Жаңалықтар

Полиция қатары жас офицерлермен толықты

Биыл Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтын 120 курсант аяқтады. Дипломын қолына алған полиция лейтенанттары еліміздің аймақтық ішкі істер органдарында еңбек жолдарын бастамақ.

Түлектерге диплом табыстау салтанатты шарасы басталмас бұрын Кеңес Одағының Батыры М.Бөкенбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.

Салтанатты жиынға Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары А.Көпенов,  Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ғ.Байжанов, ішкі істер органының ардагері, институттың ардагерлер кеңесінің төрағасы В.Сюняков, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген түлектердің ата-аналары мен жақын туыстары қатысты.

Құрметті түлектер,бүгін сіздер елдің қауіпсіздігін күзетіп, тұрғындардың тыныш ұйқысын қамтамасыз ететін жауапты қызметке жолдама алып отырсыздар. Иықтарыңызға тағылған жұлдызшаларыңыздың өзі үлкен жауапкершілік жүктейді. Кеңес Одағының Батыры Малкеджар Бөкенбаев атындағы  оқу орнының атына кір келтірмей, Отанымыз үшін абыройлы қызмет ететіндеріңізге сенім білдіреміз,— деді түлектерді айтулы күнімен құттықтаған институт бастығы, полиция полковнигі А.Байсұлтанов.

Ал оқу орнын үздік аяқтаған түлек, жас офицер А.Сүндетқалиева барлық түлектер атынан институт басшылығына, білім мен тәртіпке баулыған профессорлық-оқытушылық құрамға шексіз алғысын жеткізді.

Дәстүр бойынша түлектер институттың жауынгерлік туымен қоштасты. Тәуелсіз елдің офицерлері бойын тік ұстап,сап құрап, салтанатты шерумен жүріп өтті. Ту ұстау құрметі институт мақтанышы, белсенді түлек, полиция лейтенанты Қанат Өмірзаққа бұйырды.

Салтанатты жиын соңында түлектер институт ауласына гүл, тал егіп,  өздерінің атынан ескерткіш тақта орнатты.

                                                                                                                                                                                          Алуа ЖЕТЕСОВА,

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімшесінің инспекторы. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button