Жаңалықтар

Тілсіз жауға тосқауыл бар ма?

Брифинг

Жыл басынан бері  Ақтөбе облысының аумағында 218 өрт шығып, 6 адам тілсіз жаудың құрбаны болса, 5 адам түрлі жарақат алған.

Статистикаға сүйенсек, өрт өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға азайыпты. Бірақ салғырттық танытуға болмайды. Өрт қаупі азайған жоқ. Шілде-тамыз айларында күн 38-40 градусқа дейін ысиды деген болжам бар. Соған байланысты орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар қолға алынды. Облыс әкімінің қаулысына сәйкес, 49 іс-шараны қамтитын орман және дала өрттерінің алдын алу және сөндіру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы  Евгений Овчарский мен аға инженер азаматтық қорғау майоры Запира Аманжолова айтты.

Басқарма бастығының айтуынша,  өртке қарсыдайындықты пысықтау мақсатында  25 өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.

Тұрғын үй секторларында өрт жиі тіркеледі. Бүгінгі күнге дейін 109 тұрғын үй-жайлардан өрт шықты. Сондай-ақ 74 көлік құралының өрті тіркелген. Материалдық шығындар 134 миллион теңгеден асып кетті. Сондықтан тұрғындармен жиі кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Осыған дейін ауылшаруашылығы тауар өндірушілерімен 78 дөңгелек үстел және 218 жиын өткізілді. Мұныңбәрі өрт қауіпсіздігін сақтаудың, алдын алудың, болдырмаудың амалы, — дейді Е.Овчарский

Облыс аумағын табиғи өрттен қорғау үшін 2580 шақырым қашықтықта минералданған жолақтарды (жырту) орнату жүргізілді.Науқан кезінде 195 адамнан тұратын 39 мобильді топ құрылып, 339 рейд болды. Қауіпсіздік шарасын сақтамаған, талаптарды бұзған 70 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 миллион 200 мың теңге айыппұл төлеген.

Запира Аманжолова 2017 жылдан бастап 2021 жылға дейін 33 өрт сөндіру бекеті құрылғанын, халық саны 83 мың адам болатын 124 елді мекен өрттен қорғау шараларымен қамтылғанын айтты.

Биыл орман және дала өрті тіркелген жоқ. Өткен жылы облыс аумағында 950 гектар жерде 25 орман өрті, 22 мың гектаржерде 14 дала өрті және 6 мың гектар дала алқаптарының жануы орын алған болатын, — дейді ол.

Өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарына сәйкес от жағу, қалдықтарды жағу және контейнерлер ғимараттар мен құрылыс нысандарынан кемінде 50 метр қашықта жүзеге асырылады.

Ақтөбе облысының төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындарынан өртті болдырмау үшін қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды сұрайды.

С.ЖҰБАНҒАЗИН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button