Жаңалықтар

«АМАNAT» партиясы мобильді бригадаcы Ақтөбе облысының шалғай ауылдарына барды

Бүгін «АМАNAT» партиясы мобильді бригадаcы Ақтөбе облысының шалғайдағы Сағашилі, Шығырлы, Қаратал, Құрмансай, Дөң  ауылдарының тұрғындарын қабылдады.

Қабылдауға бір күнде 100 ден астам азамат келіп, өтініш тілектерін білдірді. Сондай-ақ тұрғындар Ата заңға енгізілетін өзгертулер мен толықтырулар туралы толық ақпарат алды.

Құрмансай ауылы тұрғындары негізінен ауылға газ және қосымша су құбырларын тарту, Мәртөк-Құрмансай трассасының құрылысын аяқтау, ауылішілік жолдарды жөндеу, балалар алаңын салу сияқты мәселелерді ортаға салды.

– Ауылымыздың жолы нашар. Қыста да, жазда да жол жүру қиын. Ауылға бұрылатын 25 шақырымға 1 сағат уақытымыз кетеді. Жақында облыс әкімі халықпен кездесіп, жол жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін бітетінін айтты. Тағы бір мәселеміз – газ. Қазір көмір, ағаш қымбат. Көгілдір отын тартылса, ауылға көшіп келушілер саны көбейер еді.  Бүгін «АМАNAT» партиясының мобильді бригадаcы қабылдап жатыр. Партияның қолдауымен жол салынады, газ келеді деген үмітіміз бар, – деді Жейілхан Бекназаров.

Ауыл әкімі Нұрпейіс Беккалиевтың айтуынша партияның Жол картасы аясында ауылды газдандыру жоспарланған. Келесі жылы жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, 2024 жылы ауылга көгілдір отын тартылады. Ал Мәртөк-Құрмансай жолының құрылысына қазір 340 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары осы айда басталды. Қыркүйек айына аяқтау жоспарланып отыр.

Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі консультанты Ардан Аралбайдың айтуынша, көшпелі мобильді топтардың мақсаты – жергілікті жерлердегі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың өтініштерін қабылдау.

Біз осыған дейін еліміздің 12 аймағын қамтыдық. Әсіресе, партияның облыстық, аудандық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аударып отырмыз. Мұндай сапарлар ауылдық жерлердегі көкейтесті мәселелердің шешімін табуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Айта кету керек, мобильді қабылдау осыған дейін Ақтөбе облысындағы 20 ауылда өтті. Оған партия фракциясының мүшелері, өңірлік филиалдардан Бюро мен Саяси кеңес мүшелері, қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдардың өкілдері және т.б. қатысуда. Жыл аяғына дейін 50 ауылды қамту көзделген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button