Мәдениет

Өрнекті тілдің өрісі

Байқау

«Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» атты қалалық тіл фестивалі «Оралхан Бөкей — тіл шебері» тақырыбында көркемсөз оқу шеберлерінің қалалық байқауымен ашылды.

Қалалық мәдениет үйінің көрермендер залында ұйымдастырылған байқауды тамашалауға халық көп жиналды. Байқау барысында қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Маржан Қорғанбаева құттықтау сөз сөйлеп, фестивальға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттік тіліміздің қарқынды дамуына айрықша көңіл бөлді. Біз Елбасы Жолдауын қолдай отырып, ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Бейбітшілік пен жасампаздыққа — 20 жыл» ұранымен қаламызда осы бағытта көптеген іс-шаралар жүргізіп келеміз. Сол іс-шаралардың ішіндегі ең елеулісі —  «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» қалалық тіл фестивалі. Жалпы фестиваль аясында әртүрлі тақырыпта 9 байқау өткізу жоспарланып отыр, — деді ол.

Қалалық тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Айша Құлбатырдың айтуынша, биыл қалалық тіл фестивалі жылдағыдан өзгеше ұйымдастырылады. Фестиваль барысында мектепке дейінгі даярлық тобындағы балаларға қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдер арасында «Үздік балабақша мұғалімі», үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) меңгерген қала жастарының арасында «Тілдарын — 2011» олимпиадасы, сондай-ақ отбасылар арасында «Отбасы және мемлекеттік тіл» байқауы ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ балабақша тәрбиеленушілері арасында «Бала тілі — бал», өзге ұлт өкілдері арасында «Тіл — халық жанын танудың кілті», «Мемлекеттік тіл — менің тілім», «Мақсұтым — тіл ұстартып, өнер шашпақ…», ақын қыз-келіншектер арасында «Өмірін өлеңмен өрнектеген арулар» байқауы да өз жалғасын таппақ.

«Оралхан Бөкей — тіл шебері» көркемсөз оқу шеберлерінің байқауына 15-30 жас аралығындағы жиырмадан астам талапкер өтініш білдіріпті. Олардың қатарында жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен селолық округ мұғалімдері, жоғары, орта оқу орындарының оқытушылары мен студенттер, сонымен қатар мемлекеттік емес мекемелердің, кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдардың қызметкерлері де бар.

Байқау барысында талапкерлер прозалық және сатиралық шығармалардан үзінді, драмалық шығармадан монолог және мәнерлеп өлең оқудан өз өнерлерін ортаға салды. Қазылар алқасы үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың мәтінді оқу шеберлігіне, дауыс мәнеріне және тіл тазалығына, сахнада өзін-өзі ұстауына, киіміне және мәтінді таңдау талғамына баса назар аударды.

Қазылар алқасының шешімімен көсемсөз оқу шеберлерінің арасындағы қалалық байқауда Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Қымбат Қуантаева бірінші орынға ие болды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Гүлзира Мендеш екінші орынға, осы университеттің студенті Тоғжан Жоланова мен Ақтөбе көлік және коммуникация колледжінің оқушысы Нұрболат Сабырбаев жүлделі үшінші орындарға лайық деп танылды.

Жүлдегерлердің барлығы қала әкімінің арнайы дипломы мен бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button