Жаңалықтар

Өткір әлеуметтік мәселелер — қоғамдық бақылау назарында

  • Тұсаукесер

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан Ақтөбе облысына қатысты өткір әлеуметтік проблемалар мен сыбайластық тәуекелдер картасы жасалды. Онда неғұрлым сынға ұшырап отырған мәселелер — қолайсыз экологиялық ахуал, автожолдар, жұмыссыздық, ауыл шаруашылығы, жер бөлу, ұзаққа созылған құрылыстар мен азық-түлік бағасының қымбаттауы қамтылған.

Бүгінгі күні аталған қызмет жұмыстары бірінші кезекте өңірдің мейлінше өткір проблемалары жоюға бағытталып отыр.

Осы аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Алмат Мырзалиевтың төрағалығымен өткен жиынға облыстық басқармалардың басшылары қатысып, аталған картаның тұсаукесері өткізілді.

Осы басқосуда агенттіктің қоғамдық кеңесінің мүшесі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, лаңкестік және экстремизм проблемаларын зерттеу жөніндегі орталықтың жетекшісі Кәкімжан Бишманов, облыстық қоғамдық кеңес жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі комиссияның төрағасы Нұрлан Махамбетов, сондай-ақ комиссия мүшелері Серік Әліпов пен Светлана Балпейісова өз ұстанымдарын білдіріп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиынға қатысқан жұртшылық өкілдері облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, экология департаменті, еңбек жөніндегі инспекция басшыларына өткір сұрақтар қойып, оларға халық талабын жеткізді.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттеріне жұмыс орны мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан әрбір азаматтың қатысуы, төзімсіздік ахуалын қалыптастыруға үлес қосуы маңызды. Мен сіздерді белсенді азаматтық ұстанымға, адал және сатылмайтын еңбекке шақырамын», — деді Кәкімжан Бишманов кездесуде.   

Бұдан басқа, облыстық қоғамдық кеңес жанындағы комиссия мүшелерінің және барлық аудандардың өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізілді.

Комиссия мүшелері мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларын тоқсан сайын тыңдаумен бұл сала бойынша азаматтық бақылау жүргізуді, әрбір нақты ауданға тән проблемаларға мониторинг жасау мақсатында азаматтарды жеке қабылдауды жүзеге асыруды ұсынды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде профилактикалық тиімділікке қол жеткізіліп, азаматтық бақылау жүзеге асырылады, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністерін жою бойынша нақты ұсыныстар жасалады деп күтілуде.

Ж.КӨШЕРБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button