Облыста азық-түліктің 24 түрі өндіріледі

- Брифинг
Бейсенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов «Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тақырыбында брифинг өткізіп, өңірде өндірілетін өнімдер туралы айтып берді.
Оның айтуынша, бүгінде 32 түрлі негізгі азық-түлік тауарларының 24-і облысымызда өндіріледі. Атап айтсақ, ұн, нан, макарон өнімдері, сиыр еті, қой еті, тауық еті, сүт және сүт өнімдері, тауық жұмыртқасы, өсімдік майы, сары май, картоп, көкөніс және т. б. өнімнің қалған 8 түрі (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық) басқа өңірлерден әкелінеді.
— Өңір халқын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2026 жылдары ауыл шаруашылығы саласы бойынша 272,8 миллиард теңгеге 77 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бүгінде облысымызда барлығы 100-ден астам ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін кәсіпорын бар. Олардың дені аудандарда орналасқан. Мәселен, сүт өңдеу саласы бойынша облыста 3 ірі сүт зауыты жұмыс жасап жатыр. Оның бірі Ақтөбе қаласындағы «Айс-плюс» серіктестігі болса, қалған екеуі аудандарда ( Мәртөк ауданында — «Мәртөк-сүт», Хромтау ауданында «Агрофирма «Тау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі) жұмыс істеп тұр. Олардың жылдық қуаттылығы — 45,9 мың тонна, — деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ қазір облыста ет өндейтін-14, астық өңдейтін-7, өсімдік майын шығаратын екі кәсіпорын бар. Ал «Алқаптан — сөреге» жобасын жүзеге асыру мақсатында бүгінде Ақтөбе қаласында «Табыс Агро» әлеуметтік павильондар желісі іске қосылған. Онда 12 ауданның тауар өндіруші кәсіпорындары өз өнімдерін қала жұртшылығына арзандатылған бағамен тікелей сату мүмкіндігіне ие болып отыр.
— Белгілі, облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіледі. Бүгінге дейін осы жәрмеңкелерде 371,5 тонна ет, 195,4 тонна сүт өнімдері және 55,1 тонна басқа да ауыл шаруашылығы өнімдері халыққа ұсынылған. Қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін Ақтөбе қаласында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, онда ет, сүт, көкөніс өнімдері қаладағы базар бағасынан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылатын болады, — деді И.Еспағанбетов.
Д.ҚАЗИХАН.



