Жаңалықтар

Құрметті жерлестер!

31 мамыр — Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Жыл сайын елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні аталып өтіледі.

Біз осы күні еліміздің қалыптасуына өзінің өлшеусіз үлесін қосқан Алаштың асыл азаматтарын еске алып, тағзым етеміз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  тікелей тапсырмасымен облысымызда саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия құрылып, өз жұмысын жалғастыруда.

Азаматтардың ақталмаған санаттарының жаңа есімдерін анықтау үшін өңірлік комиссияға енген өлкетанушылар, тарихшылар, музей қызметкерлері, қоғам өкілдерінен құрылған арнайы топ 2021 жылдың  І жартыжылдығында Ырғыз, Темір, Байғанин, Ойыл аудандарына жасалған ғылыми экспедиция барысында жергілікті жердің архивтерінде жұмыс жүргізіп, тұрғындармен кездесулер өткізді.  Аталған экспедициялар негізінде өңірдегі қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар мен ашаршылық құрбандары жерленген, көтеріліс орындарының картасының жобасы әзірленді.

«Ақтөбе өңіріндегі кеңестік қуғын-сүргін зобалаңы» атауымен ғылыми мақалалар жинағы жарыққа шықты.

Сол қаралы жылдардағы  ашаршылық зұлматы бүкіл елмен қатар, Ақтөбе өңірінің халқын да сынаққа салды. Қаншама адам аштықтан қырылып, қаншама ел босып кетті.

Осындай біздің өңірде орын алған жантүршігерлік оқиғаларды ашаршылықтың тірі куәгері ретінде Өтебай Қанахин «Бір үйден жалғыз қалған тірі жан» естелігінде Смағұл Елубай «Ақбоз үй» романында жазған еді.

Арыстарымызды ұлықтау — ұлыстың ұйытқысына айналған іргелі ұлт ретінде өркен жаюымызға бағытталған ауқымды шара. Сол ерлердің есімі егемен Қазақстанның тағылымды тарихында алтын әріптермен жазылмақ. Арыстарымыздың ерен ерліктерін бүгінгі ұрпақтары ерекше құрмет тұтады. Мемлекетіміздің ілгері қадам басып, көркеюінде кешегі Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов сияқты арыстарымыздың салған сүрлеуі санаға серпін, бойға рух, көңілге медеу, жанға демеу беріп келеді. Арыстарымызды ұлықтап, қаламыздың көрнекі алаңына «Азаттықтың ақ таңы» атауымен ескерткіш тақтаға бейнелерін барельефпен көркемдеп, белгі орнаттық. Осынау дархан даламызда Алаш арыстарының қалдырған өшпес ісі, өлмейтұғын мұрасы келешек ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ. Өйткені олардың асыл арманы сонау ерте дәуірден Ұлы даланы мекен еткен ержүрек халықтың ұлан-ғайыр мекенді иеленіп, бірнеше дүркін алып мемлекеттер құрған игі дәстүрін жалғастыру еді. Өз алдымызға дербес ел болу, ұлттық болмысымызды сақтай отырып, ғылымы мен технологиясы дамыған демократиялық үлгідегі мемлекет құру мақсатын қойған. Өкінішке қарай, олар армандарына жете алмай, қыршынынан қиылып кетті.  Олардың аманатын бүгінгі ұрпақ — біздер жалғастырып, іске асырудамыз.

Біз саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған арыстарымызды еске алып, олардың рухтарына тәу ете отырып, бүгінгі Алаш жұртының басындағы тыныштық, бірлік, баянды болашағымыздың, Мәңгілік Ел мұратының алтын тұғыры деп білеміз.

Еліміздің амандығы, Тәуелсіздігіміздің тұғырының нық болуы — бабалардан қалған аманат. Оны мызғымастай нығайтып, келесі ұрпаққа тапсыру — біздің азаматтық борышымыз. Осы жолда ел тұрғындарының  бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір атаның баласындай тату болуы аса маңызды. Олай болса, осындай ынтымақ пен берекеміз  мәңгілік болсын!

Ел аман, жұрт тыныш болсын, ағайын!

Оңдасын ОРАЗАЛИН,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button