Мәдениет

«Күркірімен жасынды найзағайдың…»

Нұрлыхан Айтова

Періште шәрі

Ай шалқалап, жылайды

Көбесін дию-түн сөккен.

Тілік тінін ұсынбады

Күн көктен,

Көптен.

…Кеп-кетті тағы бір көктем.

Сұқтанған, сұғын қадаған

Қара түс кесірлі әрі.

Сыңсиды ай, сырым – садағаң,

Тегіс кеш әні.

Пері түс, пенде милыны

Арбады періште шәрі.

Бүгін де бұлаудай көзі

Ай бүк түсіп, бұғынды.

Құзыреттіден батып кім сұрайды

Құныңды?!

.. .Құшағын ашты

Түн-түлек алып жырынды.

Беймарал періште шәрі

Түні жоқ, түнегі түгес ,

Ай-қызды құшағыңа алшы

БІР – ЕШ!

Ең алғаш…

…Ең соңғы үлес.

Ай кірпік қаға алмас,

Аспани еңісте сәні.

Ақ түбіт шаштарын жайып таранса,

Өріспес әлі.

Түн түстес шәлі

Тағынып төсіңе құлар,

Періште шәрі,

Жыр тулы періште шәрі!

Білмейді не етерін.

Дұрыс па?!

Орайсыз,

Сезімім құныс па?

Біртүрлі екен деп ұрыспа.

Мені де біреу деп кім айтты?

Мендігім менімнен

«шын айтты»,

Сұрады – мұңайтты.

Ішімде мың пікір, мың адам,

Мың ғашық, мың тірі, мың өлі,

Біреу ғып білуге тырыспа.

От көрсең, өңімнен бір рет,

Өлгенше тек соны жылы ұста.

Лиза Бақыт

Разымын

Таусылмауын  тілеймін   жыр-азығым,

Жырларымның,   сеземін, біразы — мұң.

Жүрегіме жыр берген, сезім берген,

Тағдырыма әрдайым разымын

Мүмкін қатты көрінер түрім менің,

Мүмкін «тәтті» сөйлемес тілім менің.

Соқтықпалы,  соқпақты тіршілікте,

Қаламадым ешкімнің сүрінгенін.

Кездерім  аз өмірге өкпелеген,

Көз қуантар гүл күтем көктемеден.

Болмысымның болған ең биік шыңы,

Өлең, мәңгі суынып кетпе менен.

Жан-дүниемнің  жалауы желбіреген,

Жансерігім деп саған сендім, Өлең.

Жүректен шыққан жырды тарту етіп,

Келетін күндеріме  қолды берем.

ххххххххх

Қырық  жамадым,  жүрек, өзіңді,

Қырық  шырақты  әйелмін  төзімді.

Қуалап  елесті,  жұмдым  көзімді,

Менің жайымды  Өлең  сезінді.

Қайда  жылдарым  жалынға  оранған?

Қасиет — қанымда,

қадір  жоғалған.

Самал  тербеген  қайыңның  желегі

Сарша  тамыздың  желіне  тоналған.

Жоқ  мәңгі  ештеңе,

жұлдыз  сөнеді.

Тәкаппар таулар да жазмышқа  көнеді.

Түн,  саған  айтатын  сырым  көп  еді,

Таң  атып   келеді…

Лаура Тельманқызы

Сіз жайлы

Сол сәттерім санама сіңіп әр күн,

Миыма маза бермей тығылар мұң.

Өткенді, сізді еске түсірдім де,

Күліп алдым.

Сыйқымды алып қаншама бұл сұмдығым,

Тығылдым түнегіне тылсым түннің.

Кешегі күнді, Сізді сағындым да,

Күрсіндім мың.

Күндерімді зарыққан топшылар кім,

Мен, бәлкім, есіңізде жоқ шығармын.

Өткенімді тағы аңсап, өкіндім де,

Өксіп алдым.

Тек ойыма сол кезді түйіп әр күн,

Жағалауға біз жүрген жиі бардым.

Сізбен түскен суретке ұзақ қарап,

Сүйіп алдым.

Ұмыттырған түгі жоқ бұ қаланың,

Сүйреткенмен өткенім, құламадым.

…Бүгінде Сізбен аттас жанды керсем,

Қуанамын.

хххххххх

Телефоным тағы үнсіз,

Тағы жым-жырт, құрығыр,

Даусыңды аңсап үздіккен

Қу сезімнің сыры бұл.

Естиінші деп едім,

Сөздеріңді жылы бір.

…Звондарсың өзің-ақ түбі бір.

Хабарсызсың, көкем-ау,

Күтіп едім бүгін де,

Дүниенің ғажабы

тұратындай үніңде.

Айдың аман күнінде

Жоғалдың ғой,

Мұның не???

Балтабек Нұрғалиев

Махаббат мұңы…

Өтті, міне, тағы бір

күнсіз күнім,

Қимады ма күлкісін…

Шіркін, аспан?!

Шақырды екен бұл маңға,

Мұң, сізді кім?

Көңіл көгін қайғының бұлты басқан!

Қуып соңын сенделдім жат елестің,

Қайтсем… Көктің келбетін шырайлы етем.

«Жалғызбын» деп жүріппін…

Қателестім.

Мен түгілі… Аспан да жылайды екен!

Жаралауға жүректі жол ашқан мұң!

Кідір, Сабыр, қасымда…

Қалшы, шыда!

Төкпей жүрген Көз жасым

Кетер ме екен айналып тамшысына?!

Суға кеткен сезімім тұншыққанда,

Жыр жағасын жұлқылап… тал қармайды.

Қалай өзі…

Көзсіз ел қырсыққан ба?

Көздің жасын ешбірі аңғармайды.

Қайғы-бұлттар! Көгімді торласаң да,

Маған да бір назарды сәл бұрыңдар.

Алып аспан секілді болмасам да,

Жанарымда менің де жаңбырым бар.

Ұғып сырын көңілдің тілсіз бүгін,

Жетім мұңның жыртығын жәй жамаймын

Ұзақ таңға жетеді үнсіздігім,

Күркірімен жасынды найзағайдың!

О, Көк Аспан, қолда сен, бір дем бергін,

Ышқынған Бұлт қызғанып күйіп жүрер.

Көздің жасын күлкі етіп жүргендердің,

Жаңбырыңды үстінен құйып жібер!

Өткінші қыс, көктем, жаз, әр күз елес,

Төртеуі деп соғады жыл жүрегі.

Жалғыздық ол расында жалғыз емес,

Жетегінде әрдайым Мұң жүреді.

Күнді сүйген Жер-жүрек қайғы құшты,

Жүзін жапты қара бұлт… кім аяды?

Екі ғашық еңіреп айрылысты,

Жалғыз қалған Махаббат мұңаяды.

Көрмеймін…

Көзімді жоғалттым күмәнсіз,

Отымды өшірген күйкі жас.

Талғамның талабы тым әлсіз,

Ұлы ойлар қалғыған ұйқыбас.

Көрмейсің..

Көз — ашық, көңілің — ұйқыда.

Жүректің жанары жұмулы.

Ішеді бір ақын бейкүнә,

Бәріміз білетін бір уды.

Көрмейді…

Шындықтың көздерін шел басқан,

Сұм жалған жабуда жаласын.

Елжіреп қарамас енді аспан,

Күн көзін қайдан сен табасың?

Көр соқыр…

Жылауық жалғанның жүзінде,

Күлуге көздерім көнбейді.

Кіжін сен, мейілің, кіжінбе,

Көрмеймін…

Көрмейсің…

Көрмейді…

Қайғыр, Қыс, шараң жоқ, Күй, Көктем,

Жыла, Жаз, мейілің, Өкір, Күз,

Сұм Үрей таяғын сүйреткен,

О, неткен бәріміз соқырмыз?!

Жалғаннан жалығып,

Шындық-үн шыңғырса,

Қорықпай құптайтын кез келші.

О, Құдай, өзіңнің тым құрса,

Күшіңді көретін көз берші.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button