Жаңалықтар

Мамыр: мамыражай айдағы маңызды сәттер

Шолу

Шүкір, бұл айда мерекелер көбейіп, ел мерейін көтерді. Халықтар бірлігі күнімен басталған ай ауқымында Жеңіс күні атап өтіліп, майдангерлерге құрмет көрсетілді.

«Көктемнің әр күні — жылға азық» қағидасын ескерген шаруа қауымы тірліктерін оңтайлы тындырып алуға ұмтылды.

Аудандардағы ахуал қандай?

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин аудандарды аралап, жергілікті жерлердегі жағдаймен көзбе-көз танысып, бірқатар проблемаларды анықтады, түйінді мәселелер шешімін табу жолдарын қарастырды.

Мәртөк, Қарғалы аудандарында көктемгі егіс барысына назар аударылды. Қобда ауданында ауыларалық жолдардың құрылысына көңіл бөлінді. Ойылда ауылдық жерлерде халықты орнықтыру, ол үшін  жайлы өмір сүруге жағдай жасау мүмкіндіктері айтылды.Жеке тұрғындардың малына арналған жайылымдық жерді кеңейту, алқапты суландыру мәселесі сөз болды.

Мұғалжар ауданы бойынша елді мекендерді газ желісіне қосудың 3 жобасы іске асырылуда. Жыл соңына дейін Жарық және Қаракөл ауылдарына көгілдір отын тартылады. Бүгінгі таңда 18 елді мекен көгілдір отынмен, 14 елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған.

Шалқарлықтарды Ақтөбеге баратын жолдың жағдайы алаңдатады.Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары да көпшілік назарында.

Алға ауданында мал басы өскендігі байқалады. Аудан орталығы мен ауылдарда көшелерді асфальттау, аулаларды абаттандыру жұмыстарына көп көңіл бөлінуде.

Ырғыз ауданында облыс әкімі мердігерлердің жұмысы сапасын сынға алды, бірқатар құрылыс жұмыстарының ұзаққа созылып кеткені айтылды.

Ең бастысы, қай ауданда болмасын, әлеуметтік мәселелерді шешуге баса көңіл бөлінуде.

Цифрландыруға — кең жол

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Ақтөбеге арнайы келуі цифрландыру бағытындағы жүргізілген жұмыстарды саралап, алдағы бағыттарды айқындауға мүмкіндік берді.

Қазіргі уақытта облыста 322 ауыл және елді мекеннің 226-на мобильді байланыс орнатылған. Қалған 96 ауыл 2024 жылдың соңына дейін интернет игілігімен қамтылады деп күтілуде.

Министр «Ақылды қалалар» рейтингісінде Ақтөбенің 8-орында екенін айтты.

Сондай-ақ ол «Цифрландырудағы басты мақсаттардың бірі — жемқорлықтың алдын алу» екенін атап көрсетті.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне қарасты инновациялық технологиялар паркіқұрамына ғылыми-зерттеу орталығы, 6 ғылыми зертхана және 1 оқу зертханасы кіреді.Мұнда жас талаптар түрлі жаңашыл жобаларын жарыққа шығарады. Министр осы құрылымның цифрландыру ісіне үлкен үлес қоса алатындығына назар аударды.

Облыс экономикасына 933 миллиард теңге инвестиция тартылады

Биылғы төрт айдағы облысқа тартылған инвестиция көлемі 162,9 миллиард теңгені құрады, бұл жоспарланған көлемнен 8,2 пайызға артық. Аталған қаржыға 300 жұмыс орнын құрған сегіз жоба жүзеге асырылды — сүзбе мен нан-тоқаш өнімдерін шығаратын цехтың, сауда орталықтарының, мобильді спорттық-сауықтыру кешенінің және т.б. құрылысы басталды.

Жалпы 2021-2025 жылдар аралығындағы кезеңде облысқа 5,7 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр, соның ішінде 933 миллиард теңге осы жылдың үлесіне тимекші.

Биыл 30 инвестициялық жобаны жүзеге асыру есебінен 1100 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Пайдаланусыз жер мемлекетке қайтарылды

Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 500 мың гектардан 

астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, облыстағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің жалпы көлемі 26,5 миллион гектардан асады, оның ішінде жайылымдар—  24,8 миллион га. Ал айналымдағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі— 12,5 миллион га.

Келісімшарттарды мерзімінен бұрын тоқтату арқылы мемлекеттік жер қорына пайдаланылмай жатқан 524,8 мың гектар ауыл шаруашылығы жері, оның ішінде 39,2 мың гектар егістік жер қайтарылды. Мұндай жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары алда да жалғасын табады.Жерді ұтымды пайдаланылуды қамтамасыз ету күн тәртібіне ерекше қойылуда.

Қазіргі уақытта жайылымдық жерлер көлемін ұлғайту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Алақай» есігін қайта ашты

Бұрынғы құрылысшылардың мәдениет үйінде орналасқан «Алақай» қуыршақ театры ғимаратқа күрделі жөндеу аяқталғаннан кейін өз жұмысына кірісіп кетті. Бұл шаруаларды атқаруға облыстық бюджеттен 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген еді.

Енді көп ұзамай балғындар сахна төрінен сүйікті қуыршақтарының бейнелерін көретін болады.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ескі ғимаратына қоныс тепкен Ақтөбе қалалық орталық кітапханасы бұдан былай жаңа форматта жұмыс істейтін болады.

Кіітапхананың қорында қазір 100 мыңнан астам кітап жинақталған.

Баспасөзге жазылу жалғасуда

«Ақтөбе», «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» компаниясы шығармашылық тобы Мемлекет басшысының Жолдауын насихаттау және референдум мақсатын түсіндіру мақсатында Хромтау, Мәртөк және Алға аудандарында оқырмандарымен кездесіп қайтты.

Кездесу барысында белсенді оқырмандарға аталған өңірлерден шыққан тарихи тұлғалар Дербісәлі Беркімбаев, Қамбар Медетов, Есет Көкіұлы атындағы сыйлықтар тапсырылды.

Оқырмандар баспасөзге қатысты ой-пікірлерін жанашырлықпен ортаға салып, өздерінің оңды ұсыныстарын білдірді.

Облыстық газеттерге және журналға екінші жартыжылдыққа жазылу туралы әңгіме қозғалып, кездесуге қатысқандар өз қатарларының көбейе түсетіндігін айтты.

***

Ай соңында қала күні атап өтілді. Биыл — Ақтөбе шаһарының іргесі қаланғанына 153 жыл.

Қала тұрғындары екі жылғы тұмшалаудан кейін мереке лебін еркін сезінді.  

Әбілқайыр хан даңғылы бойымен бәйге аттарының шеруі ұйымдастырылды. Ипподромда аламан бәйге мен көкпар турнирі өтті. Жәрмеңке жаңғырығы жұртшылықты өзіне тартты. «Ақтөбе — алтын бесігім» атты мерекелік концерт көпшілік назарына ұсынылды. Осы шараларға аудандар да белсене қатысты.

…Тойдан кейінгі ой шаруаға ауысары анық. Маусымда көптеген жұмыстар күтіп тұрғаны мәлім. Сәті болғай!

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button