен бір курс төмен оқыды. Меңсұлумен сөйлесіп жүрген кезде ата-анама жағдайды түсіндіріп айтқан болатынмын. Анам мен әкем «Өзіңнің болашақ жарың, сүйген адамың болса, біз ешқандай қарсылық білдірмейміз», — деді. Менің достарым мен Меңсұлудың құрбылары екеумізді әрқашан қолдап, көмектерін беріп жүреді. Меңсұлуымның қолынан келмейтін ештеңе жоқ, —дейді жолдасы Нұрқұйса Бағиев.
…Меңсұлудың алдына қойған мақсаты көп. Ол келешекте еліміздің білікті визажистерінен білім алып, осы салада жеке брендін қалыптастырғысы келеді.
Дина АМАНГЕЛДИНА.



