«Ақтөбе — құтты мекен»Жаңалықтар

Ырғыздықтардың тартуы

Ырғыздықтар Ақтөбе қаласындағы 8-шағын аудандағы Әдебиет алаңында қала күніне орай «Мерекеңмен, Ақтөбем!» атты мерекелік шара ұйымдастырды.

Шарада аудан әкімі Нұрлан Қызбергенов жиналған жұртшылықты қала күнімен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.

Мерекелік шара аясында Ақтөбе жұртшылығы ырғыздықтар тіккен киіз үйге кіріп, дәм татып, қолөнер бұйымдары мен аудандық музейдің көне жәдігерлерінен жасақталған көрмені тамашалады. Сондай-ақ ауданнан келген шаруалар ұйымдастырған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралады.

Жәрмеңкеге Жайсаңбай, Аманкөл ауылдық округтерінің шаруалары қой етін, 30 литр сүт, 30 литр айран, 50 келі сары май, 50 келі ірімшік пен құрт, 50 келі сүзбе әкеліпті.

— Екі округтің атынан төрт қойдың етін алып келдік. Қой етінің бір келісі — 2000 теңге. Одан бөлек сүт өнімдерін сатып жатырмыз. Қала тұрғындары сүйсініп, ауылдың дәмін алып жатыр. Шаруалар да, тұрғындар да риза, — дейді Жайсаңбай ауылдық округінің әкімі Руслан Қобанов.

Сондай-ақ шарада ырғыздықтар қала тұрғындарына бауырсақ үлестіріп, балаларға 100 балмұздақ таратты. Ал этноауылдың шеберлері қаланың қыз-келіншектеріне ұршық иіру, жүн түту, тоқыма тоқу, тары түю, қамшы өруден шеберлік сағаттарын өткізді.

— Бүгінгі шарада аудандық кітапхана жергілікті ақын-жазушылардың еңбектерінен,

Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты өз жәдігерлерінен, аудандық көркемсурет мектебі оқушылардың майлы бояумен салған суреттерінен көрмелер ұйымдастырып жатыр. Ал Ырғыздан шыққан белгілі әншілер мен аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары келушілерге мерекелік концерттік бағдарлама ұсынып отыр. Шараға облыс орталығында тұратын, ауданнан шыққан белгілі еңбек ардагерлері, облыстық мәслихат депутаттары, ел жанашырлары шақырылды, — дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Қонақбаев.

Мерекелік шарада белгілі әнші, сазгер Нұрталап  Жүсіпов, Қоянбай Тобағабылов, Марат Мұқашев, Амангүл Ешпанова, Ләззат Артықбаева, Кенжебек Қожамбердиев, т.б. өнерпаздар ән шырқап, ақтөбеліктерге Ырғыздың сәлемін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындарға викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге арнайы сыйлықтар ұсынылды.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button