Мәдениет

Сахнада құрдастар

Тәуелсіздік ұландары

Жақында облыстық «Достық» үйінің залында ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай тәуелсіздікпен құрдас, 20 жастағы талантты жастар арасында «Тәуелсіздік – құрдасым» атты қалалық өнер байқауы өткізілді.

«Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесі және қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілген байқауға қатысуға жалпы қала бойынша 200-ден астам тәуелсіздік құрдастары тілек білдірген. Алайда «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады» демекші, соның ішінен 7 қыз бен 7 жігіт, барлығы 14 жас сайысқа қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Шара барысында байқауды жүргізушілер мынадай бір мәліметті алға тартты. Ақтөбе қаласы әділет басқармасының азаматтық хал актілерін жазу бөлімінде тіркелген мәліметтерге сүйенсек, Ақтөбе қаласы бойынша 1991 жылы 4923 сәби дүниеге келген…

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау – еліміздің ертеңгі тұтқасы болатын жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік және ұлтжандылық қасиеттерді қалыптастыру, жастарды бабаларымыздың ақжолтай аманаты – тәуелсіздікті, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қастерлей білуге тәрбиелеу мақсатында өткізілген.

Шарт бойынша байқауға қатысқан жас алдымен өзін-өзі таныстыруы, екінші бөлімінде тәуелсіз еліміздің тарихына қатысты сұрақтарға жауап беруі, ал үшінші бөлімінде өз өнерлерін ортаға салуы қажет болды.

Шараға қатысқан жастардың барлығы дерлік өздерін жан-жақты көрсете білді. Бірі ән шырқап, би билесе, енді бірі өз өлеңін оқыды. Мысалы, Нұрболат Абдуллин әсем даусымен ән шырқаса, Гүлназ Айнабекова, Әсел Көптілеуова сынды қыздар мың бұралып би биледі. Сұлтан Мәжитовтың орындауындағы төкпе күй де көрермендер көңілінен шықты.

Байқауға «Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы Маржан Қорғанбаева, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының көркемдік жетекшісі Мағзұм Бақытжанов, ақын, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның А.Жұбанов атындағы ұлттық аспаптар оркестрінің әншісі Гүлжазира Сағынғанова, «Қазақстан-Ақтөбе» облыстық телеарнасының редакторы Жақсыбек Кемал төрағалық етті.

Байқау қорытындысы бойынша 1-орынға Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Нұрболат Абдуллин, 2-орынға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Саламат Саймов пен Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанты Азамат Спанов ие болды. Ал 3-орынды үш жас бөлісті. Олар – Ақтөбе медициналық колледжінің студенті Светлана Невзорова, Ақтөбе байланыс және электроника колледжінің студенті Әсел Көптілеуова мен Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері Әскери институтының курсанты Алтынбек Ақкереев.

Жеңімпаз бен жүлдегерлерге және байқауға белсене қатысқан барлық  сайыскерлерге Ақтөбе қаласы әкімінің дипломы мен әртүрлі мөлшерде  ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Ж.НҰР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button