Табиғатты бірге қорғайық!
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде 5 маусым — Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай «Қоршаған орта — балалар көзімен» атты танымдық шара өтті.
Шараға Ақтөбедегі Шығармашылық академиясы жанындағы «Жеті бояу» сурет үйірмесіне және «Жас туристер станциясының» экология үйірмесіне қатысатын оқушылар мен олардың жетекшілері арнайы шақырылды.
— Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні 1972 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясының шешімімен бекітілген. Басты мақсат — әлем назарын қоршаған ортаның проблемаларына аудару. Сондай-ақ биыл елімізде Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Соған орай біз де балалармен жұмыс істеуге көбірек назар аударып отырмыз. Осы шарада балаларға қоршаған ортаны қорғауға қатысты ойларын, соған байланысты түрлі шығармашылық жұмыстарын ортаға салуға мүмкіндік береміз, — деді музейдің кіші ғылыми қызметкері Әсел Балқасынова.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне байланысты музейдің Табиғат залында ұйымдастырылған көрмеге Тұран Нұрғалиев, Айша Мұратова, Аруназ Алтай, Аружан Шәкір, Айсана Оразова, Тайыр Хуснитдинов, т.б. оқушылардың қиялынан туған мағыналы суреттер қойылды.
Шараға келген оқушылар екі топқа бөлініп жарысып, қызықты ойындар ойнады, қоршаған орта, оны қорғау мәселелеріне байланысты түрлі сауалдарға жауап берді. Осы тақырыпқа орай өздері жазған шығармаларын да оқыды. Соңынан шараға белсене атсалысқан оқушыларға Алғыс хаттар тапсырылды.
А.САРЫБАЙ.