Көктемді іздеу

Кездесу
Біз отыз едік. Отыз үміт, отыз арман. 15-16 жастағы 28 қыз, екі ер бала 1978 жылы Ақтөбе педагогика училищесіне түсіп, болашағымыздыбастауыш мектеппен байланыстыру үшін төрт жыл білім алдық. Бізге сабақ берген ұстаздар да осал емес еді. Ниетжан Беріков, Зоя Біралова, Қибат Қауанова, Галина Мазитова, Қанаш Жұмалин, Ысқақ Райымбергенов…
Төрт күз, төрт қыс, төрт көктем кейінде қалды да, 1982 жылы жолдамамен жан-жаққа тарап, еңбек жолын бастап кеттік. Қоштасарда бір-бірімізді қимай, енді жаз сайын кездесуге уағдаласқанбыз. Қай-да-ғы-ы-ы?
Сол жазымыз биыл,40 жылдан соң ғана жеткен сыңайлы.
Алматыда тұратын Бибігүл қызымыздың ауылына келу сапарына орайластырып белгіленген кездесу күндерімізҚұрбан айттың алғашқы екі күніне сәйкес келіпті. Таңғы тоғыздан бастап«Нұр Ғасыр» мешітінің жанына ақ шағаладай ақ көйлек киген, 60-тың ауылына енген, бірақ 18-19-дағы көктемін іздеген құрбылар сағыныса көрісіп, жиналып жатты. Құшақтарын жая жайдары күліп келіп, арқа-жарқа амандасып алып та, бір-бірінің жүзіне тағы бір бағдарлай қарап, «Қанзирасың ба? Бибігүлсің бе?» деп, айналасын күлкіге көміп, қайта құшақтасып жатқандары да бар…
Өмірден өткен класс жетекшіміз Дина апайға, курстас құрбы Раяның рухына, өмірден өткен басқа да ұстаздарға арнап Құран бағыштап шыққан аққанатты топ ендігі кезекте «Інжу» мейрамханасында мерекелік шарасын бастады. Ән мен жыр, естелік пен сыр ақтарылған 5-6 сағат бұрымдыға бұйым болмады. Әрқайсысы осыдан 40 жыл бұрын қолдарына жолдама алып кеткен күнінен бастап өмір, еңбек жолдарынан мағлұмат берген-ді. Басқа салаға ауысып, мамандығын өзгерткен бірен-сараны болмаса, құрбылардың дені таңдаған бағытынан танбаған екен. Ұзақ жылғы еңбектерінің нәтижесі болар, топ старостасы болған Айгүл Жүсіпова Ян Амос Коменский атындағы медаль иегері, зерттеуші-педагог атаныпты. Зерттеуші- педагог атағын сондай-ақ Гүлжанат Докина, Бәтима Тәжікенова, Лара Сұлтаналина, Бибігүл Төлеуова, Жаңылша Кереева, Бибігүл Байжанова, Балсұлу Дәулетова, Бақытжамал Шамұратова, Айнамкөз Сүйесінова, Несібелі Бақтығұловаиеленіпті, ал Әлия Атшыбаева зерттеуші-әдіскер атанған екен. «Бастауыш — басты буын» деп, жан-жақты білімді, білікті музыкалық та сауаты бар маман даярлауда өзіндік орны ерекше Ақтөбе педагогика училищесінің байырғы түлектері Жаңылша мен Балсұлудың орындауындағы «Студенттердің қоштасу әні», Гүлжан мен Әлияның орындауындағы «Мектебім» әні кеш ажарын аша түсті. АлЖаңылша құрбымыздың баласы мен келіні, немерелері гүл шоқтарымен кіріп келгендегі көрінісі, асабаның табан астында келінге табақ алдырып, қазақы дәстүрмен сәлем еткізгені тіпті тамаша боп кетті!
Кездесу кешінен шыққан соңкурстастар Өлкетану мұражайына беттеді. Құнды экспонаттарды тамашалап, өлкеміздің флорасы мен фаунасына, қазба-археологиялық ескерткіштеріне бай мұражайдың залдарын аралап көріп, көңіл зерделерін кеңейтті.
Қазақ тілі және әдебиетінен сабақ берген Зоя Біралова апайын қайда жүрсе де есінен шығармайтын арпа ішінде бір бидайымыз— Нұрлан Майманов кездесуге Нұр-Сұлтаннан арнайы ат арытып келген-ді. Педучилищені қызыл дипломмен бітіріп, сол кездегі маңдайалды оқу орны — КазГУ-дың шығыстану факультетіне түскен ол Тунис, Сирия, Иордания мемлекеттерінде алдыменен тілдік практикадан өтіп, кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің маманы ретінде елшілікте қызмет етті.
Ол осы жолы да Зоя апайға сәлем беріп шығуға уақыт тауып, елу жыл бойы туған тіліміздің туын тік ұстаған ұлағатты ұстазымызғагүл шоғымен бара жатты…
Кездесу кеші күн батарда Орталық саябақтағы серуенге ұласты. Алашық аспан астында Өнер орталығы алдындағыұлттықоркестрдің концертін тамашалаукездесудің шырайын келтіріп, мазмұнын байыта түскендей болды. Әсіресе алдыңғы қатарға қошеметпен отырғызылған «ақ көйлекті апаларға» арнайы құттықтаулар айтылып, құрметтеріне Орал-Қосай Байсеңгірдің сөзіне жазылған Марат Жанғазының «Құтты мекен — Ақтөбе» әнінің орындалғаны мерейлерін тіпті тасытып жіберді.
***
Келесі күннің еншісіне «Green Land» базасында табиғат аясындағы демалыс бұйырды. Асабаның тәртібіне бағынған салтанатты басқосудан гөрі емін-еркіндеу бұл күннің өне бойы қызықты естеліктерге, жарқын күлкіге, әдемі әзілге, әсерлі әнге, көркем биге толы болды. Ақтөбенің тамылжығанкөрікті жерлері де көп екен! Дастарқан мәзірі арасындағы үзілісте қайыққа мініп, су айдынында тербелген құрбылар «Қайықта», «Досыма» әндерін қалықтатты.
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» демекші, осы екі күнде құрбылардың ішінде «тойы тойға жалғасқандар» да болмай қалмады. Бір Бибігүліміздің келіні аман-есен босанып, Нұрқанат есімді немересі дүниеге келсе, бір Бибігүліміз болашақ келінге сырға салды. Құрмангүліміз сіңлісінің ұзату тойына түсті…
Адам өмірінің ең бір көркем де сәулелі шағы жастық дәурені ғой, біз осылайша екі күн бойы сол көктемімізді іздедік. Енді тек алған әсерімізді жадымызда жаңғырта жүріп, келер күндерде, айшықты айларда, жылжымалы жылдарда қатарымыз сиремесін деген тілекпенәрқайсысымыз өз сүрлеуімізді бетке алып, қимай қоштасып бара жаттық…
Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.



