Жаңалықтар

Жаңа аялдамалар орнатылды

  • Темір ауданына — 50 жыл

Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кентінде 4 аялдама орнатылды. Тұрғындар үшін бұл — енді жазда күннен қорғанатын көлеңке, ал қыс мезгілінде желден сақтайтын ық болады.

Темір ауданының 50 жылдығына орай бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес пайдалануға берілген 4 аялдаманың жалпы құны — 9 миллион 700 мың теңге. Бюджет қаражатына салынған павильондар көк және сары түспен боялған, қақ ортасында ауданның эмблемасы бар. Сондай-ақ жолаушылардың жайлылығы үшін орындықтар қойылған.

— Жаңа аялдамалар аудан орталығындағы Жансен Кереев, Астана көшелерінде және Қызылжар шағын ауданында орнатылды. Тұрғындар тарапынан бұл мәселе көптен бері айтылып жүр еді, міне, шешімін тапты. Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлердің қолдауымен тағы аялдама павильондарын салмақшымыз. Бизнес иелеріне тиімді тұсы — аялдаманың жанында дүкендер болады.

Жалпы Шұбарқұдық кентінде 24 аялдама бар. Енді қалғандарын да әлгіндей жолмен жаңартуды жоспарлап отырмыз, — дейді Шұбарқұдық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Самат Төлеуов.

Оның айтуынша, аудан орталығында әзірге бір бағыт бойынша қатынайтын автобус бар. Енді соның қозғалыс жиілігін жандандыру — басты мақсат. Жолаушылардың да тілегі осы екен.

Алау АЙБЕК.
Темір ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button