Басты жаңалықтарЖаңалықтар

Асар — игі дәстүр

  • Қайырымдылық марафоны

Сенбі күні қала сыртындағы «Green land» демалыс базасында «Аsar Joly» республикалық қайырымдылық марафоны өтті. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова, облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова және Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айбек Көпенов қатысты.

Құрылтай бұған дейін еліміздің бес өңірін аралап, мұқтаж жандарға көмек қолын созған «Asar Ume» қайырымдылық қорының мүшелерін қарсы алудан басталды.
Шараның басында облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб-имамы Нұрбол Берікболұлы бата беріп, қаламыздағы шығармашылық ұжымдарының өнерпаздары әннен шашу шашты.
Құрылтайда алдымен «Asar Ume» қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашев жиналғандарға марафонның мақсаты туралы айтып, қор мүшелерін таныстырды.
— Біз, «Asar Ume» қайырымдылық қорының жігіттері, Ақтөбеге дейін екі мыңнан астам шақырым жол жүріп, бес қаланы араладық. Аталған өңірлерде дәл осындай шаралар өткізіп, көмекке мұқтаж, көпбалалы, аз қамтылған ондаған отбасының баспаналы болуына қол ұшын создық. Одан бөлек, жаңадан кәсіп ашып, еңбек еткісі келетін жастарға қолдау көрсетіп, көптеген игі бастамалардың жүзеге асуына ұйтқы болдық. Бүгін де біз осы құрылтайда бірнеше отбасының қуанышқа кенеліп, қоныс тойын тойлауына атсалысатын боламыз. Сондықтан осы шараға келген баршаңызға алғысымызды айтамыз, — деді ол.


Бұдан кейін шарада облысқа жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова аталған қордың бастамасын қолдайтынын жеткізіп, жиналғандарға жүрекжарды лебізін білдірді.
Біз бүгін ерекше іс-шараға куә болып отырмыз. Бұл шара еліміздің белсенді, патриот азаматтарының бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Өздеріңізге белгілі, қазіргі таңда елімізде ата-бабамыздан қалған дәстүр — асарлатып көмектесу, қайырымдылық жасау ісі жылдан-жылға жақсы дамып келе жатыр. Мұндай шараларға атсалысып жүрген жомарт, отансүйгіш, қайырымды азаматтарымыз көп.
«Asar Ume» қайырымдылық қоры —  бүгінде әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып жүрген қоғамдық ұйымдардың бірі. Оның басшысы Асхат Әділбекұлы сіздердің жерлестеріңіз, сондай-ақ ол — Президент жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің мүшесі. Асхат бастаған қор бүгінде жүздеген мұқтаж отбасыға қол ұшын созып, елдің алғысын алып жүр, — деді ол.
Одан әрі шарада сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қазақтың бірлігін бекемдеп тұратын асар дәстүрі туралы жиналғандарға әңгімелеп берді.
— Асар — қазақ халқының көне дәуірлерден келе жатқан дәстүрі. Ертеректе біздің ата-бабаларымыз асар жасап, елді жинап, жоқ-жітік, жетім-жесірлерге көмек берген. Одан бөлек, белгілі бір ауылда үлкен құрылыс немесе игі іс басталса, елге хабар беріп, жұртшылықты асарға шақырған. Сол асарға ауылда тұратын еңбекке қабілетті азаматтардың бәрі үлес қосып, бас біріктіріп, көмекке мұқтаж отбасыға жәрдемдесетін болған. Міне, қазақтың осындай көне дәстүрін бүгінде ел жастары жаңартып, Қазақстанның барлық облысын аралап, бүгін құтты мекен — Ақтөбеге келіп отыр. Сондықтан өңірімізге келіп отырған қор өкілдеріне, сондай-ақ шараға жиналған баршаңызға облыс басшылығы атынан ризашылығымды білдіремін, — деген облыс әкімінің орынбасары мұндай асарлату шарасы халықты ауызбіршілікке, ынтымаққа, жанашырлыққа үндейтінін, «Asar Ume» қайырымдылық қоры бүгінге дейін еліміз бойынша 455 отбасының баспаналы болуына бастамашы болғанын жеткізді.
Құрылтайда «Asar Ume» қайырымдылық қорының бастамасымен үш отбасына баспана алуы үшін қаржылай көмек көрсетілді. Оның біреуіне «Салам Бро» компаниясы атсалысты. Сондай-ақ қор басшысы Асхат Нұрмашев қазіргі таңда ақтөбелік тағы бір отбасының үйлі болуына қаржы жиналып жатқанын жеткізді. Бұдан бөлек, шарада қор мүшелері бір отбасына «Өркендеу» бағдарламасы бойынша жеке кәсібін ашуға қолдау көрсететінін айтты.
Баспаналы болғандардың бірі — көпбалалы ана Жеңісгүл Ахметова. Оған «Салам Бро» компаниясының басшылығы 8 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Сондай-ақ облыстағы белсенді азаматтар мен қоғамдық ұйым өкілдері көпбалалы анаға шаңсорғыш, кір жуатын машина, тағы басқа тұрмысқа қажетті техникалар мен заттар сыйға тартты.
Отбасында жалғыз өзім бес бала тәрбиелеп отырмын. 2020 жылдан бері жұмсақ жиһаздар, кілемдер тазалаумен айналысамын. Бірнеше жылдан бері пәтер жалдап тұрамыз. Тапқаным шайлығымыздан ауыспайды. Балаларға алатын жәрдемақыны пәтерге төлеп келдім. Мені «Asar Ume» қайырымдылық қорының өкілдері Әнуар, София есімді еріктілердің айтуымен тауып алыпты. Мені іздеп келген қор мүшелеріне жағдайымды айтқан едім, бүгін, міне, күтпеген жерден баспаналы болып жатырмын. Одан бөлек, менің үйдегі шаруамды жеңілдетіп, тұрмыстық техникалар сыйлап жатыр. Маған, балаларыма қамқорлық жасап жатқан барша азаматтарға алғысым шексіз, — дейді көпбалалы ана.
«Asar Ume» қайырымдылық қорының мүшесі Серік Қамбарбаевтың айтуынша, марафон 16 шілдеде елордада басталған. Одан кейін қор өкілдері Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Петропавл қалаларын аралап, ондағы мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткен.
Қор құрамында 13 адам бар, сондай-ақ марафонға әр өңірдегі еріктілер тобы да атсалысып жатыр. Біз мұқтаж отбасылардың баспана жағдайына қолдан келгенше көмектесеміз, және олардың кәсіп ашуына, жұмыспен қамтылуына, балалардың білім алуына қол ұшын созамыз, — дейді ол.


Демалыс базасында өткен шара соңында көкпар, асық ату, садақ тарту сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыс ұйымдастырылып, жұртшылыққа қолөнер шеберлерінің көрмесі ұсынылды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button