Шегіртке «шектен» шықпайды

Егістік пен бау-бақша, дала шөптерінің маусымдық жауы — шегіртке. Жуырда Әйтекеби ауданында италия шегірткесі анықталды. Сонымен қатар шегіртке Ырғыз, Шалқар аудандарында да байқалған.
Бірақ дер кезінде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілгендіктен,қазір аса қауіп жоқ. Облыс бойынша жоспарланған 319 990 гектар жердің 300 000 гектардан астамы химиялық өңдеуден өтті. Әйтеке би, Ырғыз, Шалқар аудандарында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асатын болады. Оның 297 465гектары италиялық шегірткеге, 22 525гектары азиялық шегірткеге қарсы уланады.
— Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге мердігер мекемелер кірісіп кетті.Қазір жағдай тұрақты. Шегіртке шыққан жерлер жедел өңделеді. Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жүргізер алдында ауыл тұрғындарына, шаруа қожалықтарына міндетті түрде ескертіледі.Бақташылар малдың өрісін өзгертіп, 1 айдай уланған жерге жаймағаны дұрыс. Химиялық өңдеу жұмыстары шілде айының аяғына дейін жалғасады, — дейді Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыров.
Қазіргі таңда шегірткелердің шағылысу және жұмыртқа салу кезеңі жүріп жатыр.Жұмыртқа салғаннан кейін 15-20 күн аралығында шегірткелер өледі.
Егін алқаптарына зиянкестердің еніп кетпеуі үшін тұрақты бақылауға алынған.
С.ЖҰБАНҒАЗИН.



