Жаңалықтар

Жеңіске қалай жетуге болады?

«Қазақстанның үздік тауары»

Ақтөбелік кәсіпкерлерге «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауында қалай жеңіске жету керектігі айтылды.

Семинарға офлайн және онлайн режимдерде 50-ге жуық қатысушы — ірі өндірістік кәсіпорындардың, сондай-ақ тігін, қызмет көрсету және басқа да салалар өкілдері қатысты.

Сапа конкурстарын өткізудің талаптары мен шарттары, қажетті конкурстық материалдарды дайындау туралы «Атамекен»ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі департаментінің «Алтын сапа» және ТМД сыйлығы конкурстарының сапасы саласындағы сарапшысы Мадина Мұқатова айтып берді.

«Атамекен» палатасы Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурсты және «Қазақстанның үздік тауары» республикалық көрме-байқауын ұйымдастырушы ретінде бүкіл ел бойынша конкурстарға қатысушылар үшін оқыту семинарларын өткізеді. Жақсы қоры мен әлеуеті бар ақтөбелік кәсіпорындардың өз өңірін лайықты таныстыруға, өндірілетін өнімді көрсетуге барлық мүмкіндіктері бар.  Отандық байқаулардың жеңімпаздары кейін ТМД сыйлықтарын алуға қатыса алады,— дейді Мәдина Мұқатова.

Бұл байқаулардың басты мақсаты — отандық өндірушілерді қолдау, жергілікті өндірушілерді тауарлар мен қызметтердің сапасын арттыруға ынталандыру, отандық тауар өндірушілер брендін ілгерілетуге ықпал ету.

«Қазақстанның үздік тауары» байқауы үш номинация бойынша өткізіледі: «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Халыққа арналған үздік тауарлар» және «Үздік азық-түлік тауарлары».

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауының, «Алтын сапа» Президент сыйлығына әр жылдары ақтөбелік «Жаңа–Әлжан» диірмен комбинаты ЖШС, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты, «Казхром» Трансұлттық компаниясы» АҚ, «Экотон Батыс» ЖШС, «Айс» ЖШС, «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС, «WestLineDoors» ЖШС секілді компаниялар ие болды.

Ақтөбелік кәсіпорындар басшыларының айтуынша, байқауларға қатысу бизнесті одан әрі дамытуға ынталандырып қана қоймай, инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Дидар Боранқұловтың айтуынша, байқауларға қатысқысы келетін кәсіпкерлер 1 шілдеге дейін өңірлік кәсіпкерлер палатасына немесе электронды түрде сайтқа өтінімдер мен материалдарды тапсыруы тиіс (www.altynsapa.kz). Ақтөбеде «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік байқауы шілде айының басында өтеді. Жеңімпаздар бұдан әрі республикалық байқауда «үздік» атағы үшін бақ сынайды. Байқау эмблемасын жеңімпаздар 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалануға құқылы.

Семинар соңында қатысушыларға тиісті сертификаттар табысталды.Кәсіпкерлер палатасының директоры Дана Бекбауова кәсіпкерлерге сәттілік тілеп, «Атамекеннің» жергілікті тауар өндірушілерге әрдайым қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

 М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button