Жаңалықтар

20 мың пакеттің орнына экосөмкелер берілді

Акция

Қазақстандық оқушылар полиэтилен пакеттерді экосөмкелерге айырбастады. ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында үшінші жыл қатарынан «Пакет, кет!» акциясы өтті.

Акция Ақтөбе, Хромтау және Ақсу қалаларында өтті. Шара аясында оқушыларға ескі полиэтилен пакеттерін жинау ұсынылды, сондай-ақ олар үшін арнайы экология жөніндегі дәрістер ұйымдастырылды. Пакеттердің орнына балаларға «Жауапты болайық!» деген ұран сөзі жазылған ұлттық стильдегі таза экологиялық сөмке-шопперлер таратылды. Бұл сөмкелерді көпбалалы әйелдер, жалғызбасты аналар тіккен. Шара барысында барлығы 1000 экосөмке табысталды.

– Экология мәселесі өте өзекті. Соның ішінде осындай полиэтилен пакеттер қоршаған ортаға өте зиян. Соған қарамастан, осындай пакеттерді әлі де болса көп пайдаланамыз. Қоршаған ортаны ластамау үшін өзімізбен бірге көп мәрте қолдануға жарайтын экологиялық таза сөмкені алып жүруіміз керек. Біздің компания Қазақстанның жеті өңірінде жұмыс істейді, бірақ өзге компаниялар «Пакет, кет!» сияқты акцияларды тұрақты өткізе бермейді, — дейді экокеңесші Айман Сексенова.

Мектеп оқушылары экология тақырыбына ерекше қызығушылық танытып, қарапайым пакеттің қоршаған ортаға қандай зиян келтіретінін жақсы түсінді.

– «Пакет, кет!» — өте пайдалы әрі қызықты акция. Бәріміз бір планетада өмір сүріп жатқандықтан, оның тазалығына бәріміз жауапты болуымыз керек. Пакеттер мың жылға дейін ыдырап болмайды, осының барлығы табиғатқа зиян келтіреді, — дейді Хромтау қаласындағы №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Мансұр Джамалдинов.

«Қазхром» қызметкерлері де биыл үшінші жыл қатарынан аталған шараға белсене қатысып келеді.

– Балалар — елдің ертеңі. Сондықтан мұндай шараларды балалардың арасында өткізу өте маңызды, қоршаған ортаның экологиялық мәселелерін ертең осы ұрпақ ержеткенде өздері шешетін болады. Біздің компанияда табиғатты қорғау шараларының арнайы жоспары бар. Экология саласында студенттермен және оқушылармен бірге жұмыс істеуге баса мән беріледі. Эколог-студенттер өндіріс алаңына келіп, қоршаған ортаға деген ұқыпты қарым-қатынастың қалай сақталып жатқанын өз көзімен көре алады, — дейді «Қазхром» президенті Арман Есенжолов.

«Қазхром» компаниясында табиғатты қорғау іс-шараларының ауқымды бағдарламасы іске асырылып жатыр. 2022 жылы компания бұл мақсатқа шамамен 17 млрд теңге қаражат бөлген.

М.ТАБЫН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button